фото: qazaqstan.tv
Қысқа да нұсқа сөйлеп, өзін таныстырды. Өмір бойы Қостанайда тұратынын, осында үлкен бір мекемеде есепші болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанын айтты. Жолдасымен бірге ұл-қыз өсіріп, бақытты ғұмыр кешсе де, жастайынан жанын жеген ой – шыққан жерін, тегін, ата-анасын білмейтіндігі. Ол – 30-жылдардағы аштықта қырылған әулеттен қалған ұрпақ Қостанай облысында жетімдер үйінде ержеткен. Бұл жаққа Ақтөбедегі жетімдер үйінен ауыстырылған. Осы кезге дейін қанша сұрастырса да, туысқандары туралы бірде-бір дерек таппапты, Жетімдер үйіне кім тапсырғанын білмейді. Аштыққа ұшыраған ауылдарды аралап, тірі қалғандарды жинап жүрген комсомолдар оны шала жансар күйде тауып, Ақтөбедегі жетімдер үйіне тапсырған сияқты.
Әжей денсаулығына байланысты жол жүре алмайтынын айтып, менен Ақтөбедегі облыстық архивтен №5 жетімдер үйіне 1932-1933 жылдары қабылданған балалардың тізімінен өзінің аты-жөнін тауып беруін өтінді. Ол кісімен сөйлесіп тұрып, әке-шешеңіздің бейнесі, есімі есіңізде бар ма деп сұрадым. Әжей біраз уақыт үнсіз қалды. Ойланып тұр. Айтсам ба екен, айтпасам ба екен деген екіұдай сезімнің қайсысын таңдарын білмегендей. «Бала кезімде ұйықтап жатсам, құлағыма «Дарияға жақындамаңдар» деген әйелдің жағымды қоңыр дауысы келе беретін. Осы сөзді еске алып, анамның бейнесін есіме түсіргім келсе де, болмады», деді ол. Мен «Ақтөбеде дария деген сөзді көп қолданбайды. Дария – теңіз. Не болса да, сіз Арал теңізі бойындағы ауылдансыз» дедім. Апай көңілденді. Біраздан соң «Көз алдымда қазан басында жіңішке, ұзын тәп-тәтті бауырсақтарды пісіріп тұрған жаулық тартқан әйелдің бейнесі тұрады әрі оның ши бауырсақ деген сөзі құлағымнан кетпейді. Кейін осы бауырсақтарды Семей жағынан көрдім де, таңғалдым» деді. Ойланып қалдым. Апайдың Аралда туып-өскенін айтып, сәл асығыстау жасадым ба деп ойландым. Арал жағы ши бауырсақ пісіретін бе еді? Ши бауырсақ болса, бұл кісінің ата-анасы Абай ауылы, Семей жағынан болды ма? Бұл кісіні дария теңізбен, ши бауырсақпен не байланыстырып тұр?
Үлкен кісінің аманатымен облыстық мұрағаттан №5 жетімдер үйінің құжаттарын таптым. Өкініштісі, 1932-1933 жылдары Ақтөбе қаласындағы Мясоедов көшесінде орналасқан №5 жетімдер үйіне балалар дұрыс тіркелмеген. Жалғыз ғана папкі. Қалай болса солай тіркелген құжаттар. Сол жылдары жетімдер үйіне түскен балалардың аты-жөндеріне қарағанда, қанша дана сабын, қанша дана төсек-орын, киім жеткізілгені туралы мәліметтер толық. 1936 жылы осы жетімдер үйінің киім жуатын бөлмесінде өрт шығып, бірқатар есеп-қисап құжаттары өртеніп кетті деп жазылған. Біраз күннен кейін қайта қоңырау шалып, ол кісі туралы еш дерек таппағанымды айттым. Кейін ойлансам, әжей шамамен 1928-1929 жылдары дүниеге келген сияқты. Ақтөбедегі жетімдер үйінен Қостанайға ауыстырылғанда бірге кеткен құрбысымен өмір бойы апалы-сіңлідей сыйласып ғұмыр кешкен. Жалғыз туысы да сол кісі болған. Қазір бұл кісілер қайда екен? Әлде армандарын жүректерінде әлдилеп, өмірден өтіп кетті ме?
Ақтөбе облысы