Саясат • 02 Шілде, 2024

Дипломатия – әлемдік дамудың дәнекері

147 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні. Мемлекеттік сая­саттың маңызды бағыттарының бірі саналатын бұл салаға артыл­ған жауапкершілік жүгі салмақты. Қазақстан дип­ло­маттарға сыртқы саясатта еліміздің мүддесін біліктілікпен қорғау миссия­сымен қатар шетелдегі азамат­тары­ның амандығы мен құқықтарын қорғау міндеті жүктелген.

Дипломатия – әлемдік дамудың дәнекері

фото: zerkalo.lv

Жаһандануды жақтайтын мемлекет

Жалпы, елшіліктер мемлекет­ара­­лық мәселелер мен диплома­тия­лық қатынастардан бөлек, сырт­тағы ел азаматтарының құ­қық­тарын қорғауды, олардың келіп-кетуі, оқып, білім алуы, кәсіп­пен айналысуы сынды маңыз­ды мәселелерін назардан тыс қал­дыр­май, қадағалап отыруға тиіс. Де­генмен, дипломаттар рухани іс-шаралардың өтуіне де ұйыт­қы болып, еліміздің әдет-ғұр­пын, салт-санасын, ән мен күйін та­ныстыру, насихаттауға да үлес қо­сып келеді. Шет мемлекеттер­де ашылып жатқан мәдени орта­лықтардың басы-қасында елшілік өкілдерінің де жүретіні заңдылық.

Әрине, қай елдің болсын Мем­лекет басшысын нөмірі бірінші дипломаты ретінде бейресми қарастыруға болады. Бұл ретте Қазақстан Президентінің әлемдік дипломатиядағы беделі, білім-білігі, тәжірибесі талайға үлгі боларлық.

Биыл 31 мамыр күні Алматы­дағы Ғылым ордасында жас ғалым­дармен болған кездесуде Президент мемлекеттің сыртқы саясаттағы мүдделеріне де тоқталған еді.

«Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен тең құқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз. Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек. Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір сая­си жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлт­тық мүддемізді көздейтін теңге­рімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан елі­міз жауапты дипломатияның қағи­даттары мен құндылықтарын қа­таң сақтауға бейілді екенін де ай­тып жүр. Мәселен, осы жыл­дың мамыр айының соңында Синга­пурға барған мемлекеттік са­пары барысында Мемлекет басшы­сы «Қазақстан және орта держа­ва­­лардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақ­ты­лық пен орнықты дамуды ілгері­лету» тақырыбында дәріс оқып, еліміздің сыртқы саясатына қатысты ұстанымдарын да атап өткен-ді.
«Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағ­дары. Тұрақсыздық ұзақ уақыт­қа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете ала­мыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің бас­ты мүддесін құрбан етуге ешқа­шан жол бермейміз. Кейде біз­дің ұстанымымызға күмәнмен қарай­­ды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогті таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – террито­рия­лық даулардан бастап идеоло­гия­­лық қақ­тығыстарға дейінгі түрлі қайшы­лықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз», деді Президент.

Сондай-ақ еліміздің Әзербай­жан мен Армения арасындағы бітім­герлік үдерісіне ықпал ету әре­кетін, Иранның ядролық бағ­дар­ламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана үдерісін, сондай-ақ БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін де дипломатиялық тұрғыдан жетілгеніміздің жарқын мысалы ретінде атап өтуге болады.

Сол себепті де дипломаттарды еліміздің шетелдегі бейнесі санайтынымыз да рас. Сондықтан да жоғары кәсібилік пен мемлекет жүктеген міндеттерді сапалы орындау осы саланың әр өкілінің жауапкершілігіне жүктелген.

Елшінің міндеті – елдік мүдде

Мемлекет және қоғам қайрат­кері, филолог ғалым, кезінде елі­міз­дің Сыртқы істер вице-министрі, Ұлыбританияда елші қызметін атқарған Әділ Ахметов қай елге барса да, сол елді барынша зерттеп, жақсысын үйреніп, жаманынан жирену керектігін айтады. Отандық дипломатияның қалыптасу кезеңіне қатысты ой-пікірімен бөліскен Әділ Ахметов:
– Еліміздің дипломатиялық қыз­метінің тарихына үңілсек, бұл саланың аяққа тұруына Мемле­кет басшысының көп еңбек сіңірге­нін бірден кесіп айта аламыз. Яғни отан­дық дипломатиялық қызмет­тің қалыптасу кезеңін қазіргі Пре­зидентіміздің осы салаға келуімен байланыстырған дұрыс. Себебі бірнеше тілді меңгерген, сыртқы саясаттың мектебін көрген Қасым-Жомарт Тоқаев сонау кеңестік кезеңде КСРО-ның дипкорпусында еңбек етіп, кейін елге келгенде вице-министр, министр ретінде осы саланың тасын өрге домалатты. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары бола жүріп те әлемдік гео­саяси ахуал­дар, жаһандық сын-қатерлермен күрес төңірегінде де жемісті еңбек етті.

Жалпы, біздің сыртқы саясат­тың қалыптасуына, дамуына, шет мемлекеттермен байланыстың күшеюіне, елшіліктеріміздің, дипломатиялық өкілдіктеріміздің ашылуына сала басшыларының, елшілердің қосқан үлесі өте зор. Кейінгі жылдары Сыртқы істер министрі болған азаматтардың да ерен еңбегін айрықша атап өтуге болады, – дейді Әділ Құрманжанұлы.

