Спорт • 02 Шілде, 2024

Олимпиадаға әзірлік ойдағыдай жүріп жатыр

78 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Париж жазғы Олимпиадасының басталуына да санаулы күн қалды. Дүниежүзінің назарын аударған төрт жылдық додасына еліміздің спортшылары 80 лицензия иеленуді жоспарлаған. Меже нәтижелі орындалып, саңлақтар 83 жолдаманы олжалап үлгерді. Әлі де жеңіл атлеттер лицензиялық турнирге қатысатындықтан, жолдаманың саны арта түсуі бек мүмкін.

Олимпиадаға әзірлік ойдағыдай жүріп жатыр

Орталық комму­ника­циялық қызметінде өткен баспасөз мәсли­­ха­тында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жа­расбаев же­ңіл атлеттеріміз жолдаманы еселей түсетініне сенім білдірді.

«Лицензиялық турнирлерге қатысқан спортшыларымыз арасында семсерлесушілер мен оқ ату спортынан додаға қосылатын саңлақтарымыз жоғары нәтижеге жетті. Жазғы Олимпия ойындарына алғаш рет енген брейкинг спортынан бізге де 1 лицензия бұйырды. Теннис пен еркін күрестен спортшылар көздеген жолдаманы толыққанды ен­ші­лей алмады, өкініштісі, ауыр атлет­теріміз жолдамасыз қалып, жазғы Олимпия ойындарына қа­тыспайды. Мұндай олқылық бұ­рын-соңды болған жоқ», деді спикер.

Париж жазғы Олимпия ойын­дарына баратын спортшыларымыз киетін бірыңғай формаға қатысты вице-министр ешқандай кілтипан жоқ деп атап өтті. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында жалауы желбіреген жазғы Азия ойындарына барған делегацияға арнайы тігілген фор­маның сапасына қатысты аз сын айтылған жоқ. Вице-министр 5 шілдеде спорттық форманы БАҚ өкілдеріне таныстыру шарасы өте­тінін, сапасы, дизайны туралы талқылау болатынын жеткізді.

Ауыр атлеттеріміздің ала­манға жолдама олжалай алмауы біздің резервтің әлеуеті қан­шалықты екенін айқындап бергендей. Бұл олимпия ойындарынан кейін де кезегі келетін төрт жылдық додасы бар. 2026 жылы Италияның Милан мен Кортина-д Ампеццо қаласында өтетін қысқы және 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласы қабылдайтын жазғы Олимпия ойындарына қосатын спортшыларымыздың да әлеуетін бүгіннен бағамдау маңызды. Бұған қатысты қойыл­ған сауалға жауабында вице-министр кешенді жұмыс атқа­рылып жатқанын жеткізді.

«Елімізде резервтегі спортшыларды даярлауға арналған 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ әр өңірде 20-ға жуық Олимпиадалық даярлау орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның екеуі жазғы рес­публикалық даярлау орталығы: Аст­ана және Алматы қала­ла­рында орналасқан.

Париж олимпиадасымен ғана шектелмей, бүгінде 2028 жылы Лос-Анджелесте, 2032 жылы Брисбенде өтетін олим­пиадаларға да дайындық кешенді жүргізіліп келеді», деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Қазіргі уақытта лицензия же­ңіп алған барлық спорт тү­рінің ерек­ше­лігін, физио­ло­гиясын және қа­жет­тіліктерін ескере отырып, жеке жоспар бо­йын­ша да­йындық пысықталып жатыр. Даярлау жұмыстарын жүйелі жүргізуі үшін 10 спорт түрінен 14 шет­елдік маман да шақырылған.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша спорт саласындағы басқару инс­титут­тары арасында тиімді ком­муни­кацияларды үйле­стіретін және қам­тамасыз ете­тін штаб құрылды. Спорт­ты дамыту дирекциясы, Ту­ризм және спорт индустрия­сын қолдау қоры тарапынан спорт­шы­ларды са­палы даярлау үшін бар­лық мүм­кін­дік жасалып отыр. Әсі­ресе медициналық, фарма­ко­логиялық құралдармен және спорт­­­тық тамақтанумен қам­та­­масыз ету жолға қойылды», деді Серік Жа­рас­баев баспасөз мәсли­хатында.

Францияға аттанатын делегация құрамында 118 адам бар. БАҚ өкілдері, дәрігерлер, жат­тықтырушылар, спортшылар сын­ды делегация мүшелері аккредиттеуден өтіп, Шенген визасын алды. Спортшылардың арасынан алдымен ескек есушілер аттанады. Олар жаттығу жиынын Францияның Гравлин қаласында өткізіп, бірден Парижге ұшады. 22 шілдеде Астанадан 4 команда, Алматыдан 10 команда, сондай-ақ Еуропада жиында жүрген және жарысқа қатысып жүрген 13 команда Олимпиадаға жол тартпақ.

Серік Жарасбаев Париж жаз­ғы Олимпия ойында­рында медаль олжалайды деп үміт арт­қан спортшы­лар арасынан 54 спорт­шыға баса екпін беріліп, да­йын­дық­тарына айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Олар жоғары нәтижемен оралады деп үміт етеміз. Сон­дықтан да кешенді жаттығуы үшін ғы­лыми топ жұмыс істеп отыр. Медициналық тексеруден өткізу, фармакологиялық қажеттілікпен қамтамасыз ету, тамақтануына дейін жүйелі жүзеге асырылады», деді спикер. Әр спортшының жеке да­йындығын бас бапкер ғана емес, федерация басшылығы да бақылауға алып, жіті қада­ғалап отырғанын жеткізді.

Париж Олимпиа­да­сының салтанатты ашылу рә­сімінде еліміздің делегациясын бастап, ту ұстап шығушылар да белгілі. Бокстан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов пен же­ңіл атлет Ольга Сафроноваға көк туымызды көтеріп шығу жүктелмек. Резервте грек-рим күресінің балуаны Нұрсұлтан Тұрсынов пен семсерлесуші Әйгерім Сарыбай да тұр.