Спорт • 05 Шілде, 2024

Данияр Қасқарауов: Аралас жекпе-жекке әуесқойларды араластырмау керек

77 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек спорт түрін әуесқойлар арасында дамытқан дұрыс па? Үй орнындай октагонның ішінде қан-жоса айқасты насихаттау, теледидардан көрсету қаншалықты орынды? Тіпті ММА жылдан-жылға «жасарып», жеткіншектер арасында да кең етек алып барады. Он екі мүшеңнен ауыр соққы алатын зілмауыр спорттың зардабын да тартатын – спортшы. Жуырда Ақтауда ММА-дан турнир үстінде түбіт мұрты тебіндеп келе жатқан жасөспірім жан тапсырды. Мәжіліс депутаты, «Алаш прайд» клубының құрметті президенті Данияр Қасқарауовпен сұхбатымыз дақпырты басым ММА спорты төңірегінде өрбіді.

Данияр Қасқарауов: Аралас жекпе-жекке әуесқойларды араластырмау керек

– Өзіңіз де естіп-білдіңіз, жақында Ақтау қаласында аралас жекпе-жектен өткен турнирде 17 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Жарыс кезінде жан тапсырған жасөспірім қазасының себебін тергеу орындары анықтайды. Айт­пағым, ММА спортын әуес­қойлар арасында дәріптеу, насихаттау, ба­лаларды баулу қаншалықты орынды?

– Батыс елдерінде, басқа да мұсылман дінін ұстанатын азаматтар аз тұратын мемлекеттерде ораза айында спорттық жарыстар тоқтаусыз өткізіле береді. Әсіресе ММА спортынан. Біз «Алаш прайд» клубын құрған уақыттан бері берік ұстанатын қағидамыз: ораза айында және одан кейін бір ай мерзімде ешқандай жарыс өткізбейміз. Біз үшін спортшының денсаулығы, өмірі маңызды. Ақтауда өткен жекпе-жек сайысында қайтыс болған спортшы ауыз бекітіп, ораза тұтқандықтан қайтыс болды деп те тон пішуге болмайды. Тер­геу, тексеру барысында өлім себебі нақтыланады.

Менің айтпағым, жалпы ММА спортын тек кәсіпқойлар арасында ғана жандандыру керек. Жекпе-жекке түсетін екі спортшының бірін-бірі жеңуі үшін аяусыз сабайтын доданы теледидардан насихаттап та көрсетуге кө­рермен ретінде, осы спорттың ішкі әлемін тереңдей білетін маман есебінде түбегейлі қарсымын. Жасөспірім балалар арасында да ММА спортынан жарыс өткізіліп жүр. Яғни барлығы да – әуесқойлар арасындағы дода. Сондықтан ММА спортымен әуесқойлардың шұ­ғыл­дануын, сайысқа қатысуын құптамаймын. Себебі бұл – на­ғыз ерлердің жекпе-жекке түсетін додасы. Бірнеше спортты қамтитын саланы экраннан насихаттап, көпке жарнамасын жасаудың аса қажеті жоқ. Ал енді қатыгездікке үндейтін спорт түрі емес пе деген сұрақ туындап отыр. Тай боксы дегенді білесіз, мұнда да қан-жоса төбелес. Жа­уынгерлік самбода да баспен ұруға рұқсат, қолмен соғып, аяқ­пен теуіп қарсыласыңды сұла­тып салуға тоқтам жасамай­ды төреші. Осы қырынан алғанда ММА спортын, яғни аралас жекпе-жекті қатыгездікті насихаттайды деп кел­те байлам жасауға болмайды. Бұл спортқа тек кәсіпқойлар ғана келуі керек. Жалпы, бізде жекпе-жек спор­тында ауқымды реформа жасалып, жұмысын жүйе­лі жүргізу қажет. Білікті ма­­ман­­дарды осы спорттың төңі­регіне топ­тас­тырудың уақыты әлдеқашан келді.

– Демек ММА спортынан әуесқойлар арасында сайыс өткізудің де қажеті жоқ па?

