Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, өңірдегі 367 елді мекеннің 248-і 4 G, 69-ы 3 G, 50-і 2 G-ге тәуелді болып отыр. Шаһарлықтар 5 G-дің игілігін көріп жатқан шақта, 50 ауылдың азаматтары 2 G-ге телміріп отырғаны кімді де болсын алаңдататыны ақиқат. Ал 2 G қуатындағы байланысты интернет деп айтуға бола ма?
Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков келтірген дерекке зер салсақ, ең төменгі интернет байланысына телмірген ауылдар Тұрар Рысқұлов ауданында көп екен. Бұл ауданның 12 ауылының тұрғындары 2 G желісіне жіпсіз байланып отыр. Сондай-ақ Меркі ауданының 10 ауылында да жағдай дәл осындай. Ал Жуалы ауданының 9 елді мекенінде, Сарысу ауданының 8 ауылында тұратын халық сапалы интернетке әлі күнге дейін зәру.
Ілгеріде, бала кезімізде құрдастарымыз интернет іздеп, талға өрмелеп, үйдің шатырына дейін мініп жатушы еді. Сол бір кезді еске алатын уақыт келген шығар десек, олай емес екен. Өркениет көшіне ілескен бүгінгі күні ауылдардағы ағайынның ғаламтордан қысастық көруі расында да толғандырмай қоймайды. Осындайда «ғаламторымыздың жылдамдығы Токиодан асты» деген әлгі бір әзіл іспетті әңгімеге еріксіз күледі екенсің. Бірақ бұл жылайтын жағдай ғой. Ауылда да ағайын бар, олар да уақыт көшінен қалғысы келмейді. Бірақ әзірге Бекжан Тұрыс орындайтын әндегідей: «Амалым қанша, амалым» деп жергілікті атқарушы биліктен қайыр күтеді.
Расын айту керек, 2 G түгілі 3 G жылдамдығындағы интернеттің өзі адамды әбден әбігерге салатыны анық. Қалаған сілтемеге дер кезінде кіру дегеніңіз бір ақырет. Ал енді жоқты бардай көріп келген 50 елді мекен тұрғындарының жағдайын түсініп көріңіз. Әрине, олар бірнеше жыл бойы ашуға бой алдырып, ғаламтордың жоқтығын шырылдап айтып-ақ жүр. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының жанайқайын жергілікті атқарушы билік естіді ме, олардың мұңына назар аударды ма?
«Талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ы қамтамасыз етілген, қалған 172 ауыл қамтылмаған. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023–2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 68 елді мекенде тиісті 4G базалық станса орнатуды жоспарлаған. Бүгінге дейін 18 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқталғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар «Kcell» АҚ өзіне алған міндеттемені орындауға күш салып жатыр. Мәселен, 2023–2024 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 26-сы тиісті жұмысты тәмамдады. Бұдан бөлек «Кар-Тел» ЖШС 2023-2024 жылдарға жоспарланған 61 елді мекеннің 28-інде атқарылуға тиіс жұмысты аяқтағанын айта кеткен ләзім. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр», дейді басқарма басшысы.
Р.Ноқрабеков келтірген дерекке сенсек, «Кар-Тел» ЖШС жоспардағы жұмыстан бөлек, Қосапан ауылына интернет жеткізуге күш салыпты. Нәтижесінде, Тұрар Рысқұлов ауданының аумағында орналасқан шағын елді мекен тұрғындары 4 G интернетіне қол жеткізіпті. Әрине, көп адам біле бермейтін түкпірдегі Қосапан жұрты сапалы интернетке қол жеткізгені көңіл қуантады. Ал басқа ауылдарда жағдай қалай?
«Жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылысымен, электр желісімен қамтамасыз еткен жағдайда 4 G мобильді байланысымен 28 елді мекеннің мәселесін шешуге болады. Бір сөзбен айтқанда, 28 ауылдың халқын сапалы интернет желісімен қамтуға мүмкіндік тумақ.
Қазіргі кезде Талас ауданы Қарой ауылында округ әкімдігі тарапынан АМС құрылысына жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарына дайындық пысықталып жатыр. Мобильді операторлар 5 елді мекенде өз қаражаты есебінен мобильді байланыс сапасын жақсартты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Ұлттық жоба аясында қолға алынған жұмыс аз емес. Алдағы уақытта өңірдің 170 елді мекені және ауылдарда орналасқан 455 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылмақ.
Нақтырақ айтсақ, осы жылы 30 ауыл мен 144 мемлекеттік мекеме ұлттық жоба шеңберінде атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсе, келесі жылы 86 ауыл, 204 мемлекеттік мекеме, 2026 жылы 44 елді мекен, 96 мемлекеттік мекеме, 2027 жылы 10 елді мекен,
11 мемлекеттік мекеме интернет игілігін көреді. Бұл жұмыс жоспарға сай жүргізіледі», дейді жауапты басқарма басшысы.
Жергілікті атқарушы билік өңірдің автомобиль жолдары бойындағы антенна-діңгек құрылысын қолға алу мәселесіне де басымдық беріп отыр. Керек дерекке жүгінсек, осы жылы Шақпақ ата – Отар автожолында 7 антенна-діңгек орнату жоспарланған екен. Қазіргі кезде бірқатар аудан бұл мәселе бойынша мердігерлермен келісімшарт жасасып жатса, кейбір аудандарда жобалық-сметалық құжат жасау бойынша конкурс жарияланған.
Сондай-ақ бірқатар аудан басшылары қажетті жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын қолға алған.
Әлбетте, бір қарағанда өңірде интернет желісін жақсарту бойынша аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әйтсе де, қолға алған істі дер кезінде аяқтау керек-ақ. Өйткені өңірдегі елді мекен тұрғындарын мобильді және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етудің маңызы зор.
Жамбылдықтар бірінші кезекте сапалы интернетке қол жеткізгісі келеді. Бұл мәселені елді мекен тұрғындары бірнеше жыл бойы көтеріп жүр. Бүгінге дейін 180 ауылдың 72-сінде ғана базалық станция орнатылғаны кімді де болсын толғандырмай қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, жауапты тұлғалар жұмысты ширатқаны абзал.
Шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы интернетті күтіп жүргелі біраз жылдың жүзі болды. 2 G-ден көресіні көрген халықтың талап тілегі уақтылы орындалса дейміз. Ауыл дейміз-ау, облыс орталығы Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағын ауданының халқы да интернет ара-тұра ұстамай қалатынын айтып жүр... Қалай болған күнде де өркениет көшіне ілескен уақытта алтын бесікте жүрген жұрттың көш соңында қалмағаны абзал.
Жамбыл облысы