Квотаның бірі былтыр өткен әлем чемпионатында пара жеңіл атлетикадан қола медаль олжалаған Дастан Мұқашбековке бұйырды. Екі жолдама ұлттық құрамадағы әйел және ер адамға беріледі.
«Жаттықтырушылар штабы мен Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығы қызметкерлерінің шешімімен қалған екі квота кімге берілетіндігі нақтыланады. Таңдау кезінде спортшылардың әлемдік рейтингтегі көрсеткіші, олардың соңғы жетістіктері мен қазіргі дайындығы ескерілетін болады», деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығына қарасты команда жетекшісі Мәулен Нәсіпқали.
Бүгінге дейін Қазақстанның спортшылары Париж жазғы Паралимпиада ойындарында спорттың 8 түрінен 16 лицензия иеленді. Олардың ішінде: пара пауэрлифтинг – 1, пара жеңіл атлетика – 3, пара жүзу – 4, волейболды отырып ойнау –1, пара үстел теннисі –1, пара таеквондо – 3, пара каноэ –2, пара оқ атудан 1 жолдама бар.
28 тамыз мен 8 қыркүйек аралығында өтетін аламанда қатысушылар 23 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы үшін додаға түседі.