Ғылым • 02 Шілде, 2024

Тұңғыш ұлттық ғылыми мектеп

317 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қалыптасуы және негізгі ерекшелігі

Классикалық ғылымдардың тууы мен қалыптасуы сияқты ғылыми мек­теп­тердің пайда болуы көне антика заманына және ренессанстық дәуірлерге тән. Зерттеулерде алғашқы ғылыми мек­­­теп ретінде Аристотельдің б.д.д.

Тұңғыш ұлттық ғылыми мектеп

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

ІV ға­сыр­дағы өнер мен философия­ның перипатетика мектептері жөнінде ­ай­ты­­лады. Мұсылман Ренессансы тұ­­сын­да жалпы дүние жүзіндегі ең алғаш­қы уни­­верситеттер ашылып, солардың ірге­­сін­де ғылыми мектептер пайда болды. Әбу Насыр әл-Фараби – Мұсылман ре­нес­сансы көрнекті өкілдерінің бірі. Ғы­лы­ми мектептердің кең қанат жаюы Батыс Еуропа Ренессансымен де байланысты.

Осы дәуірлерден бастап біздің зама­нымызға дейін ғылыми мектептердің өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Соған орай, оның негізгі белгілерін мазмұндауға боларлық. Біз өз мақсатымызға орай осы тұста бірқатар хрестоматиялық мәсе­лелерді қайталап баяндауға тиіспіз.

Әрбір елеулі ғылыми құбылыс сияқ­ты ғылыми мектепке тән бірқатар ерек­шелік бар.

Біріншіден, ғылыми мектеп болу үшін ортақ идея, тақырып және көз­қарастар жүйесін ұстанатын ғылы­ми қауым­дас­тық­тың және оның көшбас­шы­сының болуы.

Екіншіден, ортақ әдіснамадан өріс­тейтін ғылыми принциптері мен кри­те­рий­лері болады және олардың сабақ­тастығы, бірлігі мейлінше сақталады.

Үшіншіден, негізгі мақсаттан өріс­теп ғылыми мектепке ортақ зерттеу құн­­дылықтары қалыптасады және сақ­талады.

Төртіншіден, әдетте ғылыми мектеп өкілдері ортақ ғылыми проблематиканы шешуде өте белсенді, себебі олар өзде­рінің идеясын таратуға аса ынталы болып келеді.

Бесіншіден, ғылыми мектеп өкіл­дері ғылыми прогреске үлес қосады, сол арқы­лы әдіснаманы жетілдіреді, ұлттың ғылыми ойлау деңгейін жаңа сапалық деңгейге көтереді.

Алтыншыдан, мектеп ғылыми әлеуеті өте жоғары және адами қасиеттерге бай тұлғаның төңірегіне топтасады.

Жетіншіден, мұндай мектептер негі­зінен ғылымның қалыптасу кезеңіне ­тән, әдетте ғылымның дамыған дәуірін­де ғы­­­лыми мектептердің әдіснамалық ұста­­­­­ным­дары, ғылыми әдістері көпке ортақ ­болып, мектептің ықпалы байқала бермейді.