Ә.Ахметов 2000-2001 жылдары еліміздің Ұлыбританиядағы Тө­тенше және Өкілетті елшісі болып қызмет етті. Ол кезде шет тілін бі­летін елшілер некен-саяқ еді. Еге­мен­дікті енді алған кезең бол­ған­дық­тан дипломатиялық кор­пус та дәл қазіргі­дей қалыптаса қоймаған шақ.

– Елшіліктерге көбіне жоғары ат­қару­шылық, партиялық қызмет істе­ген азаматтар жіберіліп отыратын. Ал елші мүмкіндігінше бара жат­қан елінің тілін жақсы білуі керек. Ау­дар­машымен жұмыс істеген ел­ші толыққанды елші болып жұ­мыс атқара алмайды. Сол себепті тіл мәселесі мұнда өте өзекті, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Ахметов.

Ә.Ахметов Ұлыбританияға елші болып аттанғанда екі елдің ара­сын­дағы байланыс жақсы жолға қойыл­ған шақ еді. Әсіресе Британ король­дігі біздің елге мұнай-газ сала­сы бойынша қомақты инвести­ция сала бастаған. Оқу-ағарту саласын­да да біраз жетістікке қол жеткі­зіл­ген. Сол кезеңде еліміздің 400-дей студенті Ұлыбританияда жоға­ры оқу орындарында оқып жүрген.

– Елшілік сол елдің тарихын, мәде­ние­тін, саясатын, қаржы жүйе­сін, салық жүйесін, барлығын зерт­тей жүріп, жақсысын үйреніп, жа­манынан жирену керек. Ұлы­британияның дамыған ел ретінде бізге үлгі болар тұсы жетерлік. Автомобиль жолы, теміржол инженериясы, ЖОО, өнер, киноиндустрия саласынан алатын дүние көп. Заң шығару жүйесінен де өзіміздің басқару ісіне керекті кеңес­тер алуға болады. Елші тек ақпа­рат алудан бөлек, сол елді жан-жақты зерттеп, зерделеп, алған мәліметін ел дамуының бір кәде­сіне жаратқаны абзал. Бұл рет­те, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінен де үйре­нері­міз көп. Қазір, шүкір, жастарымыз көп тіл біледі. Әсіресе ағылшын, француз, неміс, қытай, корей тілдерін меңгерген азаматтар баршылық. Сондықтан елшілік жұмысы сапасы мықты болуы үшін, ондағы дипломаттардың да біліктілік, білім сапасы да жоғары деңгейде болуы керек, – дейді Ә.Ахметов.

Интеграциялық үдеріс локомотиві

Әділ Ахметов Ұлыбританияға аттанарда Мемлекет басшысы арнайы қабылдап, мұнай мен газымызға ие болар техникалық маман даярлайтын іргелі оқу орнын құру жолында ізденуді тапсырған екен.

– Ол кезде мұнай мен газ саласына маман даярлайтын әлеуетіміз өте төмен еді. Сол себепті маған Ұлыбританиямен бірлескен техникалық жоғары оқу орнын құру ісін зерттеп, зерделеп, нәтиже шығару миссиясы да сеніп тапсырылды. Ол уақытта біздің мұнай өндірісіміз қарқын ала бастаған. Сөйтіп, біздің билік Ұлыбритания Үкіметінен техникалық оқу орнын ашуға көмек сұрап, олар бірден қолдай кетті. Сөйтіп, мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып жүрген жерімнен шұғыл Ұлыбританияға елші болып аттандым, – деген Әділ Ахметов елшілердің елдік іргелі істерге де үлес қосуына мүмкіндігі мол екенін айтып өтті.

Қалай болған күнде де, отандық дипломатия – бұл қоғамдық-саяси тұрғыдан жаңғыруымызға, елдегі адами капиталдың сапасының артуы­на, білім және ғылым, денсаулық сақтау саласының алға басуына барынша дем беріп, белсенді әрекет етуі шарт. Өйткені бізге әлі де өркениетті елдердің тәжірибесі, технологиясы қажет-ақ.

Көп жыл дипломатиялық қыз­меттің, елшіліктің ыстығы мен суығын қатар көрген Мұхтар Тілеу­берді бүгінде еліміздің Аустрия Рес­пуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Респуб­ликасының Вена қаласындағы Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі. Оның айтуынша, біз өңірлік және жаһандық үдерістерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық.

«Еліміздің дипломатия­лық қыз­метінің өз миссиясына кіріс­кеніне отыз жылдан асты. Дипломатиямыз егемендік алған күннен бастап мем­лекеттік шекараның бүкіл пери­метрі бо­йынша халықаралық-құқық­тық танылуын және барлық көр­шімізбен және әлемнің басқа мемлекеті­мен бейбіт және тең құқықты бай­ланыс орна­ту­ды қамтамасыз ет­ті. Бүгінгі таңда Қазақстан әлем­нің 186 елі­мен дип­ломатиялық қарым-қатынас­та. Орта­лық Азия елдерімен диа­лог жандана түсті. Қазақстан Еуразиялық кеңіс­тік­тегі инте­грациялық үдерістердің ло­ко­мотиві болып, көптеген халық­ара­лық ұйымда төрағалық етті», – деген Мұхтар Бескенұлы Қазақ­стан Еуразиялық кеңістіктегі инте­грациялық үдерістердің қозғалтқыш күшіне айналғанын да айтты.

Елші болу – кез келген дипломат үшін өз қызметінің жоғары шыңы. Сондай-ақ осы қастерлі мамандыққа өзін арнаған адам үшін – айрықша жауапкершілік. Қысқасы, елші – ең жоғары талаптарға сай келуге тиіс. Себебі геосаяси ахуал аумалы-төкпелі, құбылмалы болып тұрған қазіргі уақыт дипломаттарға ерекше талаптар қойып отыр.