2021 жылы өткен Еуропа 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатының финалында Англия құрамасынан басым түсіп, құрлық чемпионы атанған Италия футболшылары ширек финалға жете алмады. Швейцария құрамасы Ремо Фройлердің 37-минутта, Рубен Варгастың 46-минутта соққан голының нәтижесінде әйгілі құраманы ығыстырды. Реймоның соққан голын Швейцария ұлттық құрамасының бас бапкері Мұрат Якин жоғары бағалады. Орталық жартылай қорғаушы қызметіне қоса шабуыл шебіне де орасан үлесін қосқанына разылығын айтты.
Матчтан кейін тебіренісін жайып салған Рубен Варгас алаңға негізгі құрамда шығатынын естігенде ерекше қуанғанын жеткізді. «Біз топтық кезеңде-ақ Еуропа құрлығының тегеурінді құрамасының қай-қайсысына да төтеп бере алатынымызды көрсеттік. 1-таймның соңын ала Гранит Джака маған тағы бір гол соғу керек екенін айтты. 2-таймда оның тапсырмасын орындадым», деді Варгас. Жартылай қорғаушы Фабиан Ридер Швейцария құрамасындағы ұжымдық рухтың күш алғанын мақтанышпен атап өтті. «Матч кезінде бір ойыншы жаңылысса, қалғанымыз оның қателігін жабыла түзеп, бәріміз біріміз үшін барымызды салатын құрама екенімізді дәлелдедік», деді Ф.Ридер.
Германия құрамасы Кай Хаверцтің 53-минутта пенальтиден соққан голын 68-минутта Жамал Мусиала еселегеннің нәтижесінде Дания футболшыларын құрлық аламанынан ығыстырды.
8/1 финалдық кезеңде Англия құрамасы Словакия футболшыларын тәжірибенің молдығымен еңсерді. Әйтпесе Иван Шранцтың 26-минутта соққан голының нәтижесінде 90 минут бойы Словакия құрамасы басым тұрды. Төреші қосқан қосымша 5 минуттың ішінде жердің астын үстіне шығарғандай өзгеріс жасаған Джуд Беллингем таразы басын теңестіріп берді. Экстра таймда діңкелеген қарсыластарының осал тұсын оңай тауып, Харри Кейн (91-минутта) жеңіс голын соғып, Англия құрамасын ширек финалға жеткізді. 2016 жылы Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңінде Германия құрамасына 3:0 есебімен жол берген Словакия құрамасы арада өткен сегіз жылдың ішінде тепкісі мықты, екпіні күшті құрамаға айналғанын әйгілеп, ағылшын футболшыларын шаршатты. Егер қосымша үстелген 5 минуттың ішінде қорғанысты сетінетпей, 0:1 басымдығын ақырына дейін ұстап тұрғанда кешелі бері Братиславада бақыттан басы айналған халық көшеде теңселер еді. Себебі бұған дейін бұл құрама Еуропа чемпионатының ширек финалына жеткен емес. Іріктеу кезеңдерінің өзінде ала-құла нәтижемен сүреңсіз ойнап, тек 2016 жылдан бері құрлық додасының финалдық кезеңіне қосылып жүр. Италиялық маман Франческо Кальцона қолда тұрған жеңістің сусып кеткені жанына батқанын жасырмады. «Осындай құраманы баптайтынымды мақтаныш санаймын. Біз әлемнің тегеурінді ұжымынан 90 минут бойы басым болдық. Бірақ айылымызды тым ерте босатқан екенбіз, тәжірибелі Джуд Беллингем ұрымтал тұста гол соқты. Экстра таймда жігіттердің шаршағаны айқын байқалды. Бұған дейін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде экстра таймға дейін жетіп, күшімізді сынап көрмегеніміз байқалды. Десе де бұл жеңіліс біздің жігіттердің келешекте шарболаттай шыңдала түсуіне орасан тәжірибе мектебі болды», деді Франческо Кальцона.
Германия елі ұйымдастырған Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне өтіп, дүниенің дидарын өзіне қаратқан Грузия құрамасы маңдайы тасқа соғылғандай күйге түсті. Мектеп оқушысы Ламин Ямаль (16 жаста) сынды нояндары бар Испания құрамасы қарсыласты 4:1 есебімен күйрете жеңді. 18-минутта Робен Ле Норман өз қақпасына автогол соққанда басымдыққа ие болған грузин футболшыларының екінші тынысы ашылып сала берген. Тіпті 1-таймда азулы Испания құрамасының шабуылын мейлінше тойтарып тастап отырды. Бірақ жастық максимализм басым, физикалық күш-қуаты қайнап тұрған жастар құрлық аламанына алғаш қосылған Грузияның қорғанысын тас-талқан етті. 39-минутта Родри, Фабиан Руис 51-минутта, Нико Уильямс 75-минутта, Дани Ольмо 83-минутта еншісіне гол жазды. Грузия құрамасының жанкүйерлері Кельндегі «Рейн Энерги» стадионынан футболшыларын қол соғып құрметтеп, шығарып салды. Шабуылшылар Хвича Кварацхелия, Жорж Микаутадзе, қақпашы Георгий Мамардашвилиге сауын айтып спорттық агенттер ағылатыны сөзсіз. Үшеуі де Еуропа чемпионатында жай отындай жарқылдады.