Ізашар көшбасшы

Жоғарыда аталған бірнеше сипаттың барлығын дерлік Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми мектебінің өнбойынан табамыз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы және оның ізбасарлары ортақ ғылы­ми-ағартушылық идеяда, көзқараста болды, олардың еңбектеріндегі ғылы­ми принциптері де ұқсас еді, ғылыми құн­­ды­лықтар да сабақтасып жатты, олар­дың белсенділігі аз уақыттың ішінде маңыз­ды ғылыми-педагогикалық шаруа тынды­руында, олардың еңбектері қазақ қоға­мы үшін үлкен прогрессивті қадам бол­ды, қазақ қоғамында ғылы­ми ойлаудың ­дәс­түрі қалыптасты. Соны­мен Ақаң ізбасарлары үшін ғылыми көшбас­шы ғана емес, адамгершілігі зор тұлға да еді. Міне, осындай ғылыми мектепке тән негізгі қасиеттердің бар­лығы алғашқы қазақ оқымыстыларына тән болғандықтан және олар көшбасшының тікелей ұстаздығын көргендіктен біз Ақаңды ғылыми мектептің негізін салушы тұлға ретінде бағалаймыз.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлын «ұлт ұстазы» деудің мәні осы ғылыми мектеп мәселесімен де тікелей орайлас деу­ге боларлық. Әлбетте, Ақаңның әліпби түзуі, тіл және оқу құралдарын жазуы, сөйтіп, тұтас ұлттың сауаттануына жол ашуы оны ұлттық алғашқы ұстазы дең­гейіне көтерсе, ғылыми мектептің басында тұруы осы мәртебелі атақ пен даңқ­ты бекіте түседі. Осы орайда, Мұхтар Әуезовтің: «Ақаң ашқан қазақ мектебі» деген дәл тарихи сөзі осы екі мағынаны да толық қамтиды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ғылы­мының тарихында үш саланың басында тұрады. Олар: тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме салалары. Бұл салалар әр­қайсысы ғылымның дербес түрлері және сонымен бірге өзара тығыз байланысты. Өйткені тіл – сөз өнерінің негізі, әдістеме осы алдыңғы екеуін үйретудің амалдары мен тәсілдерінен тұрады. Ұлт ұстазы ең алдымен ғылымның осы үш саласына барды десек, оның жауабы оңай. Біріншіден, тіл адам баласына ең жақын рухани құбылыс. Ол әрі табиғаттан адамға берілген үлкен нығмет, әрі адамдарды ұжымдастыратын құндылық. Ақаң айтқандай, «адамдық белгісінің зоры». Сондықтан тілді зерттейтін ғылым да адамға жақын таным түрі. Яғни тілдің табиғатын тану арқылы адамды да, қоғамды да тануға болады. Екіншіден, қазақ сияқты отаршылдық жағдайдағы халықты сақтайтын ең негізгі ұлттық атрибуттардың бірі – тіл. Олай болса, тілге қауіп төнсе, тұтас ұлтқа қауіп төнеді. Ақаң қайраткер ретінде осыны терең сезінді. Ал әдебиетке келсек, қазақ сияқты халықтың қоғамдық мінбері де, саяси мінбері де сөз өнері еді. Сонымен бірге жазба мәдениеті қалыптаспаған қазақ сияқты халықтың философиясы да, тарихы да, моральдық-этикалық құндылықтарының да қазынасы – сөз өнері. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы тіл мен сөз өнерін зерттеу және оның ғы­лымын қалыптастыру арқылы тұтас халықтың өзін таныды һәм өзіне танытты. Ал әдістеме қосымша ғылым есепті алдыңғы екеуін игертуші, танытушы рөлінде болды.

Тағы да ілгерідегі пікірімізді қайта­ласақ, сол кезеңдегі қазақтың жағдайын­да Ақаң бірден монография жазбас еді. Себебі ең алдымен қалың қазақты са­уаттандыру міндеті тұрды. Ол үшін оқу құралдары қажет. Сөйтіп, ол «Оқу құралдары» мен «Тіл құралдарын» ­жазып, қазақ тілінің табиғаты қамты­лып, оның ғылыми жүйесі жасалды. Сөй­тіп, ол пәннен ғылымға барды. «Әде­биет танытқышы» да осындай оқу құра­лы. Ал әдістемелік көзқарастары оның «Баяншы» сияқты кітаптарынан және мақалаларынан байқалды.

Мазмұны мен мәні

Ұлттық тіл білімі мен әдебиеттану­дың негізін қалаушы дегенде біз оны тұң­ғыш ізашар әдіснамашы ғалым ретінде де айрықша бағалағанымыз жөн. Себебі «ғылымның негізін салушы» ұғымы­­ның өзі жалпы жаңа, тың интеллектуал­дық әрекет бола отырып, объектіні, құбы­лысты белгілі бір мақсатты және жүйелі әдістердің негізінде зерттегенін таныта­ды. Осы ойдан және бір қорытынды жасау­ға боларлық. Егер оны ізашар әдіснама­шы ғалым деп танысақ және басқалар­ға үлгі дарытса, дәстүр қалып­тас­тырса, онда ғылыми мектеп жө­нін­де де әңгіме айтудың реті бар. Яғни ғылыми мектеп дегеніміздің өзі ізашар әдіснамашы ға­лым­ның ғылыми тәжірибелерінің өзі­нен кейін­гілерге әсері. Таратыңқырап айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы­ның ғылыми үл­гісі одан кейінгі ғалымдар­дың еңбек­те­рінде жалғасып, дамытылып ортақ ғы­лыми мақсатты орындап, сол ғылыми бағытты толықтырды. Бұдан шығатын тұжы­рым: ғылыми мектеп болу үшін белгі­лі бір ғылыми әдістер дәстүр­ге айна­­лып, әдіснама қалыптасып, жал­ғас­тыру­шы­лар­дың еңбектерінен көрініс табуы қажет.

