
Елімізде кейінгі жылдары интернет-платформа ұсынатын бейне, аудио, жазба контентін пайдаланушылардың саны күрт өскен. Аудитория дәстүрлі медиаға қарағанда гаджеттерге телміртетін медиа өнімдерін қарауға құмар екені рас. Алайда осы тенденциядан кейін телевизия, радио, газеттер оларға жол бермеу амалдарын іздеді. Мәселен, Ұлттық медиа қауымдастығының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 2019 жылы халықтың 53 пайызы тұрақты түрде теледидар көрсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 47 пайызды құраған. Сонымен қатар 2019 жылы көрермен күніне 107 минутын теледидар алдында өткізетін болса, 2021 жылы бұл уақыт 88 минутқа дейін қысқарған. Ұлттық медиа қауымдастығы зерттеуді 100 мыңнан астам халқы бар елдің 22 қаласында жүргізген.
Ал 2023 жылы аталған мекеменің зерттеу нәтижесі тұрғындардың күніне 187 минут уақытын теледидар көруге арнайтынын көрсетті. Көршілес елдердің статистикасын қарасақ, Өзбекстан халқы күніне – 185, Ресей 4 сағат қана теледидар көреді. Сонымен қатар кейінгі екі жылда Қазақстанда 17 жасқа дейінгі телекөрермендердің саны айтарлықтай артқан. Мамандар мұны телеарналарда өндірілетін өнімдер сапасының жоғарылауымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар халыққа сапалы контент ұсыну маңызды. Мысалы, ұлттық арна басшылығының мәліметінше, әсіресе COVID-19 пандемиясы мен қаңтар оқиғасы кезінде халық дұрыс мәлімет беретін ақпарат көздеріне ғана сенгенін айтады. Осы кезде ұлттық арна жаңалықтарын көрушілердің саны 13 млн-ға жеткен. Сонымен қатар ұлттық арнаның тікелей эфирдегі хабарлары 75%-ды құрайды. «Көрерменнің қоңырау шалып, сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіруге мүмкіндігі бар. Ал халықпен байланыс орнатудың бірден-бір жолы тікелей эфир екені белгілі. Осылайша, телевидение көрерменін сақтап қалды», дейді сала мамандары.
Баспасөздің де тиражы азайды. Қызметін қауырт бастаған кей газеттер қағаз нұсқасын тоқтатып, электронды форматқа көшті. Мұндай дағдарыс елімізге ғана емес, әлемдік БАҚ-қа да төнген «қауіп» болды. «Аялдамада, метрода адамдардың көбі отыра қалып газет, кітап оқиды екен», деп таңғалып жүрген АҚШ, Еуропада да баспасөздің қағаз нұсқасының саны қысқарды, веб-сайттары ғана жұмыс істеді. Бірақ газеттердің қатары азайғанымен оқырманын жоғалтып алған жоқ. Мәселен, әлемге танымал 173 жылдық (1851 жылдың 18 қыркүйегінен бастап жарыққа шықты) тарихы бар күнделікті «New York Times» газеті АҚШ-та тиражы жағынан «The Wall Street Journal» журналынан кейінгі екінші басылым. Күнделікті саны – 571 500, жексенбілік саны – 1 087 500 данамен шығады. Сондай-ақ газеттің веб-сайты – 30 000 000 қаралымға дейін барады.
Баспасөздің беделі ешқашан түскен емес, өйткені газет сенсациядан аулақ, жарияланған материалдардың дұрыстығына, шындығына әр кезде жауап бере алады. Редакция елде және шетелде болып жатқан барлық оқиғалар туралы ақпаратты жариялауға және оларға ашық пікір білдіруге тырысады. Газеттің ұраны – «Барлық жаңалық басылым бетіне шығуға лайық» (All the News That’s Fit to Print). «New York Times» журналистік еңбектің ең жоғары бағасы болып саналатын 117 Пулитцер сыйлығын жеңіп алды, осы санымен көш бастап тұр. Аталған сыйлық түрлі санаттағы журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. «New York Times»-тің қызметкері болу – кез келген америкалық журналистің арманы.
«New York Times» – жай ғана газет емес, басылымдар жиынтығы десе де болады. Онда елдің ішкі және халықаралық ақпараттық жолақтарымен бірге іскерлік, қаржы туралы күнделікті және апта сайынғы репортаждар, сыни пікірлер жарияланады. Газетте «Қалалық репортаж», «Іскерлік күн», «Ғылым», «Бір аптадағы әлем» секілді айдарлар күнделікті шығады. Газет үш негізгі бағыт бойынша топтасады: «Жаңалықтар», «Пікірлер» және «Фичерс».
Гонконг тұрғындары болса газет оқымай өмір сүре алмайтындар қатарында, алайда пандемия және цифрлық платформалардың жылдам өсуі электронды газеттердің айтарлықтай өсуіне әкелді. Мәселен, 2010 жылы баспа газеттері нарықтың шамамен 71,5 пайызын, веб-нұсқаның 28,5 пайызын иеленді. Ал 2019 жылға дейін бұл көрсеткіш 40% (баспа нұсқасы), 25,3% (веб-нұсқа) және 34,7% (мобильді нұсқа) болып өзгерді. Мұндай түбегейлі өзгеріс баспа газеттерінің енді жаңалықтар жаршысы емес екендігін білдірді. Жиырма пайыз газет веб-нұсқаға ауысты. Алайда «South China Morning Post» атты ағылшын тіліндегі газет қандай жағдай болмасын оқырманын сақтап қалды, тіпті олардың саны артты. Себебі газет жарыққа шыққаннан бастап халықтың сеніміне кіре білді. Біз білетіндей, газетке деген сенім – оқырман үшін маңызды, шешуші фактор. Барлық баспасөздің арасында «South China Morning Post» және «Ming Pao daily» ұзақ уақыт бойы Гонконгтағы ең көп оқылатын және табысы ең көп газеттің қатарында. Сонымен қатар «Headline daily» және «Standard» сынды ағылшын тіліндегі тегін газеттер халықтың сұранысына ие.
Дағдарыс кезінде оқырманын сақтап қалудың жолдарын қарастырып, жазылым арқылы кірісін еселеп отырған Ұлыбританияның беделді газеттерінің бірі – «The Guardian».
«Ұлыбританиядағы ұлттық газеттердің 12 пайызы жыл сайын құрылымдық құлдырауға ұшырайды. Соған қарамастан біз газетке жазылуды тұрақты деңгейде ұстап отырмыз», деді «The Guardian» басылымының директоры Милен Сильвестр Кочиде өткен Wan-ifra Үнді баспа саммитінде.
Ұлыбританиядағы жалпыұлттық газеттер күніне шамамен 3 миллион данамен шығады, «The Guardian» жылдық кірістің 25 пайызын құрайды. Милен Сильвестрдің айтуынша, электронды басылымдардан түскен табыс 33 пайызды құрайды. Ал газеттің баспа нұсқасының ай сайынғы аудиториясы 3,1 миллион адам. «Press Gazette» мәліметтері бойынша, «The Guardian» – Ұлыбританиядағы ең көп оқылатын жаңалықтар бренді, кросс-платформа, орташа есеппен айына 22,4 миллион оқырман жинайды. Өсу көрсеткішін арттыру үшін «The Guardian» соңғы бірнеше жылда өршіл стратегия жасады. Журналистік зерттеу, климаттық дағдарыс туралы тақырыптарды көп қозғауға тырысты. Жаһанды қамтуға назар аударды.
Баспа басылымдарына жазылу әрине, тираж санын тұрақтандыруға көмектеседі. Алайда Сильвестрдің айтуынша, баспа басылымдарын газет дүңгіршектеріндегі сатылымдардың мүмкіндігінше көп бөлігін жазылымға айналдыру арқылы абоненттік базаны кеңейтуге баса назар аударылады.
«Жазылым бізге кейінгі бірнеше жылда тираж санын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл бізге кірістерімізді бір қалыпқа түсіруге және сатылмаған тауарлардың санын азайтуға жағдай жасады. Біз, әрине, баспа нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңа өнімдерге инвестиция салдық», дейді ол. Қысқаша айтқанда, «The Guardian» баспа басылымдарына жазылушылар санын көбейтуге, жаңалықтарды бүкіл ел бойынша оқырманға бірінші болып жеткізуді кеңейтуге, газеттің баспа нұсқасын шығарудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге ден қойды.
«The Guardian» басшысының айтуынша, кейінгі 15 жылда Ұлыбританияда газеттердің таралымы жыл сайын 15 пайызға қысқарды. Бірақ газет бірегей «Berliner» форматынан кең таралған таблоидтық форматқа көшу арқылы бұл құлдырауды ішінара жеңілдете алды. Бұл әдіс таралымды арттырды, газеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етті. Газетке сенімді баға стратегиясын жасады.
Цифрландыру дәуірі дамып, одан соң бүкіләлемдік пандемия келіп, классикалық журналистиканың өркендеуіне біраз кедергі келтірді. Алайда әлемдегі беделді басылымдардың мысалынан көріп отырғанымыздай, оқырман, көрермен, тыңдарманға ең қажеті – сенім. Аудиторияның сенген газеті де, теледидары да, радиосы да қандай дағдарыс болмасын сұранысқа ие болып қала береді. Әсіресе газеттер қай уақытта да өлмек емес. Өйткені цифрлық газеттің нұсқасы нағыз газеттің әсерін оқырманға жеткізе алмайды. Жалпы, классиканың ерекшелігі де осында, ешқашан жоғалып кетпейді.