Бұл акцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары қызу қолдап, ауыл тұрғындарына кітап оқуды насихаттау, оларға кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу, университетке дарынды жастарды тарту мақсатында Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына іссапармен барып келді.
Еуразия ұлттық университеті ректорының кеңесшісі Абзал Талтеновтің айтуынша, ғалымдар шалғай аудандар мен ауыл тұрғындарына қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын ғана емес, танымдық-ағартушылық бағыттағы әдебиеттер мен университет ғалымдарының кітаптарын тарту еткен.
«Бұл акцияны университет ректорынан бастап, барлық профессор-оқытушы қолдады. Біз осы акция аясында алыстағы Қаратерек, Жарма, Бірлік, Салқынтөбе, Алтай ауылдарының кітапханаларына кейінгі шыққан 400 жаңа туындыны сыйлап, жас ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды мақсат еттік. Енді бұл бастамаға басқа да жоғары оқу орнындағы әріптестеріміз белсенді атсалысады деп сенеміз», деді ол.
Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Сондықтан тағылымды бастама ауыл жастарының қоғамдық ой-санасын жетілдіріп, рухани өсуіне де өз септігін тигізері анық.