Ахмет Байтұрсынұлын ғылыми мектеп ұғымымен байланыстырғанда, оның бірнеше аспектісін айтуға тиіспіз.

Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы­ның оқымыстылық көзқарастары оқу­лықтардан өрістеп, педагогика мен ғы­лымның түйісінде жасалғандықтан біз оның мектебін «ғылыми-педагогикалық мектеп» деп атағанымыз жөн. Бұл мектепке Ақаңның лингвистикалық ілі­мін тікелей жалғастырған Е.Омарұлын, лингвис­тикалық-педагогикалық дәстүрін жал­ғастырған Т.Шонанұлын және оның нұсқауымен және дәстүрімен оқу­лықтар жазған Х.Досмұхамедұлын, М.Дулат­ұлын, Ж.Аймауытұлын, М.Жұмабаевты, Ж.Күдеринді, т.б. жатқызуға болады.

1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе» кітабы. Біздің ойымызша, Ахмет Байтұрсынұлының тұңғыш оқулығы болумен бірге жаңа ғылыми бағыттың да негізін салған еңбек. Ол қазақтың ғылым мен білім, жалпы мәдениет тарихындағы үлкен интеллектуалдық секіріс болды. Біз көбі­несе Ақаңның «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын қазақ әдебиетіндегі үлкен жаңалықтар ретінде қараймыз. Бұл таза әдеби-эстетикалық үдеріс ауқымында өте дұрыс та. Дегенмен біздің ойымызша, жалпы қазақ тарихы үшін Ақаң еңбек­тері ішінде аталған «Оқу құралының» ма­ңызы аса айрықша. Себебі осы еңбегі ар­қылы тұтас халықтың қолына әліпби сияқ­ты өз тілінің табиғатына тікелей негіз­делген жазу құралын ұстатты. Жал­пы, жазудың пайда болуы адамзат үшін әрі мәдени, әрі тарихи зор төңкеріс болса, Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық әліп­биі де осындай айрықша ренессанс­тық құбылыс. Соған орай біз Ақаң­ның оқу құралын поэтикалық жинақтар­дың қай-қайсысынан да жоғары қоямыз. Егер поэтикалық жинақтар қазақ ойының, тұр­мысының, тарихының, адамның әрі объект, әрі субъект ретіндегі танымы мен сезімінің көркем шежіресі болса, ал жазу құралы солардың барлығын сақ­тайтын және жеткізетін, сонымен бірге қоғамдық өмірдің барлық саласына тұтас мәдени ілгерілеу өзгерісін әкеле­тін айрықша оқиға. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы әліпби және қазақ тілі­нің емле ережелерін, заңдылықтарын жасау арқылы тұтас ұлт үшін өркениеттің жаңа бетін ашты, жаңа биігін бағындырды. Бұл шын мәнінде мәдениет, өркениет құралы болды.

Ахмет Байтұрсынұлының осы еңбе­гінен бастап қазақ тарихында тұңғыш рет ғылыми мектептің негізі қалана бастады. Әліпби түзу, тілдің емле ережелерін жасау дәл «Оқу құралынан» кейін арналы дәстүрге айналып, оның шәкірттері Елдос Омарұлы, Телжан Шонанұлы тағы да басқа Алаш оқымыстыларының еңбектерінде толықтырылды. 1930 жылы латын әліпбиіне, 1940 жылы кирилл әліпбиіне көшкенде де Ахмет Байтұрсынұлының әліпби түзудегі, оның емле ережелерін жасаудағы ғылыми-әдістемелік тәжірибелері негізге алынды, әлі де алына бермек. Қазіргі қазақ орфографиясында да Ақаңның ғылыми әдіснамасының ізі сайрап, жалғасын тауып келеді. Басқаша болуы мүмкін емес. Егер ол мүмкін десек, онда бізге қазір­гіден жүйесі мен құрылымы басқа тағы да бір қазақ тілі керек болады.

Екіншіден, Ғылыми мектеп өкілдері әдетте ғылымды өмірге жақындатып, оның практикалық сипатына екпін береді. Сондықтан да ғылыми мектеп өкілдерінің еңбектері негізінен өміршең. Ахмет Байтұрсынұлы және оның ізбасарлары қазақ тарихын­да әрі ғылыми, әрі ғылыми-практикалық дәс­түрдің негізін берік қалыптастырды. Бұл ғылыми мектептің ерекшелігін оның көшбасшысының мұғалім, әдіс­кер, әдіс­намашы болғаны анықтады. Егер, А.Бай­тұрсынұлының немесе шәкірт­тері­нің оқулықтарына қарасақ, олар­дың ғылыми ойларындағы ұқсастықты, тілінің қарапайым, жинақы, үнемді екенін аңғарамыз. Сонымен бірге, мұн­дай еңбектерде ережелер мен мысал­дар өте пропорционалды түрде беріл­гені айрықша байқалады, бұл олар­дың мықты логикасын танытады. Тұтас ғы­лыми мектептің осындай бас­ты ерекшелігі – ұлттық ғылым тілінің қа­лып­тасуына да тікелей әсер етті. Біздің ойы­мызша, осындай ғылыми тіл шамамен қазақ тілінің ғылыми стилінде 1970 жылдардың ортасына дейін тән болып келді. Одан кейін біздің ғылыми стильде орыс тілінен тікелей аударылған, орысша ойланып қазақша құрылған сөй­лемдердің тасқыны басталды. Сөйтіп, ол бірте-бірте ғылыми-ұғымдық жүйені өзгертті. Қазіргі кездегі мектеп, ЖОО оқулықтарындағы түсініксіз мәтіндердің пайда болуына осы фактор тікелей әсер етті. Қазақ тілінің табиғатын бүлдіру үдерісі бүгіндері тіпті өршіді. Осы рет­те тілімізді сақтау үшін Ахмет Бай­тұрсынұлы бастаған алғашқы оқы­мыс­тылардың ғылыми ойды беру дәстүріне оралуымыз керек. Бұл дегеніңіз, тілі­міздің табиғи тұма қайнарына оралу деген сөз. Әлбетте, уақыт озды, заман өз­герді десек те, ұлттық ойлаудың бастауынан ажырамағанымыз абзал.

Үшіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы­ның ғылыми идеяларының және қағи­даттарының, ұғымдық-терминдік жүйе­сінің кеңінен жалғасын табуы. Бұл арада ғылыми мектеп пен ғылыми дәстүр жөнін айтпақпыз. Қазақ тіл білімінде ол мей­лінше кеңірек көрінеді. Оны тілші ға­­лымдар айтып та, жазып та жүр. Егер қа­­зақ әдебиеттану ғылымына келсек, Ахмет Байтұрсынұлы әдеби-теориялық еңбек­­терін жалғастырған Е.Ысмайылов, Қ.Жұма­лиев, З.Қабдоловтарды атауға болады.

Әдебиеттанудағы ғылыми мектептің негізі 1926 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет танытқыш» оқулығы­нан басталады. Бұл оқулық шәкірттерге әдеби құбылыстарды, негізгілерін атап айтсақ, әдеби шығарманы, оның сыр-сипатын, әдеби үдерісті ұғындыратын ғана құрал емес, ол сонымен бірге мол әдіснамалық қабаты терең айрықша ғы­лыми-теориялық еңбек.

Егер қазақ әдебиеттану ғылымынан мектеп іздегіміз келсе, ондай ұғымға мейлінше жауап беретіні Бейсенбай Кенжебаевтың әдебиет тарихын дәуір­леуге және жүйелеуге байланысты ғылыми мектебі. М.Жолдасбеков, М.Ма­ғауин, Р.Нұрғали, А.Қыраубаева, тағы да елімізге танымал қаншама ға­лымдар – профессор Б.Кенжебаев ғылы­ми мек­тебінің өкілдері. Бұл ғылыми мек­тептің өкілдерін біріктіретін басты ерекшелігі – көрнекті әдебиеттанушының әдебиет тарихының ғылы­ми негіздемесін жасауы, шәкірт­тері арқылы тұжырымдамасын жүзеге асырылуы. Соның нәтижесінде, ХVІІІ ғасырдан бас­талып келген қазақ әдебиетінің тарихы ғылыми дәлелді түрде тереңдетіліп ІV-V ғасырларға дейін жылжытылды.

Диссертация саны өлшем бе?

