Фото: Сенат
Еске салайық, Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Сенатордың пікірінше, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент тарапынан жүктелген міндет жүзеге аса бастады. Құрылтай барысында ел жастары ерекше тәуекел тобына жататыны туралы мәселе қозғалып, лудомания - қоғамда белең алған әлеуметтік мәселелердің бірі екені айтылған еді.
«Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың нәтижесі - тиісті заңнамалық қосымшаларды әзірлеу», деп жазды сенатор Facebook парақшасында.
Еске салайық, заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.
Сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино-видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.