Ал ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан осы олимпиаданың биология ғылымын дамытуда маңызы зор. Себебі олимпиада биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша теориялық және төрт практикалық турдан тұрады. Астана төрінде 83 елден 275 ғалым мен әлемнің 305 мықты жас биологі жиналып, білім бәсекесіне түсіп жатыр. Еліміздің құрама командасы сапында төрт мектеп оқушысы өз білімдерін көрсетеді.
Бейбітшілік және келісім сарайы. Жұрт Астана күнін тойлап жүр. Шілденің жетісі. Біз әр елдің орта мектеп оқушылары арасындағы өте беделді әрі білім саласындағы ең ірі іс-шараның біріне келдік. Келсек, олимпиаданың ашылу салтанаты болып жатыр. Оған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев басқа да бірқатар министрлік пен елшілік өкілдері, сондай-ақ IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова қатысты.
Ал бәсі биік бәсекенің өзі IBO-2024 оқу кабинеттері мен зертханалары биологиядан халықаралық олимпиаданың стандарттары мен талаптарына толығымен сай Назарбаев университетінде өтпек. Жарыстың ережесіне қаныққаннан кейін, олимпиада биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша теориялық және төрт практикалық турдан тұратынын түсіндік. Барлық тапсырманы еліміздің жас биологтері әзірлеген. Олимпиаданың практикалық және теориялық турларын өткізуге қажетті барлық зертханалық жабдықтар мен аспаптар, қажетті оргтехниканы «Freedom Broker» компаниясы қаржыландырған.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың елімізде өткізілуі аса маңызды екенін айтты. Биологиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілді, оған ол кезде тек 6 ел қатысыпты. Ал бүгін ел астанасында 83 мемлекеттің командасы жиналды.
– Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы осыдан бір жарым ғасыр бұрын «Адамның күші оның ойы мен білімінде жатыр» деген. Осы сөздің бүгінгі күні де өзекті екеніне күмән жоқ. Сіздердің көбіңіз болашақта белгілі биолог атанып, мыңжылдықтың орасан зор жаңалықтарын ашасыздар деп сенемін. Осы олимпиада әрқайсыңыз үшін мамандық таңдаудың, әлемдік ғылымның игілігі үшін елеулі жетістіктерге жетудің маңызды кезеңіне айналатынына сенімдімін. Олимпиада сіздерге біздің елмен танысып, салт-дәстүріміз, қонақжайлығымыз бен достығымыздан ұмытылмас әсер қалдырады деп ойлаймын, – деді Ғ.Бейсембаев.
Негізінен, «Биологиядан Халықаралық олимпиада» әлемдегі ең үздік 7 пәндік олимпиаданың біріне жатады. Отандастарымыз – 28 жыл бойы оның тұрақты қатысушылары. Осы жылдар ішінде олар әртүрлі аталымдағы 70-тен астам марапатқа ие болды: 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль. Осы көрсеткішті ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті олимпиаданы биыл Астанада өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Нақтырақ айтар болсақ, 2023-2024 оқу жылының қорытындысына сүйенсек, 1 218 оқушы 12 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға (Мажарстан, Сингапур, Грузия, Таиланд, Әзербайжан, Қазақстан, Қытай, Болгария, Түрікменстан, Кипр, АҚШ) қатысты. Ұлттық құрама мүшелері 603 медаль жеңіп алды, яғни біздің елден қатысқан әрбір екінші қатысушы халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Қазақстан құрамасының қоржыны 118 алтын, 201 күміс және 284 қола медальмен толықкан.
– Бүгін Астанада биологиядан 35-халықаралық олимпиада басталды. Мен келген қатысушыларды қарсы алғаныма қуанамын. «Freedom Holding Corp» бұл іс-шараны қолдайды. Өйткені бұл біздің балаларымыз үшін аса маңызды әрі ғылымды насихаттауға көмектеседі. Біздің басты байлығымыз – бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін, зор әлеуеті мен өсу келешегі бар бірегей және серпінді өнімдер мен шешімдер жасайтын адамдар. Біздің халқымыздың 30 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар, 12 жыл ішінде олардың үлесі 5 пайыздан өсті. Меніңше, керемет сандар. Біз оларды қолдау, өсу мен дамуға ынталандыру, әлеуметтік лифттер құру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Сондықтан «Freedom Holding Corp» білім беру жобаларына инвестиция салады, спорт пен ғылымды қолдайды, біз жас отандастарымыздың барынша кең ауқымын қамтуға тырысамыз. Еліміздің атынан 4 оқушы Ғалымжан Бақтыбай, Амина Тынырбай, Нұртөре Төреханұлы, Диас Сүлейменов қатысады. Балаларымызға сәттілік тілеймін, сіздерді мақтан тұтамыз, – деді Т.Турлов.
