Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру тағы басқа кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді. Сондай-ақ аталған салада жұмыстың жаңа форматы қажет.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және саяси салада үлкен өзгерістер болды. Билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Сондай-ақ мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда ел экономикасының жаңа үлгісін қалыптастыру үшін дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұндай нақты қадамдар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев Парламенттің VIII шақырылымының екінші сессиясының жұмысы туралы айта келе, Сенат пен мәслихат бірлігінің маңызды басымдықтарына тоқталды. Сонымен қатар Палата спикері заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді жұмылдырылғанын атап өтті. Сенат төрағасының айтуынша, жергілікті өкілді органдардың ұсыныстары мен бастамалары өңірлерді дамытуға қатысты мәселелерді шешу кезінде маңызды рөл атқаруға тиіс.
«Парламент бұл сессияда 102 заң қабылдады. Оның ішінде қоғамдық бақылауды күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл сияқты аса маңызды мәселелерді қамтитын заңдар бар. Сенаторлар үнемі өңірлерге барып, жергілікті жерлердегі әріптестерімен бірге тұрғындармен кездесіп, өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылады. Нәтижесінде, Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200 депутаттық сауал жолданды. Алдағы сессия кезінде де бірлескен жұмысымызды осы қарқынмен жалғастырамыз деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ кездесуде мегаполистегі өзекті түйткілдер, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.
«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да – негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», деді М.Әшімбаев.
Сапар барысында Сенат төрағасы шаһардың белсенді жастарымен кездесіп, реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер жөнінде айтты. Ол өз сөзінде жас азаматтарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларға және нақты бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобаларға да тоқталды. Сондай-ақ жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер беретін Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметі де әңгімеге арқау болды.
«Президенттің бастамасымен Қазақстанда жастардың білім саласындағы әлеуетін іске асыруға және қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Жас буынды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Өздеріңізге белгілі, биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымын жариялады. Бұл қағидаттар, ең алдымен, жастардың бойынан табылуы керек», деді Сенат спикері.
Сонымен қатар сенаторлар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Сондай-ақ олар бұған дейін Палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «Azala Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды.
ШЫМКЕНТ