Келелі жиында Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы жоғары білім мен ғылым саласындағы маңызды мәселелер жан-жақты қамтылды. Симпозиумда алғашқы болып сөз алған Президент кеңесшісі Болат Ақшолақов еліміздің бас қаласы екі күннен бері түрлі сала бойынша сұхбат орталығына айналғанын атап өтті.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысушы мемлекеттердің басшылары бір шаңырақ астына жиналды. Шын мәнінде, бұл ауқымды іс-шараның маңызы өте зор. Басты мақсат – өркениет үндестігін орнатып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Осы саммит аясында өтіп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттері симпозиумының да мәні ерекше. Өйткені ұйымға мүше елдердің жоғары оқу орындары бір-бірімен тығыз байланысып, жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуы қажет. Дамыған мемлекеттер экономикалық әлеуетін көтеру үшін жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейдегі университетке айналдыруға күш салды. Осы ретте ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары оқу орындары бірлесіп, университеттік ғылымды дамытуға маңыз беріп отыр. Дегенмен бұл бағытта университеттер өзара тәжірибе алмасуды күшейтіп, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруды қолға алған жөн. Осындай іргелі істі атқаруда ШЫҰ-ның рөлі өте зор», деген Б.Ақшолақов бүгінгі жиынға арнайы келіп қатысқан ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мырза мен шетелден келген жоғары оқу орындарының ректорларына, әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен ғалымдарға алғыс білдірді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қытай Халық Республикасы Төрағасының елімізге ресми сапары аясында екі елдің осы салаға қатысты министрлігі білім және ғылым саласы бойынша бірқатар келісімге келгенін тілге тиек етті.
«Қытай – біздің үлкен стратегиялық көршіміз. Сондықтан қытайдың тарихын, мәдениетін, тілін жетік біліп, түсінуіміз қажет. Енді еліміздегі жетекші және ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын арнайы кафедралар құрылады. Бакалавр, магистратура мен докторантурада оқитындарға қытай тілі екінші шет тілі ретінде ұсынылады. Сондай-ақ биыл елордада Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылып, алғашқы 100 студент оқуын бастайды. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті негізінде Гонконг университетінің филиалы ашылады. Онда студенттер жасанды интеллект, архитектура, ақылды көлік жүйелері секілді бірнеше сала бойынша білім алады. Бұл оқу орны – Гонконгтің жылдам дамыған университеті. Әлемдегі үздік 100 жоғары оқу орнының бірі. Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылады. Бұл шеберханада білім соңғы үлгідегі қолданбалы форматта оқытылады. Мұндай орталық бұған дейін Өскеменде ашылған. Жалпы, Қытай үкіметінің «Бір ел – бір шеберхана» деген қағидасы бар. Соған қарамастан көрші мемлекет біздің еліміз үшін алғаш рет осындай шешім қабылдап отыр. Осы үшін ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мырзаға ризашылығымды білдіремін», деді С. Нұрбек.
Одан кейін сөз алған Қытай Халық Республикасының Білім министрі Хуай Цзиньпэн Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен заманауи технологияға негізделген экожүйені құру үшін жасанды интеллект пен цифрлық білімді бірлесіп дамытуға дайын екенін жеткізді.
«Қытай мен Қазақстан достығының ұзақ тарихы бар. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына
2 мың жылдан асты. Әсіресе кейінгі уақытта үлкен жетістікке жеттік. Кеше Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек екеуміз екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен білім саласындағы келісімге қол қойдық. Осылайша, жаңа тарихи кезеңге қадам жасадық», деді ол.
Сондай-ақ форум аясында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» атты кітабы таныстырылды. Бұл жинақта ШЫҰ-ға қатысушы елдердің білім, ғылым, халықаралық ынтымақтастық салаларындағы ортақ табыстары мен бірлесіп атқарған жұмыстары ағылшын, орыс, қытай тілдерінде баяндалған.
«Кітапқа енген мақалаларда жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері көтерілген. Көптеген жоғары оқу орны ШЫҰ шеңберінде ғылым мен білім бойынша жемісті серіктестікті дамыту тәжірибесімен бөлісті», деді аталған жинақтың таныстырылымында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев.