Фото: aikyn.kz
Мемлекет басшысы «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі үдерістерге қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде ұлттық стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеу кезінде орнықты даму қағидаттарының маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді.
ОДМ-ға қол жеткізу мәселелеріне арналған материалдар жинағы – талдаушылар мен менторлардың «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының оқыту курсы аясындағы топтық жұмысының қорытындысы. Оның нәтижелері орталық және өңірлік деңгейлерде назарға алынады. Жинақта талқыланған мақсаттар кедейлікті жою, денсаулық сақтау мен білім деңгейін арттыру, су сапасын жақсарту және экономикалық өсу мәселелеріне қатысты екенін атап өткен жөн.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Үкіметпен, азаматтық қоғамдастықпен және сарапшылармен бірге Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарымен белсенді байланыс орнаттық. Осы тұрғыдан келгенде, Талдау мектебінің тақырыбы аталған бағытпен үндес екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта жарық көріп отырған жинақ мүдделі мемлекеттік органдарға, талдау орталықтарына және университеттерге жіберіледі», деген Палата спикері Мәулен Әшімбаев қатысушыларға жобаның идеясын қолдағандары үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар сарапшылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия аясында орнықты дамудың қалған мақсаттары бойынша да жобалар әзірлеу және бірлесіп жұмыс істеу бағытындағы бастамаларды талқылады.
Жинақты таныстыру барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, экономист Алмас Чукин, медиа-менеджер Эльмар Муртазаев және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, ұсыныстарын білдірді.
«Taldau talks» диалог алаңының алғашқы отырысы биыл наурыз айында өтті. Ол кезде іс-шараға арнайы шақырылған спикер Орталық Азия тақырыбы бойынша белгілі америлық маман Фредерик Старр сөз сөйлеген еді.