Түркістан облысына сапармен келген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Арыстанбаб кесенесі маңындағы «Отырар» орталығы мен музейін көпшілікке арналған нысанға айналдыру қажеттігін де айтқан болатын. Иә, ел тарихын білудегі басты мақсат – өткеннен тағылым алу. Осы орайда еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді білу – тарих алдындағы міндетіміз. Өйткені бүгінгі кемелдіктің өткен күндер жөргегінде өсіп-жетілетіні, тарихтағы кез келген мәдени өрлеудің өткенмен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Отырар өңірі мәдени ескерткіштерге өте бай. Мұндағы көне мұралар 200-ден асады. Ескерткіштер археологиялық, сәулеттік, этнографиялық болып бөлінеді. Бұл жылжымайтын тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы мемлекеттік мекемесіне жүктелген. Қорық-музейде ескерткіштердің кездейсоқ не қасақана бұзылуының алдын алу үшін 13 ауылдық округке қорықшылар бөлінген. Олардың негізгі міндеті өздеріне бекітіп берілген аумақтағы тарихи-мәдени мұралардың сақталуын қадағалау, округ басшылығымен және жер инспекторларымен үнемі тығыз байланыста болу. Сонымен қатар ескерткіштерге жақын орналасқан шаруашылық иелеріне тарихи-мәдени мұралардың бүлінбеуі жөнінде түсінік жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру.
Ұстаздар мектептерде өтетін тәрбие сабақтарында ескерткіштер елдің, бүтін бір халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап отырса, жас ұрпақ та өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды азаматтар болып өсер еді. Ал қазіргі кезде туризмнің өте қарқынды дамуына байланысты кез келген тарихи-мәдени ескерткіштер арқылы біз елімізді бүкіл дүние жүзіне танытуға мүмкіндік аламыз.
Азат ТҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері
Түркістан облысы,
Отырар ауданы
Мемлекеттік тіл – рухани негізіміз
Мемлекеттік тілді білуге, қастерлеуге деген талап күн санап жоғарылып келеді. Сот судьялары мен қызметкерлері тілдерді дамыту басқармасында мемлекеттік тілді жүйелі түрде оқып-үйреніп, оны әрі қарайғы қызметтерінде кеңінен қолданудың мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өйткені мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуде өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетуге тиіс.
Ата Заңымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тілдер туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген. Ал соттардың іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруіне жоғарыда аталған заң талаптарын орындауға бағытталған жұмыстар өз септігін тигізіп отыр.
Жоғарғы Сот шешімімен аудандық және оған теңестірілген соттарда құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жоспарына сәйкес мақсатты іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Мәселен, қазіргі кезде соттың шығыс құжаттары, ілеспе хаттар, ішкі қызмет құжаттары, барлық жұмыс жоспарлары, ұйымдастырылатын іс-шаралар мемлекеттік тілге көшірілген.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оның қолданылу аясын барлық салада барынша кеңейтуге күш салып қана қоймай, осы жолда аянбай тер төгу. Міне, сонда ғана алдымызға қойған мақсат үдесінен шыға аламыз.
Жандос ЕСЕНОВ,
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінің басшысы
ОРАЛ