Алматының тауларындағы туристік орындарды дамытуды көздейтін бұл бастамаға С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың өзі мұрындық болып, Дәрігерлер шыңына салмағы ондаған кило болатын орындықты жеткізу үшін алты шақырымнан астам жолды жүріп өтті. Орындыққа ҚазҰМУ тұңғыш ректоры Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толуына арналған тақтайша ілінген.
«Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлетіндіктен, қызметкерлерімізбен бірге студенттер де Дәрігерлер шыңына шықты. ҚазҰМУ мемориалдық орындығы осы шыңды алғаш бағындырған университет түлектеріне құрмет белгісі ретінде қалғанын қалаймыз. Тауға ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бері медицина саласында қызмет етіп жүрген байырғы және болашақ дәрігерлер келді. Туристерге арналған орындықтар орнату челленджі жалғасын тапқанын тілейміз», дейді ҚазҰМУ ректоры.
Ал Алматы тауларындағы Дәрігерлер шыңы Горельник жотасының ортасында, Горельник шатқалы мен Кіші Алматы шатқалының су айрығында, Мыңжылқы шыңының солтүстігінде орналасқан. Бұл шың өз атауын өткен ғасырдың 60-жылдары, бұрынғы Алматы мемлекеттік медицина институтының альпинистер секциясының студенттері бағындырғаннан кейін иемденгенін еске сала кетуге болады.
Дәрігерлер шыңына Шымбұлақтан бірнеше шақырым жаяу жүріп отырып, жетуге болады. Жолай Приборная мен Мыңжылкы шыңдарын бағындыруға болады. Осы шыңның жотасынан Титов көлінің ғажайып көрінісіне куә бола аласыз. Жаз мезгілінде аталған шыңның айналасынан туристердің аяғы үзілмейді, қыста шаңғы тебуге келеді. Титов мұздық көлдері – Іле Алатауының ең көрікті жерлерінің бірі болса, жыл, тәулік мезгілдеріне байланысты сұлулығы құбылып отырады. Дәрігерлер шыңына баратын жолда Горельник сарқырамаларына соға кетуге болады.
Осылайша, 94 жыл бойы отандық медицинаның майталмандарын даярлап келе жатқан Ұлттық медициналық университетінен 100 мыңдай дәрігер түлеп ұшқан екен. Қазіргі таңда университетте 15 553 студент білім алып жатса, оның ішінде 33 елден келген 2 879 шетелдік студент бар. Педагогикалық ұжым 1292 маманнан тұрады. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 99,3 пайызды құрайды.
АЛМАТЫ