Ұйымның көптеген диалог алаңынан өзіндік айырмашылығы бар. Себебі ШЫҰ отырыстары – интеграция мен ынтымақтастыққа негізделген форматта көрініс табады. Осыған дейін ұйымның қызметі Орталық Азия өңіріндегі мәселелерге ғана бағытталса, қазір Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтауға бағыт алып отыр. Демек байқап отырғанымыздай, жаңа ережелерді ұсынатын халықаралық институттар барынша сұранысқа ие бола түсті деген сөз. Осы ретте ШЫҰ жаһандық тұрақтылық пен әлемге ортақ тәртіпті қалыптастыра алатын беделді орталыққа айналып отыр.
Саяси дағдарыс пен бәсекелестік, өңірдегі әртүрлі қауіптің артуы инвестициялық байланыстардың үзілуіне алып келуі мүмкін. Оның соңы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндіреді. Сондықтан ШЫҰ-ның мақсат-мұраты – тараптармен сындарлы диалог жүргізіп, тиімді қарым-қатынас орнатуға ықпал ету. ШЫҰ – беделді халықаралық ұйым. Сол себепті ұйымға қатысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Егер ұйым құрылған 2001 жылы 6 мемлекет болса, қазір қатысушылар саны 26-ға дейін өсті. Тілек білдірушілер әлі де көбейе береді.
Қазақстанның 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялау туралы ұсынысы Өзбекстанда да жоғары бағаланды. Бұл бағытта да атқарылған жұмыс көп. Мәселен, Астанада ұйымға мүше мемлекеттердің жастары мен бақылаушылардың кездесуінде таза болашақ құру туралы игі бастамалар талқыланды. Бұған қоса 2030 жылға дейін энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың жалпы стратегиясы әзірленгені қуантады.
Мурат БАХАДИРОВ,
Әлемдік экономика және дипломатия университетінің доценті, саясаттанушы (Өзбекстан)