– Жекпе-жек спортына мық­тының мықтысы, жүрегінің түгі бар, спортпен кәсіби түрде шұғылданатын саңлақтар ке­луі керек. Жарыс та осындай түрлі сыннан өткендер арасында өрбуге тиіс. Ал әуесқойлар арасында турнир өткізуді кім қадағалап отыр? Қатысушы спорт­шылар ме­ди­циналық тек­серістен өте ме? Төрешілердің біліктілігі қалай сараланады? Тәжірибелі төрешіні шақыртса, қалтасына салмақ, содан кейін спортты біледі-ау деген таныс-біліс жаттықтырушыларды да төрешілікке тартады. Бұған бас қатырмаған соң да әлгіндей келеңсіздік орын алады. ММА – аудиториясы айдындай кең спорт түрі. Елімізде ММА спор­тымен кәсіби шұғылданып, түрлі халықаралық сайыстарда байрағымызды желбіретіп жүрген спортшылардың басым көпшілігі – ауылдың балалары. Олар спортта шыңға шығу үшін ақысын төлеп, жаттығу залына барады, қаржысын шығындап, түрлі дәруменін алады. Бюджет қаржысының ешқандай да шарапатын көрмейтін спортшылар табыс табуы үшін де осы саланы таңдайды. Көбіне ауылдан шыққан, бала кезінен спортпен шұғылданып, шың­далған саңлақтар келеді. Елі­міздің атынан түрлі деңгейдегі халықаралық додаларда жеңіске жетіп, мәр­тебемізді асырады. Осы биікке жету жолында олардың қалай тер төгетінін, жанкештілікпен жаттығу өт­кізетінін сырт көз сезіне бермейді. Әуесқойлардың ММА деп түрлі шоу жарыс өткізуіндегі кем­шіліктер кәсіпқой спортшыларды да сынға ұшыратып отыр. Осыған бір тоқтам болуға тиіс деп санаймын. Тек мықтылардың арасынан іріктелген сайдың тасындай сақа жігіттердің жекпе-жек өткізетін алаңын мазаққа ай­налдырушылар артып барады. Көрермен арасында оның ара-жігін айырып, салмақтап, саралайтындары некен-саяқ. «Соқыр тауыққа бәрі – бидай» дегендей, жанкүйерге ММА-ның әуес­қойлар мен кәсіби спортшылар арасында айырмасы жоқ. Ок­тагонның ортасында тұрып аузы­нан ақ ит кіріп, көк ит шығып былапыт сөз айтуы, оғаш қылық көрсетуі – кәсіби спортшыға тән қасиет емес. Өкініштісі, жастар соларға қарап бой түзеуге бейім, еліктеуге ынтық. ММА қазанында қайнағаннан кейін сөз бәрімізге тиеді. Осындай есерсоқтардың кесірі кәсіпқой спортшылардың да атына кір келтіреді.

«Алаш прайд» клубының жек­пе-жек кешін өткізгенде қатысушы саңлақтарды сұрыптау қатаң жүргізіледі. Тіпті әрбір қатысушының бұған дейінгі спорт­тағы жетістігі, қандай спортпен шұғылданғаны бәрі-бәрі жіті зерттеледі. Көрерменді алдап, көпшіліктің көңіліне күмән ұялатып, әлсіз спортшыларды жинап алып сайыс өткізу де дұрыс емес. ММА спортын кәсіп көзі емес, спорттың ірі өрісі деп қарау керек.

Аралас жекпе-жектен ауқым­ды турнирлерді ұйымдастырып өткізуші промоутер ретінде ай­тарым, сайысқа қатысушы спорт­шының тағдыры – бәрінің мойнында. Дәрігер додаға қа­тысудың алдында толыққанды тек­серістен өткізуге тиіс, сайыс үстінде төрешінің қырағылығы да майданға түседі. Ол спортшының жайсыз сезінгенін дер уақытында байқап, жекпе-жекті тоқтатуға міндетті. Спортшының жеке бапкері де шәкіртінің қандай көңіл-күйде екенін терең білуі керек.

– 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасындағы сүрең­сіздіктен кейін де қазақ спортына қарата айтылар сын үдеді. Бірнеше спорт тү­рін мемлекет есебінен қар­жыландыруды тоқтату керек екенін, тек медаль олжалауға тиімді, елі­міз­дің табиғи климатына қо­лайлы спорт түрлерін да­мыту қажеттігі айтылып ке­леді.

– Менің пікірім мынаған саяды: спорт – ең әуелі ха­лықтың саулығы. Кәсіби түрде шұғылданып, те­реңдей ену әр адамның икеміне қарай бо­луы керек. Ал бізде ресми тіркелген спорттың басым көп­шілігі мем­лекеттік бюджеттен қар­жы­ландырылып, орта қазанға ортақтасады. Ешқандай нәтиже де жоқ, дамығанымыз да шамалы. Міне, осындай мардымсыз спорттың әр түріне қа­ражатты ысырап етпей, кері­сін­ше, бұқаралық спортты дамыту жолына арнап, ауылдық жерлерден алаңдар салып, стадион соғып, жаттығу залын ашса, ұлт саулығына бастар жол болмай ма? 20-30 мың халық тұратын ауылдарға барсаң, балалар ойнайтын спорттық алаңқай жоқ, спорт кешені қолжетімді емес. Кәсіби спортты дамытудың стратегиясы болу керек. Қазынадан қаржы бөлуде ешқандай қа­зымырлық танытып жатқан жоқ мемлекет. Тек соны ұқсата алу керек. Олимпия ойындары мемлекеттің мәртебесі мен айбары таразыға тартылатын сын болғандықтан, соның нәтижесіне қарап әлеуетіңді бағам­дайсың. Париж жазғы Олим­пия ойын­дарының да дүбірі құлақ түбінен естіліп тұр. Спорт саласында ат­қарылатын ауқымды шаруа шаш-етектен.

Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»