Абай • 02 Шілде, 2024

Ұлттық мұратты шыңдаған жол

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай туралы жазу қиынның қиыны болса да, хакім сөздері мен өмірбаяны тіл ұшына өзі-ақ оралып тұрмай ма? Ауылдағы үлкендер «әр елдің өз Абайы бар» деп отыратын. Қазір әркімнің деп айтып жүрміз. Хакім өмірі мен шығармашылығын оқырман сана-сезімі жеткенінше түсінетіні рас қой. Өңгесі танытушылардың ісі шығар.

Ұлттық мұратты шыңдаған жол

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір белгілі ақын ағам­ның сөзі еске түседі. «Семей мен Қар­қаралыдан ұзап шық­пай, Жидебайда жатып-ақ адамзатты жырлап тас­таған Абайдан асқан данышпан жоқ» дейтін. Ой, Алла-ай, десеңізші, шынында да Абайдың ұзап бар­ған мекендері Семей, әрі асса Қарқаралы екен-ау. Қа­зақ арасының өзін толық ара­ламаған. Ақыл мен ойдың құдіретінде шек жоқ деген осы емес пе? Ұзап жолға шық­пай-ақ, адам тануға ғана емес, әлем тануға даңғыл жол салып кет­кенін көреміз.

Алғаш сапары Қарқа­ралыдан басталыпты бала Абайдың. Мүмкін Семейге барған шығар, бірақ Әуезов «Абай жолында» ақын алты жасында әкесіне еріп Қарқаралыға, мешіттің ашы­­луына келгенін жазады. Одан кейін күйеу болып, басқа да жағдаймен қан­­шама рет барғаны анық. Мәселе, ақынның аулынан ұзап шыққан осы бір са­парының өзі Алаш баласын ұлттық мұраттарға бастайтын ұлы жолға айналуын­да. Абай жол қылған Семей мен Қарқаралының арасы асыл мұраттардың алтын көпірі болып қалды. Кейін қа­зақты қайтсем ел қылам деген Алаш арыстары осы жолмен Қарқаралыдан Семейге жөнеді. Әлихан, Ахметтер о баста Қарқаралы петициясын жазып, халыққа сол жерде таныстырған-ды. Мұнда тұрақтатпаған соң, арыстар шоғыры Қарқаралыдан Се­мейге жүргені – ақынның басып өткен жолын ырымдап, Абай мұратын бетке алғандай елестейді. Абай жолы, Абай шығармалары, басып өткен ізі – ұлы мұраттарға бастайды деген сөз. Кейбір пәл­сапашылар өмірді жол деп ұғындыратынын ойласақ, мұның мәні соғұрлым ашыла түседі. Алланың жазуы дейміз бе, ақынның рухы дейміз бе, Абайдан соң бұл аралықты маң­дайға тұтқандардың есімі тарихта алтын әріппен жа­зылғанын байқаймыз. Алаш арыстарының осы жолды басып өтіп барып Семейде ту тіккені белгілі. Олардан соң Қарқаралыдан Семейге оқу іздеп аттанған жеті жасар жетім бала Қасым Аманжоловқа да қасиеті дарыған. Қызыл им­перияның тұсында Қасым қазақтың ұлттық ақыны болып қалды. «Туған жер» өлеңінде Қасым айтпақшы, хакім бас­қан іздің «ол шеті мен бұл шетіне қарасаң», өмірдің ұлы мұратына жетелейді.