Қоғам • 09 Шілде, 2024

Қос азаматтығы бар 8 адам елден шығарылды

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда қос азаматтық алуға рұқсат етілмейді. Көші-қон қызметі осындай заң бұзушылықтарды анықтауды жыл бойы жалғастырады, деп жазады Egemen.kz.

Қос азаматтығы бар 8 адам елден шығарылды

Фото: egov.kz

ШҚО полицейлері жарты жыл ішінде 30 қос азаматтығы бар шетелдікті анықтап, олардың 8-і Қазақстаннан шығарылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, тұрғындардың көбі заңды дұрыс білмегендіктен Қазақстан азаматының құжаттарын өздерінде сақтап келген.

«Мысалы, ШҚО Шемонаиха ауданының 19 жастағы тұрғыны биыл ақпан айында Ресей азаматтығын алған. Алайда жас жігіт бұл туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін білмеген. Құқық бұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кейінірек бұл материал аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданды», делінген ШҚО полиция департаментінің хабарламасында. 

Азаматтықты ауыстырған жағдайда Қазақстан азаматы 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау керек. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан шығуы туралы мәлімдеп, Қазақстан паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет.