Шаһардағы №1 емхана мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны да – жаңа тәжірибені қолға алған мекеменің бірі. Емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов осы бастаманың нәтижесінде жұмыс сапасы жақсарып, ауруды ерте анықтау көрсеткіші артқанын жеткізді.
– Үздік тәжірибелік орталық қызметінің негізгі мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Емхана тұрғындарға жақын орналасу керек. Яғни азаматтарға емханаға баратын жол алыс болмауға тиіс. Егер аумақтық үлкен емхана болса, басқа аудандардан бөлімшесін ашуға болады. Дәрігерлер сол жерден науқастарды қабылдайды. Цифрландыру нәтижесінде науқастар мобильді қосымша арқылы дәрігерлерге алдын ала жазылатын болған. Соның нәтижесінде емханада бұрынғыдай ұзын сонар кезек азайған. Мұның барлығы дәрігерге алдын ала жазылып, баратын күнді ертерек жоспарлаудың нәтижесінде іске асып отыр. Мамандар да мобильді қосымша арқылы диспансерлік есепте тұрған науқастарды кезегімен шақырып, тексеруден өткізеді. Дәрігерге қаралуды телефонмен реттеу емханаға күн сайын ағылып кеп жататын адам санын азайтты. Үздік тәжірибелік орталықтың тағы бір ұтымды жері науқастарды аралау учаскелік дәрігер мен медбикенің ғана жеке міндетіне кірмейтін болды. Олармен бірге енді психолог пен әлеуметтік қызметкер де қоса аралайды. Яғни учаскені аралау жұмысын төрт маманнан құралған топ атқарады. Қажет кезде топқа онколог, кардиолог сынды мамандар да қосыла алады, – деді М.Бейсеуов.
Емхана басшысының айтуынша, үздік тәжірибелік орталық қызметіне өту нәтижесінде учаскелік дәрігерлер отбасылық дәрігер санатына көшті. Өйткені учаске аралайтын топ науқастың өзін ғана емес, отбасы мүшесін толық жауапкершілігіне алып отыр. Мәселен, егер науқастың денсаулығында кінәрат болса, дәрігер қарайды, әлеуметтік проблеманың барын байқаса, әлеуметтік қызметкер бағыт-бағдар сілтейді. Сол секілді психолог та өз қызметін көрсетеді. Топтың құрамында психолог маманның болуы өте маңызды деп санайды М.Бейсеуов. Себебі қазір әлеуметтік қиындықтардың салдарынан уайымға салынып, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратын адамдар көбейіп барады.
Бұрынғы кезде әлеуметтік қызметкерлер мүгедектігі бар науқастарға дәрі-дәрмекті үйіне дейін жеткізіп тұратын. Немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тиісті құжаттарын ресімдеуге көмектесетін. Үздік тәжірибелік орталық әлеуметтік қызметкерлерге жаңа міндеттер жүктеді. Бұдан былай олар науқас тұрып жатқан үйлердің аула тазалығына, жаңа туған нәрестенің отбасындағы жағдайына да қарайды. Мәселен, перзентханадан шыққан сәбидің үйінде туберкулезбен немесе онкологиялық аурумен ауырып жатқан науқастар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік қызметкер учаскелік дәрігермен бірге ол науқастардың ауруханада қосымша емдеу терапиясынан өтуін қамтамасыз етеді. Яғни нәрестенің денсаулығына ешнәрсе қауіп төндірмеуі керек. Тіпті топ құрамындағы мамандар учаске аумағынан әлеуметтік жағдайдың жасалмағанын немесе маскүнем, нашақор секілді қоғамға зияны бар адамдарды байқаса, әкімдік өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлерін шақыртуға құқылы. Сондықтан емханадағы әр топтың картасы болады. Онда кейстер, яғни проблемалық учаскелер көрсетіледі. Мамандар тобы сол мәселені шешуге тырысады. Осылайша, емхана бригадасына өз аумағындағы проблемалық нүктелерді жою үшін зор жауапкершілік артылған.
– Үздік тәжірибелік орталыққа өту үшін алдымен Тараз, Алматы қалаларындағы әріптестерімізден біраз нәрсе үйрендік. Дәрігерлер өз алдына, әлеуметтік қызметкерлер де өз салалары бойынша тәжірибе жинады. Сосын Астанадан орталық жұмысын арнайы оқытатын мамандарды шақырттық. Елордадан келген мамандар біздің жұмысымызды бағалап, өздерінің тәжірибелері бойынша емханадағы біраз құрылымды өзгертті. Соның нәтижесінде қызмет көрсету тәсілі оңтайланды. Оны күнде келіп жүрген науқастар да бірден байқады. Бұрын учаскелік дәрігерлер онколог, кардиолог сынды арнайы мамандармен араласып отыра беретін. Қазір олардың әрқайсысын бөлек қабаттарға жайландырдық. Яғни емхананың бірінші қабаты медициналық диагностикаға арналса, екінші қабатында учаскелік дәрігерлер кабинеті орналасқан. Үшінші қабатта емхананың әкімшілік қызметкерлері мен арнайы маман-дәрігерлері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ үздік тәжірибелік орталық аясында науқастарды қолдау қызметі деген арнайы жобаны іске асырдық. Ол бойынша емхананың кіреберіс аумағынан орын белгілеп, сол жерде мамандарымыз келген науқастарға түрлі медициналық-әлеуметтік мәселеге қатысты ақыл-кеңесін айтады. Тіпті кестесін де түздік, мамандар сол бойынша кезегімен жұмысқа түседі. Олардың ішінде қарапайым дәрігерден бастап, емхананың бөлім меңгерушілері, орынбасарлар мен бас дәрігерге дейін бар. Егер науқастың жағдайы күрделі болып жатса, бірінші қабатқа барлық маманды жинап, консилиум өткізіп жібереміз, – деді М.Бейсеуов.
Бас дәрігердің мәлімдеуінше, халық жаңа өзгерістерді жылы қабылдады. Бастапқы кезде кішкене түсінбеушіліктер де болған. Мәселен, арнайы мамандарды үшінші қабатқа көшіргенде наразылық білдіргендер табылған. Ал қазір емханаға келушілер мұндағы қызметке тек риза болып кетеді. Өйткені жұмыстың бәрі бір жүйеге келтірілген. Арнайы мамандар үшінші қабатта отырғанымен, бір жерде шоғырланған соң әрқайсысына қаралып кету науқастарға да оңай болып тұр.
Бүгінгі таңда үздік тәжірибелік орталық моделін шымкенттік дәрігерлер өзге өңірлерден үйреніп қана қоймай, басқа аймақтардың мамандары да тәжірибе алмасу үшін Шымқалаға келіп жатыр. Мәселен, Маңғыстау, Ұлытау облыстарынан келген арнайы делегация қалалық №1, №6 емханалардың үлгілі жұмыстарымен танысты. Денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, психологтерден құралған 30-ға жуық маман шымкенттік әріптестерінен тәжірибе үйреністі. Өз кезегінде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Ізбасар өңірден 3 үздік тәжірибелік орталық ашуды көздеп отырғанын жеткізді.
ШЫМКЕНТ