Спорт • 05 Шілде, 2024

Жүлде үшін таласады

41 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ХХХІІІ Париж жазғы Олимпия ойындарында семсер­ле­сушілер жекелей және командалық сайыста тартысқа түседі. Ұлттық құрама бапкерлері Париж Олимпиадасына кімдердің баратынын жария етіп, тізімді түзді. Шпагамен семсерлесуден жекелей сында Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов жүлде үшін таласады. Жекелей сында додаға қосылмайтын Ерлік Сертай командалық сайыста құрама сапын нығайтады.

Жүлде үшін таласады

Ерлер құрамасы әлем кубогі кезеңдерінде олжа салып әлемдік рейтингте алдыңғы лектен көрініп, Париж жазғы Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Жігіттер соңғы жаттығу жиынын Испанияның Алмейра қаласында Еуропа мен Азияның тегеурінді командаларымен бірлесіп өткізбек.

Кейінгі жылдары семсерлесушілердің нәтижесі жақсарып келеді. Руслан Құрбанов былтыр әлем чемпионатының қола медалін олжалап, семсерлесу спортынан әлемдік аламанның жүлдесін алған алғашқы спортшы атанды. Отыз жылдың ішінде әлем чемпионатының жүлдесі бізге бұйырмай келген-ді. Былтыр еліміздің ерлер командасы әлем кубогінде топ жарып, жазғы Олимпиаданың жолдамасын иеленді.

Әйелдер сынында Әйгерім Сарыбай ел сенімін арқалайды. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен лицензиялық турнирде Париж жазғы Олимпиадасының жолдамасын еншілеген еді.