Осы арада қазір кең етек алған бір мәселе жөнінде айта кеткен дұрыс сияқты. Ол «ғылыми мектеп» сияқты үлкен ұғымды оңды-солды жөнсіз қолдануға байланысты. Әсіресе бұл қазақ филологиясында үрдіске айналды. Кейбір ғалымдардың есімдерін атап, оларды ғылыми мектептің басы еткіміз келеді. Әсіресе мерейтойларда ғылыми мектеп үлестірушілік тіпті көбейді. Біздің ойымызша, диссертацияларға жетекші болу, ғылыми кадрларды дайындау ғылыми мектептің негізін салушы дегенді білдіре бермейді. Диссертациялық кеңестер белсенді жұмыс істегенде қаншама сапасыз жұмыстардың қорғалғанына бәріміз куәміз. Тіпті, тіл білімі мен әде­биеттануда бірер жылда ондаған кан­дидаттық, докторлық диссертация­лар қорғатқан қаншама профессор, ака­демиктерді білеміз. Шынын айту керек, кейде ғылыми жетекшілердің өздері де сол жұмыстарды оқымайтын. Ендеше, «олардың барлығының ғылыми мек­тебі бар» деп айту қаншалықты дұрыс. «Ғылыми мектеп» Ақаң сияқты аса ірі оқымыстылардың еңбегімен, қажыр-қайратымен, кісілік болмысымен келген үлкен, мәртебелі ұғым. Онымен ойнауға болмайды.

Алаш зиялылары ұлттық мұрат пен риясыз еңбек тұрғысынан кеңестік ға­лымдарға қарағанда қоғамның қай сала­сында болсын, оның ішінде, мәде­­ниет пен ғылымда көш ілгері тұр­ды. Олар Алаш қозғалысы дәуірінде шынық­қан,сыналған, қалыптасқан мұраттас, пікірлес зиялы ұжым. Сондықтан да тұтас осы буын қазақ мәдениеті мен ғылымының жаңа жарқын беттерін ашып, жалпы мәдениетте, оның ішінде, әдебиет пен өнерде және ғылымда үлкен дәстүрлі, өміршең әдеби, мәдени, ғылыми мектеп қалыптастырды.

Ақаңның ғылыми мектеп қалып­тастыруына ерекше дарын­дылы­ғымен қатар кеңестік кезеңде лауа­зымдық қызметте болуы да оң ықпал еткенін білеміз. Бұл тұста Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның Халық ағарту комиссары болуы, Академиялық орталыққа жетекшілік етуі де ғылыми мектепті қалыптастыруға тікелей ықпал еткені түсінікті.

Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми дәстүрлері жөнінде сөз еткенде және бір мәселеге назар аударған жөн. Ол Ақаңның тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме ғылымдарының негізін салумен бірге, өзінің шәкірттері арқылы ұлттық жаратылыстану ғылымының да тууы мен қалыптасуына ықпалы. Сондықтан біз «жалпы ұлттық ғылымның негізін салушы» десек, оның тарихи еңбегіне толық баға бере аламыз.

Ғылыми мектеп, әдетте қабілеті ерекше, ұйымдастырушылық бейімі жоғары адамгершіл тұлғаның маңа­йына топтасатын зерттеушілердің қа­уым­дастығы. Ғылыми мектептің көш­басшысы жаңашыл идеялардың қозғау­шы күші және соны іске асырудың ба­ғыт­тары мен тәсілдерін анықтайтын көрнекті оқымысты тұлға. Оған өзімізде де мысалдар баршылық. Айталық, Қ.Сәт­баев, Ә.Марғұлан, Ө.Жәутіков, С.Зи­манов, Ж.Әбділдин сияқты көрнекті ғалымдардың ғылыми дәстүрлерінің шәкірт­терінен жалғасын табуы, ең бас­тысы олардың ортақ ғылыми проблемаларды бірлесіп шешуі.

Алаш көсемі, ұлт ұстазы, тәлімгер оқымысты ретіндегі тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының адами қасиеттер­мен селбесіп, тұңғыш ұлттық ғылыми мектептің негізін салуына, маңайына шәкірттері мен ізбасарларының топтасуына ықпал етті. Ақаңның адами тұлғалық қасиеттері М.Дулатұлының, Е.Омарұлының, М.Әуезовтің және тағы да басқа замандастарының мақа­лаларынан айқын аңғарылады. Біздің ойымызша, бүгінгі ғылыми қауымға Алаш оқымыстыларының ғылыми ұстанымдары мен дәстүрлері ғана емес, кісілік қасиеттері де үлгі болмағы игі. Қазір қазақ ғылымына әділ, ашық бәсеке қажет. Ғылым төңірегіндегі ұсақ әңгімеден, қайсыбір мүдделерге құрыл­ған топшылдықтан, объективті сынды көтере алмайтын шамшылдықтан ары­лып, шынайы ғылыми орта қалып­тас­ты­ратын уақыт келді. Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның, жалпы Алаш зиялылары­ның ұстаздық, ғалымдық тұлғасы, өмірі мен шығармашылығы бізді осыған үндейді.

Ербол ТІЛЕШОВ,
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы