F тобындағы 3-тур ойындарында сенсациялық нәтиже тіркелді. Айды аспанға шығарған Грузия құрамасы азуы алты қарыс, әлемнің үздік ойыншысы, аңыз футболшы Криштиану Роналду бастап шыққан Португалия ұлттық құрамасын 2:0 есебімен есеңгірете ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жауырынға қарап сәуегейлік танытқандар бұл топта Грузия құрамасын аутсайдер санап, күні бұрын саптан шығарып та тастаған еді. Түркия құрамасынан 3:1 есебімен ұтылғанда, Чехия футболшыларымен 1:1 ойнап, 1 ұпай олжалағанда да грузиндер топтан шығады дегенге аса сенім орнай қойған жоқ. Десе де осы елдің ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына 2021 жылы тағайындалған француз маманы Вилли Саньолдің еңбегі мақтауға тұрарлық-ақ. Тегеурінді құраманың қаһарынан ықпай, керісінше жалын жығудың жолын көрсетті. 2-минутта Хвича Кварацхелия Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі алғашқы голын соғып, құрамасын алға шығарды. 57-минутта пенальтиден есепті еселей түскен Жорж Микаутадзе еншісіне үшінші голын жазып, осы құрлық додасында мергендер көшін бастады.
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду бұған дейін Еуропа чемпионатының финалдық ойындарына 5 мәрте қатысып, барлық доданың топтық кезеңінде гол соққан болатын. Ал биылғы аламанда сақа ойыншының шау тарта бастағаны айқын байқалды. Роналду топтық кезеңдегі үш матчта да гол тоғыта алмады. Бұл топтағы соңғы ойынды өткізген Чехия құрамасы Түркия футболшыларына 1:2 есебімен есе жіберді.
Е тобының топтық кезеңдегі ойындарынан кейінгі түзілген статистикасы қызық. 3 тур ойындарында тең нәтиже тіркелді. Украина мен Бельгия құрамасы арасындағы матчта есеп ашылған жоқ. Ал Словакия мен Румыния құрамалары арасындағы тартыста 1:1 есебі тіркелді. Дуда 24-минутта есеп ашқанымен, 37-минутта Марин пенальтиден таразы басын теңестірді. Топтық кезеңдегі үш матчтан кейін төрт құрама да 4 ұпайдан жинады. Тек гол айырмасының арқасында Румыния, Бельгия, Словакия құрамалары плей-офф кезеңіне өтті.
Енді 6 топтан үздік шыққан 16 құрама 8/1 финалдық тартысын бастайды. Ертең Швейцария құрамасы 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы Италия құрамасына қарсы ойнайды. Төрт жыл бұрын Швейцария мен Италия құрамалары бір топқа түсіп, плей-оффқа өтті. Тіпті 8/1 финалда Швейцария құрамасы азулы Франция футболшыларымен 90 минут бойы тең ойнап (есеп 3:3) пенальти сериясында жеңісті жұлып алған болатын. Алайда ширек финалда Испания құрамасымен негізгі уақытта 1:1 нәтижесімен тартысып, пенальтиден 1:3 есебімен жол берген болатын. Биыл сол биігінен асу үшін алдымен Италия футболшыларын тоқтатуға тиіс. Бұған дейін қос құрама өзара 16 мәрте жолы түйісіп, 8 рет Италия футболшылары жеңсе, швейцариялықтардың 3 матчта мерейі үстем түскен. 8 ойында тең нәтиже тіркелді.
30 маусымда Германия Дания құрамасын қабылдайды. 1992 жылы Швецияда өткен Еуропа чемпионатының финалына осы екі құрама шығып, дат футболшылары 2:0 есебімен жеңген болатын. Одан кейін 2012 жыл өткен құрлық додасында қос құрама В тобына түсті.
Плей-офф кезеңінің қалған ойындары мынадай:
Испания (1В) — Грузия (3F)
Германия (1А) — Дания (2С)
Португалия (1F) — Словения (3C)
Франция (2D) — Бельгия (2Е)
Румыния (1Е) — Нидерланды (3D)
Аустрия (1D) — Түркия (2F)
Англия (1C) — Словакия (3Е)
Швейцария (2А) — Италия (2В)