Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Зағип жандар қолынан шыққан бір қаптама дизайны мен көлеміне қарай 5–25 теңге арасында бағаланады. Сапалы қағаздан жасалған сәнді крафт-орауыштарды көбіне Ақтөбедегі сыйлық дүкендері, ойын-сауық өткізуге маманданған шағын орталықтар сатып алады. Бір-біріне ұқсамайтын дизайны бар қағаз пакеттер тағам өнімдері мен басқа да тұрмыстық заттарды салуға, сыйлық орауға және автополиктерге лайықталған. Қағаздарды орауыш пішініне келтіруге өндірісте ұн мен крахмалдан жасалынған желім қолданылады. Крафт-орауыштар адамға жағымсыз әсер тудырмайды әрі оның ең басты артықшылығы – бірнеше рет қайта өңдеуге болады.
Бас кеңсесі Алматыда орналасқан Қазақ зағиптар қоғамы еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан, өңірлердегі оқу-комбинаттарын сақтап қалды. Ақтөбедегі оқу комбинаты да жұмыс көлемі болмай, тапсырыс түспегендіктен біраз жыл қаңырап бос тұрды. Филиал директоры өзі жүгіріп, әр жерден тапсырыс алып, шеберхананың жабылуына жол берген жоқ. Комбинат тігін цехының арқасында жабылған жоқ деп айтуға болады. Цех тігіншілері мемлекеттік-қазынашылық кәсіпорындарға төсек жаймасын, дәрігер халатын, қолғаптар тікті.
Тепсе темір үзетін ер азаматтар жұмыс таба алмай жатқан шақта, денсаулығында кінәраты бар жандарға нарыққа бейімделу оңайға түспеді. Адамдарымыз қатты қиналды. Көбінің бала-шағасы бар. Зағип жандар ауыр затты көтере алмайды, көлік жүргізе алмайды, тек бір орында отырып жұмыс істейді. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы көмегімен қағаз пакеттер шығару ісін бес жыл бұрын бастадық. Әлеуметтік кәсіпкерлікке жататын осы жобамыздың басты мақсаты – мүгедектерді жұмыспен қамту, отандық тауар өндірушіні қолдау, қоршаған ортаны ластамайтын өнім шығару. Мемлекеттен грант алған соң асықпай сыртқы нарықты зерттедік. Шетелден сапалы қағаздар алдырдық, өнімді түрлі дизайнмен өрнектейтін құрал-жабдықтар сатып алдық. Сөйтіп, бірте-бірте аяққа тұрдық. Біздің серіктестік шығарған барлық өнімде сапа менеджменті және экологиялық қауіпсіздік сертификаты бар», дейді «Қазақ зағиптар қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры Дәметкен Жолмағамбетова.
Кәсіпорынның пластик пакет орнына қағаз пакет өндірісін қолға алу себебі – әлемде жүріп жатқан полиэтиленнен жасалған қаптама, орауыштардан бас тарту, экоқаптамаларға көшу үрдісі.
Егер бір пластик пакет немесе бір пластик құтының ыдырауына 100 жылдан ұзақ уақыт кететінін ескерсек, жер бетін адамдардың қаншалықты деңгейде ластағанын топшылауға болады. Адамдар экологиялық сапалы материалдан жасалған орауыштарды, қатты материалдан тігілген сөмкелерді қолдану мәдениетіне көшкені жөн. Біз тұтынушыға эко-қаптаманы ұсыну арқылы қоршаған ортаға шама-шарқымызша қамқорлық жасаймыз», дейді Дәметкен Жолмағамбетова.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта барлық сауда желісінде сатып алушыларға пластиктің орнына қағаз пакеттер ұсынылады деп үміттенеді. Қоршаған ортаны бүлдірмейтін, ең көп қолданылатын, бағасы арзан өнімдерді шығаратын кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау артып, сырттан әкелінетін пластиктерге шектеу қойылса, отандық өндірістің осы бір түрі аяққа тез тұрады деген сенім бар.
Ақтөбе облысы