Осылайша, қала әкімінің тікелей қадағалауымен салынған «Балқаш» таза су жинақтағышы пайдалануға берілгеннен кейін, Каменск үстірті шағын ауданы қордаланған, көпжылдық мәселеден құтылды.
Каменск үстірті шағын ауданында 8 мыңдай адам қоныс тепсе, ал Малковтар отбасы мұнда бірнеше жылдан бері тұрады. Татьяна Малкова су тапшылығы, әсіресе жазда қатты білінетіндігін айта келе: «Біздің алапта халықтың саны өскен сайын, су қысымы әлсіреп, су тапшылығы байқала бастады. Көршілердің көпшілігі бақшасын суаратындықтан, су жетпей қалушы еді. Амал жоқтықтан тау суын пайдаланып, кейде су таситын көліктердің қызметіне жүгініп қалушы едік. Бірақ екі жыл бұрын әкімдік жаңа су жинақтағыш құрылысының арқасында үздіксіз сумен жабдықталады деп уәде берген болатын. Нысан уәде үдесінен шығып, тез салынды. Жаңа су жинақтағыштың қысымы өте жоғары, бұған өте қуаныштымыз», дейді.
Каменск үстіртінің тұрғыны Виталий Замараев сумен жабдықтау берілген сәттен бастап мәселенің шешілгенін баяндай отырып: «Бұрын бізде суық сумен қамтамасыз етуде үлкен мәселе болды. Енді су түнде де өшпейді, күндіз су үнемі болады. Барлық тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ, дән риза. Бәрімізде жеке, жер үй болғандықтан, су қажеттілігі басым, бақша суарамыз, басқа да шаруашылық жұмыстарға су керек. Қордаланған мәселе шешімін тапқаны үшін қуанып, қазір көңіліміз орнына түсіп, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз», дейді.
Осы алаптағы тұрғындардың бірі Лаура Құрманғалиева да: «Осының алдындағы кездесуде Алматы әкімі бізге, Ладушкин көшесінде тұратын тұрғындарға орталық сумен жабдықтауды жүргізуге уәде берген. Ладушкин көшесінің барлық тұрғынының атынан орындалған уәдеге ризашылығымызды білдіреміз, қазір бізге су келді. Судың қысымы жақсы, енді ешқандай мәселе жоқ», дейді қуанышымен бөлісіп.
Тақырыпқа орайлас Медеу ауданының жоғарғы жағын сумен жабдықтау жерүсті көздерінің әсер ету аймағында орналасқанын, бұған дейін бұл аумақ Алматы облысы Талғар ауданының құрамында болғанын еске сала кеткен жөн. Бұл аумақ 2013-2014 жылдары ғана Алматы қаласының Медеу ауданына қосылды. Содан бері осы шағын ауданның тұрғындарын сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып келген.
Ал 2022 жылы ұңғымалардағы су деңгейінің 2,5 есе – 150-ден 60 текше метрге дейін төмендеуіне байланысты жағдай шиеленісіп кеткенін айту керек. Осыдан кейін қала әкімі тұрғындарды жерасты сумен жабдықтау көздеріне қосу бойынша алғашқы ауқымды жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған еді.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың мамырында басталып, 6,9 мың текше метрге 5 резервуар, тәулігіне 7,3 мың текше метрге 3 ұңғыма салынды, 6,1 км жаңа магистралдық желі салынды. Сондай-ақ қолданыстағы 8 ұңғыма қайта жаңартылып, жабдықтары ауыстырылды.
Қосымша құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарына кезең-кезеңімен су беріледі. Соның нәтижесінде төрт шағын ауданның 20 мың тұрғыны тұрақты сумен қамтамасыз етіледі.
Алайда Алматыда борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшірілетіндігіне тоқтала кетейік. Жылыту маусымы аяқталғандықтан, «АлЖЖ» ЖШС жылу қарызын төлемегендердің ыстық суын өшіруге кірісті.
Қазірдің өзінде пайдаланылған ыстық су мен жылыту үшін жалпы берешек шамамен 2,1 млрд теңгеге жетті.
АЛМАТЫ