Оқиға • 01 Шілде, 2024

Қырғызстанда қаза тапқан балалардың мәйіті Қазақстанға жеткізілді

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанда қаза тапқан төрт қазақстандық баланың мәйіті Өскеменге жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО әкімдігіне сілтеме жасап.

Қырғызстанда қаза тапқан балалардың мәйіті Қазақстанға жеткізілді

Фото:gov.kz

«Бүгін қаза тапқандардың мәйіті арнайы ұшақпен Өскеменге жеткізілді. ШҚО әкімдігі балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрды, оның құрамына облыстағы барлық қызметтердің мамандары кірді», делінген облыс билігінің хабарламасында.

Жаназаны ұйымдастыру мен өткізуді жергілікті атқарушы органдар мен мешіт өз мойнына алды. Өңірдегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де отбасыларға көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында 28 маусым күні жойқын сел болды. Лай ағынының салдарынан жолдар мен көпірлер қирап, тұрғын үйлер су астында қалды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің нақтылауынша, қайтыс болғандардың арасында Қырғызстандағы туыстарына қонаққа барған қазақстандық төрт бала бар.

Сондай-ақ «Абшыр-Ата» демалыс аймағынан 1400 демалушы эвакуацияланды. Төтенше жағдай жарияланды.