Фото: shutterstock.com
«Азаптау жағдайларын тиімді тергеуді қамтамасыз ету» атты өткен іс-шараға құқық қорғау және сот органдары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелер, адвокатура институты, Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығы, құқық қорғау ҮЕҰ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ құқықтанушы ғалымдар қатысты.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Йоханнес Баур, Талдықорған құқық қорғау орталығының директоры Виктор Тен, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ директорының орынбасары Роза Ақылбекова елімізде азаптау жағдайларын жөнсіз тергеуге ықпал ететін азаптауларды тергеу кезіндегі құқық қолдану тәжірибесі және нормативтік себептерді талдау нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ жиында бұл тәжірибе мен нәтижелерді адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға және Азаптауға қарсы конвенция мен Ыстанбұл хаттамасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында қолданыстағы заңнаманы өзгерту ұсынымдары талқыланды.
Президент тапсырмасымен елде азаптаумен және сонымен байланысты басқа да құқық бұзушылықтарды жою шаралары қабылданғанын айтқан Т.Әбішев өткен жылдан бастап прокуратура органдарына заңнамалық деңгейде азаптауларға қатысты барлық істі тергеу өкілеттігі берілгенін атап өтті.
Прокурорлар Ыстанбұл хаттамасында белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес азаптау істерін жылдам және бейтарап тергеуді қамтамасыз етеді. Ол үшін прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы нұсқаулық қабылданды.
Еліміздің барлық өңірінде құрылған арнайы мобильді топтар азаптау туралы дабыл түскен кезде қылмыс жасалған жерге барып, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізеді. Былтыр және биыл прокурорлар азаптау туралы тергеп-тексерілетін істер аясында ҚПК-нің 200-бабымен уәкілетті органдардың атына қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 107 ұсыныс енгізді. 123 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 45-і басшылық лауазымда отырған.
Өткен жылы 10 мамырда қабылданған БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің қорытынды ескертулерін іске асыру аясында Үкімет аталған комитеттің ұсынымдарын іске асыру шараларын қабылдап жатыр. Мәселен, мемлекеттік органдар тарапынан азаптауды айқындау бөлігінде заңнаманы жетілдіру үшін Мәжіліс қарауына «Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.
Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 50, 63, 72 және 73-баптарына азаптау үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды міндетті түрде тағайындай отырып, құқық қорғау және арнаулы органдарда лауазымдарға орналасуға өмір бойы тыйым салу; шартты түрде соттауға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруға не тағайындалған жаза мерзімін қысқартуға тыйым салатын өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Сондай-ақ БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің ұсынымын іске асыру аясында және азаматтардың құқықтарының қорғалу кепілдіктерін арттыру мақсатында қылмыстық тергеу мен жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық бекітілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялау, сот төрелігі жүйесі мен соттан тыс құралдарды қоса алғанда, елде адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелерін талқыға салды. Сарапшылар құқық қорғау, арнаулы органдар қызметкерлерінің, сондай-ақ барлық жабық мекеме қызметкерлерінің құқықтық мәдениет деңгейін арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыс істейтін оқыту курстарын өткізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.