Жобаның көздеген мақсаты – балалардың жан-жақты дамуына, Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларымен танысуына мүмкіндік туғызу. Саяхат барысында балалар бірқатар қалаларды аралап қана қоймай, тәлімгерлер оларды табиғат пен қоршаған ортаны аялауға бағытталған экологиялық әдеттерге баулитын болады.
Биыл жобаға 10 мен 15 жас аралығында 400 бала қатысады.
«Самұрық-Қазына» АҚ қаржыландыратын танымдық-туристік пойыз алтыншы мәрте жолға шығып отыр. Әлеуметтік жоба бұған дейін 5 жылдың ішінде 3 мыңға жуық баланы қамтып үлгерді.
«Қымбатты балалар, сіздерді алда қызықты саяхат сапары күтіп тұр. Еліміздің көрікті жерлерін аралап, мәдени-тарихи мұралармен танысасыңдар. «Самұрық-Қазына» әрқашан балаларға қолдау көрсетуге дайын. Сіздер сапалы білім алып, жан-жақты даму үшін біз барлық жағдайды жасаймыз», деді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
Жобаға табиғи апаттан зардап шеккен өңірлердегі және Қор компаниялар тобының шалғай жерлерде орналасқан кәсіпорындарында жұмыс істейтін өндірістік қызметкерлердің балалары шақырылды.
Жалпы, бұған дейін «Самұрық-Қазына» тобы тасқын салдарын жою жұмыстарына 22 млрд теңгеден астам қаражат бөлген болатын.
Сапар алдында «Самұрық-Қазына» қоры «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында балаларға экологиялық мәдениетті қалыптастыру туралы шеберлік сабақтарын өткізді. Мәселен, қоқыстарды пойызда немесе табиғат аясында қалдырмай, керісінше оларды сұрыптап, әрі қарай кәдеге жарату жәшіктеріне салуға үндеді.
Тағы бір айта кетерлігі, мектеп оқушылары жол бойы тәлімгер-педагогтердің жетекшілігімен түрлі үйірмеге, зияткерлік және спорттық ойындарға қатысады.