Алматыда 150 субұрқақ бар болса, оның 66-сы коммуналдық, 84-і жекеменшік аумағында екендігін, ал коммуналдық меншіктегі субұрқақтар 1 мамырдан 25 қазанға дейін күнделікті тексеріліп, тазаланып, жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Алайда жекеменшік аумақтағы субұрқақтардың жағдайы мәз емес, қараусыз қалған, жұмыс істемейді яки күрделі жөндеуді талап ететіндіктен, «Алматы жазы» акциясы жекеменшік аумағындағы субұрқақтар қалпына келтіруді көздеп отыр.
Оған қоса ұзындығы 1 525 шақырым болатын арық желілерін тазарту жұмыстары күшейтіледі. Күн сайын Алматының арықтарынан шамамен 250 текше метр лай мен қоқыс шығарылады. Көктем шыққалы тынымсыз жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына қарамастан арықтарды нөсер жаңбыр кезінде тұрғындар тастаған қоқыс-қалдықтар бітеп, айналасын көл-дария етіп жатады. Қанша жерден ескертілсе де, өкінішке қарай, коммуналдық қызмет нөсер жаңбырдан кейін арықтарды жөргектер, ескі-құсқы заттар мен ыдыс-аяқ, тіпті көлік дөңгелектері мен құрылыс қалдықтарынан тазартып отыруға мәжбүр.
«Алматы жазы» акциясы екі апта ішінде 624 аялдаманы, 222 бағдаршам мен 2 181 жол белгісін жуып, өзен жағалауы мен су айдындары аумағындағы шамамен 250 шаршы шақырым жерді қоқыстан тазартуды жоспарлап отыр.
Сол сияқты жазда аула ішіндегі қоқыс контейнерлерінің тез толып қалатыны да мәселе туғызатындықтан, 1 454 контейнерлік алаңды санитарлық өңдеуден өткізіліп, 700 контейнерлік алаң жуылып, залалсыздандырылып, 24 747 қоқыс жәшігі тазартылады.
Егер Алматыда айналып өтуге болмайтын ескі мәселе бар дейтін болсақ, ол – өзегі қураған ағаштар. Діңі шіріп тұрған ағаштар жел шайқағанда адамдарға ғана емес, мүлікке, көлеңке іздеген көліктерге де қауіп төндіріп жатады. Сондықтан «Алматы жазы» акциясы кезінде 6 мыңға жуық ағаш санитарлық мақсатта кесіледі.
Көңілге шуақ ұялататын тағы бір жайт, «жасыл» еңбек жасақтарындағы белсенділер қатары көбейіп келеді. «Ең алдымен, «Жасыл ел» жобасы аясында «Jas ecopatrol» экологиялық жасақтары мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатқанына тоқталғым келеді. Нәтижесінде, қала аудандарында 15-тен астам ірі рұқсатсыз қоқыс орындары бар екендігі анықталды, бұл қалдықтарды заңсыз жинау мәселесінің бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ өзендерді ластауға қатысты 150-ден астам заң бұзушылық анықталды», дейді Алматы қаласының «Жасыл ел» және «Жас экопатруль» жастар экологиялық жасақтарының басшысы Әділ Нұрпейісов. Айтуынша, анықталған келеңсіздіктерге байланысты жауапты мекемелерге 50-ден астам сұрау салынып, 100 шақты арыз жазылған.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарын құру жоғары оқу орындары мен экологиялық ұйымдар арқылы жүзеге асып жатыр. 700-дей адам атсалысатын биылғы «Жасыл ел» жобасы Көктөбеде тұсауын кесіп, экологиялық нормалар бойынша тренингтер мен нұсқаулықтар өткізілді. Аталған жобаның тиімділігі көп-ақ. Жазғы демалыста жастар босқа сандалмай, бір-бірімен араласып, табыс тауып, қала тазалығы қалай қамтамасыз етілетінін түйсінеді.
АЛМАТЫ