Фото: ulysmedia.kz
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов журналистермен кездесуде теңге өзінің бастапқы қалпына оралатынын, уайымдауға себеп жоғын айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдың қорытындысында экономикамыз 5,1 пайызға өскен. Ұлттық қордың трансферті теңгенің 3,5 пайызға күш алуына ықпал еткен. Бес айдың ішінде трансферттік лимиттің 70 пайызы сатылып, ай сайын 850 млн айналымға шығып отырған. Мұның бәрі де теңгемізге қосымша дем берді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Зарина Скрипченконың айтуынша, валюта бағамының әлсіреуі ішкі нарықтағы кейбір қатысушылардың шетел валютасын ірі көлемде сатып алуымен, ақша-несие саясатын жұмсарту аясында шетелдік және отандық инвесторлардың теңгедегі активтерден шығуымен байланысты болуы мүмкін. Себебі ішкі нарықта теңгенің әлсіреп кетуіне жол беріп тұрған себеп жоқ. Ұлттық банк мәліметі бойынша осы тоқсанда сыртқы қарызды өтеу және қызмет көрсету бойынша төлемдер 6,5 млрд долларды құрайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңдегі төлемдерінен 19,4 пайызға төмен. Сарапшы айтып өткендей, ендігі кезекті теңгенің құнсыздануын тоқтататын факторларды сырттан емес, іштен іздеу керек. Ұлттық қор арқылы теңге бағамын ойнатып отырудың мүмкіндігі шектеліп қалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл ретте қор нарығының мүмкіндігіне назар аударған тиімді. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» акциялары ел нарығында шетел валютасында да, теңгеге де ұсынысты арттыруға ықпал ете алады.
«2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңартылған болжамында осы жылғы долларға қатысты теңгенің орташа бағамы 450 деп көрсетілген. Ал қауымдастық маусым айындағы сауалнамасында теңге мен доллар жұбының бағамы бір долларға 450,4 теңге болады деп болжаған. Ішкі жағдай бұл болжамға бағынбай, қызыл сызықтан аттап кеткенін көрсетіп тұр. Базалық мөлшерлеменің жоғарылауы теңге активтерін тартымды етеді», дейді Зарина Скрипченко.
«DAMU Capital Management» бас директоры Мұрат Қастаевтың түсіндіруінше, теңгенің әлсіреуінің объективті себептері бар.
«Ұлттық банктің шетел валютасын сату көлемін қысқартуы маңызды. Дәл қазір долларды айналымға шығару долларға деген сұранысты арттырып, теңгенің жағдайын одан сайын төмендетіп жібереді. Мысалы, Ұлттық банк маусым айында 100 млн долларды айналымға шығарды, ал мамыр айында бұл көрсеткіш 300 млн доллар болатын. Сәуір айында 1-1,1 млрд доллар сатылған. Ұлттық банктің теңгені тым қатты өбектеп кетуі оның нарықта күш алып кетуіне себеп болды. Бізге жасанды жолмен ғана жалын күдірейтетін теңге емес, нарық заңы бойынша күш алған теңге керек», дейді ол.
Сарапшы Расул Рысмамбетовтің баяндауынша, доллар үшін қазір 465 теңге деңгейі – қолайлы баға.
«Дәл қазіргі жағдайды нарықтық баға деуге де болады. Сыртқы жағдайда күрт өзгеріс болмаса, теңге бағамы бір доллар үшін 470-тен түспейді. Жыл аяғына дейін осы бағаны сақтаудың өзі бізге күш болайын деп тұр. Доллар бағамы өседі деген дақпырт теңге бағамының құнсыздануына әсер етіп жатыр. Алдағы жағдай Ұлттық банктің жаңа валюталық инфрақұрылымды қалыптастыру туралы жоспарына қарап анықталады. Экономикамыз шикізатқа тәуелді. Әртараптандыру басталғанымен кемі 2029 жылға дейін тәуелділік сақталады. Сыртқы күйзелістерге тәуелділікті азайту үшін көп жұмыс қажет. Теңгеге мұнай немесе Ұлттық қор трансферті арқылы дем беретін кездер артта қалды. Қоғам доллардың ендігі жағдайы қандай болады, ол қандай платформаларда сатылады деген сұрақтарға жауап күтеді», дейді сарапшы.