С тобындағы 3-тур тартысында гол соғылмады. Дания мен Сербия құрамалары арасындағы матчты басымдықпен өткерген дат футболшылары сербтердің қорғанысын бұза алмады. Допқа иелік етуде, стандартты (бұрыштама) шабуылдарда да Дания құрамасы басым тұрғанымен, жеңісті жұлып әкете алмай, 0:0 нәтижесін місе тұтты.
Бұл топтағы кезекті ойын Англия мен Словения арасында өрбіген. Хәрри Кейн бастаған Англия құрамасы гол соға алмады. Топтық кезеңнің соңғы матчынан маңызды 1 ұпайды еншілеген Словения құрамасы да тарихи қадам жасады. Бұл топтан Англия құрамасы 5 ұпай жинап көш басына шықса, Дания құрамасы 3 ұпаймен плей-офф кезеңіне өтті. 3 ұпай еншілеген Словения құрамасы да топтан шығып отыр. Дания мен Словения құрамалары топтық кезеңде өткізген үш матчта жеңілген де, жеңген де жоқ, тең тарқасып, әр ойыннан 1 ұпай олжалаумен-ақ плей-оффқа өтіп алды.
Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне осымен екінші рет ат байлаған Словения топтық кезеңге алғаш рет шығып отыр. 2018 жылдан бері Словения ұлттық құрамасын баптап келе жатқан Матяж Кек тарихи нәтижені еншісіне жазғанына қуанышты екенін аңғартты. «Жігіттерге сөз жоқ, керемет ойын өрнегін көрсетті. Словения шағын ғана мемлекет болса да, спортта, әсіресе футболда алпауыт екенімізді тағы бір көрсеттік. Құраманың топтық кезеңнен өтетініне сенім артқандардың қатары тым селдір еді, біз олардың күмәнін күл талқан еттік. Жігіттер Еуропа чемпионатына текке келмегенін дәлелдеді. Шәкірттерім тартысты ойыны арқылы Словения футболының келешегі қандай екенін айқындай түсті», деді Матяж Кек.
D тобындағы соңғы ойында Франция мен Польша құрамалары кездесті. Топтық кезеңдегі екі матчта жеңіліс тауып, Еуропа чемпионатын ерте аяқтаған поляк футболшыларының Франция құрамасымен тең ойнауы (1:1) біраз жайтты аңғартқандай. Килиан Мбаппенің 56-минутта пенальтиден соққан голына 79-минутта Роберт Левандовский пенальтиден гол тоғыту арқылы қарымта қайтарып, маңызды 1 ұпай еншілегенімен, 2008 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тұрақты қатысып келе жатқан Польша құрамасы еліне қайтты. Өзінің соңғы Еуропа чемпионатына қатысқан Роберт Левандовский құраманың өскендігін, азулы Франция футболшыларымен тең ойын көрсеткеніне көңілі толатынын жеткізді. «Біз қандай таңдаулы құрамаға қарсы ойнасақ та атағынан ықпайтынымызды көрсеттік, жігіттер мінез танытып ойнады. Осы тең нәтижені бағалай білуіміз керек», деді Польша құрамасының капитаны.
Бұл топтан Аустрия ұлттық құрамасы көш бастап плей-офф кезеңіне өтті. 3-тур матчында Нидерланд құрамасына қарсы алаңға шығып, 2:3 есебімен еңсеріп кетті. 6-минутта Дониэлл Мален автогол соғып, аустриялықтар алға шықты. 47-минутта Коди Гакпо нәтижені теңестірген. 59-минутта Романо Шмид еншісіне гол жазып, құрамасын алға шығарған. Тәжірибелі Мемфис Депай 75-минутта командасын жеңілістен құтқарғанымен, 80-минутта Марсель Забитцер жеңіс голын соқты. 2008 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне төрт рет қатысқан Аустрия ұлттық құрамасы төрт жыл бұрын құрлық додасының 8/1 финалына дейін жеткен болатын.
Селфидің салқыны: УЕФА күзетті күшейтпек
УЕФА Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында тәртіпті күшейтуді мықтап қолға алды. Оған Португалия, Түркия арасындағы тартыс себеп болып отыр. Мұның алдында Грузия мен Түркия жанкүйерлерінің жаға жыртысына аса алаңдай қоймаған Еуропа футбол ассоциациясы одағы (УЕФА) әйгілі Роналдумен суретке түсуге ұмтылған жанкүйерлердің әрекетінен кейін ғана қозғалды. Түркия мен Португалия құрамалары арасындағы тартыста алаңға бір емес, алты жанкүйер жүгіріп шығып, Роналдумен суретке түсуге ұмтылған еді. Матчтың мазасын қашырып, шырқын бұзған келеңсіздіктен кейін қауіпсіздік шарасы күшейтілетін болды. УЕФА басшылығы футболшылардың стадионда, алаңда ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де қауіпсіздігі зор жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасының биылғы құрлық додасындағы матчы Германияның қауіпсіздікке жауапты қызметкерлеріне қосымша жұмыс тауып берді.