Қазақстан • 04 Шілде, 2024

Ирандық компаниялар Қазақстанда ірі гидротехникалық нысандар салуға ниетті

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның Энергетика министрі Әли Акбар Мехрабианмен кездесті. Тараптар жаңа гидротехникалық нысандардың құрылысын және суармалы су шығынын азайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ирандық компаниялар Қазақстанда ірі гидротехникалық нысандар салуға ниетті

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Әли Акбар Мехрабиан ирандық компаниялар Орталық Азияда, атап айтқанда, Қазақстанда әлемдегі ең ірі бөгеттердің бірі саналатын – «Бахтиари» ГЭС-ке ұқсас ауқымды жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ министр Иран суармалы суды тасымалдаудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын екенін және бұл булану себебінен болатын шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Нұржан Нұржігітов өз кезегінде мұндай жобалар Қазақстанның оңтүстік өңірлері – Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары үшін қажет екенін атап өтті. Осы орайда министр ирандық компанияларды келіссөздер жүргізу үшін Қазақстанға шақырды.

«Биылғы су тасқыны еріген қар суын қауіпсіз өткізу және одан әрі тиімді пайдалану үшін жаңа су қоймалары қажет екенін көрсетті. Ирандық компаниялар өте табысты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың жұмысының тиімділігін көргендіктен ирандық әріптестерімізбен тығыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайынбыз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.