11 Маусым, 2015

Бас прокурордың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

262 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
11-06-2015-prokuror 02АСТАНА. 11 маусым. Бүгін Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Онда жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды тергеу, ашу, жаза тағайындау мен өтеу заңдылығының мәселелері, сондай-ақ, олардың профилактикасы мен сақтандыру ісі бойынша уәкілетті органдар қабылдап отырған шаралар талқыланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Отырысқа Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, Бас прокуратураның жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Бас прокурор атап көрсеткендей, соңғы уақытта жыныстық зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жиілеп кетуі талқылынып отырған тақырыптың өзектілігін арттырып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде осы саладағы тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен (2010 жылғы 1885-тен 2014 жылы 3623-ке дейін). Осы бір келеңсіз көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша да сақталып отыр. Бұл тұрғыда әсіресе сәбилерге жасалып жатқан ауыр қиянаттың артуы айрықша алаңдаушылық тудыруда. Әртүрлі жастағы балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлер бүгінгі таңда өткір мәселеге айналып, ауқымды сипатқа ие болуда. 2010 жылы – 491 сәби, ал 2014 жылы 943 сәби түрлі қаныпезерлердің құрбанына айналған. Бүгіннің өзінде осындай жан түршігерлік оқиғалар күн сайын тіркелуде. Үстіміздегі айдың басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 фактісі тіркеліп үлгерген. Жыныстық қылмыстардың өршуіне бірқатар жағымсыз факторлар, оның ішінде бірінші кезекте адамгершіліктің жаппай құлдырауы кері әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынын жасалып жатады. Жәбір көрген сәбилер тәрбиеленіп отырған отбасылардың төмен әлеуметтік жағдайлары да жағымсыз ахуалдың белең алуына жол ашатын факторлардың бірі болып табылады. Осы жағдайдың барлығын ғаламтор жүйесіндегі зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қайшы ақпараттың қолжетімділігі де барынша асқындырып барады. Солай бола тұра, жыныстық қылмыстардың тергелуі мен ашылуының сапасына қатысты олқылықтар аз емес, істі созбалаңға салу, қылмысты жасыру фактілері көптеп кездеседі. Соңғы бес жыл ішінде жыныстық тиіспеушілікке қатысты үш мыңға жуық (2 988) қылмыстық құқық бұзушылық ашылмай қалған, оның ішінде 605 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. Үйлестіру кеңесінің мүшелері атап өткендей, бұл саладағы қылмыстарды ескерту үшін құқық қорғау және сот органдарының, білім беретін және медициналық мекемелердің күштерін біріктіретін келісілген іс-қимыл жүйесін құру қажет. Осы жұмыстың аясында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың алдын алу мен жою жөніндегі үкіметтік бағдарлама әзірлеп, қабылдау керек. Атап айтқанда, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі заңдық базаны жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл қылмысқа жауапкершілікті қатаңдату, балаларға зорлық көрсетіп сотталып шыққан адамдарға әкімшілік қадағалауды күшейтуді қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды. Бұл ретте азаматтар қандай да бір тұрғылықты жерде бұрын бала зорлап сотталып шыққан адамдар тұратындығы туралы міндетті түрде хабардар болулары қажет. Бас прокурор мұндай қылмыскерлерге кесілген жазаны жеңілдетудің шартты түрде мерзімінен бұрын босату, шартты түрде соттау, рақымшылық жасау, жеңіл жазаға ауыстыру, т.б. сол сияқты қандай да бір шараларын енгізуге тыйым салуды ұсынды. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында күдіктіден жауап алған кезде полиграфологиялық зерттеуді пайдалануды заңмен бекіту ұсынылды. Үйлестіру кеңесінің мүшелері зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу үшін бейтаныс адамдармен сөйлесу ережелерін ұқтырып, өмір мен денсаулыққа қатер төнетін жағдайларда өзін-өзі қалай ұстауды түсіндіру арқылы жас балалармен мақсатты түрде үнемі жұмыс жүргізіп отырудың қажеттігін атап өтті. Балалардың денсаулығы мен саналы дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғанудың шараларын жасау қажет. Қоғамда, интернет-ортада балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық фактілерін, қатыгездікті, балалар порнографиясын таратуға қатысты желілік беттердің болуына мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру аса маңызды. Азаматтық қоғам институттарымен және БАҚ-пен өзара тығыз іс-қимыл жасасу бұл жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Атқарушы органдарға жағдайлары жайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігі ескертілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында олардың мектепке баратын қауіпсіз жолдарын анықтап, оны бейнекамералармен жабдықтау аса маңызды, бұл оқушылардың жүру бағыттарын ата-аналар мен сынып жетекшілерінің жіті қадағалап отыруларына септігін тигізбек. Сондай-ақ, балалардың кешкі және түнгі уақыттарда ересек адамдардың ертіп жүруінсіз көшеде, қоғамдық орындарда болуына шектеу қоюдың заңмен бекітілген шараларын қарастыру және ережені бұзғандардың жауапкершілікке тартылуын белгілеу ұсынылды. Бас прокурор аумақтық прокурорларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың профилактикасы мен сақтандыру ісі бойынша уәкілетті органдардың қызметтерін тиісті түрде үйлестіруді қамтамасыз етуді, қылмыстық озбырлық фактілерінің тергелуіне және ашылуына қадағалау жасауды күшейтуді тапсырды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.