Президент • 03 Шілде, 2024

Президент: Ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет

89 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге БАҚ  өкілдері үшін өткізген брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

«Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

«Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді», деді Мемлекет басшысы.