Оқушылар демекші, бір қызық үрдіске куә болдық. Қатысушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, барлығы бір уақытта «Олимпиадаға мүше боламыз. Ең адал түрде қатысамыз. Ереже бұзбаймыз» деп ағылшынша ант берді. Қазылар алқасы да «Әділ боламыз» деп сөз берді. Оқушылардың қызыл кілемнен өтіп, ерекше ілтипатқа ие болғаны да ерекше ауан сыйлады. Білім саласындағы мұндай құрметті алғаш көріп, таң-тамаша болып тұрғанымызда, тағы бір ерекшелік елең еткізді. Ұйымдастырушылар академиялық адалдықты сақтау мақсатында бәсекеге түсетін балалардың ұялы телефондарын түгелдей жинап алды. Қатысушылар жарыс біткенше ешқандай байланысқа шықпауы қажет. Осы қызықты тамшалап тұрғанда, еліміздің намысын қорғайтын жас өрендерді де көріп қалдық. Әрқайсысы жарысқа жақсы дайындықпен келген. Ұғысып-білістік.
Шетелден білімге құштар, еліміздің мәдениетіне қызығатын қаншама оқушы, жетекші, ғалымдар, сыйлы қонақтар келді. Тіл табысқанымызша сөзге тартып көрдік. Жаңа Зеландия командасының жетекшісі Анжела Шарплес өз әсерін ерекше сезіммен жеткізді.
– Қазақстанда болу керемет! Біз бірінші келген команда болғанымызға өте қуаныштымыз. Жаңа Зеландиядан ұзақ ұштық, бірақ сіздің елге келуді асыға күттік. Бізді қызықты әрі қиын емтихандар, сондай-ақ Қазақстанмен танысу мүмкіндігі күтіп тұр. Әртүрлі экскурсиялар жоспарланып отыр, оның ішінде бүркіт пен саятшылық та бар. Қазақстан біздің елден мүлдем бөлек, ерекше. Бұл да жағымды әсер береді. Біз ескі достарымызбен кездесуді, жаңа таныстар табуды аңсаймыз. Жарыс басталар алдында Исландия және Аустралия құрамаларымен бірнеше күн боламыз, – деді ол.
Ал Норвегиядан келген Олав Джонсен де толқыныс үстінде тұрды. Оған жарыстың боларынан, болатыны қызық екен. Себебі ұшақтан түскенше қобалжып келдім дейді. Өзінің айтуы бойынша, біздің елдің топырағы тыныштық сыйлапты. Мұны естіп, таңданысымызды жасыра алмадық. «11 жыл бойы оқыған біліміздің сыналар кезі келді. Тәжірибеге басымдық беріледі. Осы олимпиадаға жолдама алғанымызға қуаныштымыз. Мұның өзі – біз үшін жоғары жетістік. Қазақстанды тұңғыш көруім. Астана – әсем қала екен. Бұл қаланың ерекше энергиясы бізге шабыт берді», дейді әсерлене.
Сонымен өрендерге сәттілік тіледік. Ғимараттан шығып бара жатып, бұл бәсекені өткізу үшін үлкен дайындық жүргізгені есімізге түсті. Еске салайық, былтыр қараша айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен IBO Халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрайымы Ленка Либусованың кездесуі өткен. Тараптар зияткерлік сайысты ұйымдастыру мәселелерін, сондай-ақ отандық білім беруді дамыту келешегін талқылаған болатын. Ал еліміздің жас ғалымдары мен өткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарынан тұратын IBO-2024 ғылыми комитеті практикалық және теориялық турларға тапсырмалар әзірлеп, осы жылдың наурыз айында стресс-тест жүргізген. Астанадағы «Park Inn» қонақүйінде әр елден 13 сарапшы жиналып, Ғылыми комитет мүшелерімен бірге олар эксперименттік және теориялық емтихандардың тапсырмаларын талқылаған. Ғылыми комитет төрағасы Ілияс Сақимов биология пәнінен Дүниежүзілік олимпиада тапсырмаларын әзірлеу үшін Ғылыми комитет құрылғанын, оның ішінде еліміздің жас биолог-ғалымдары мен биология олимпиадасының жүлдегерлері бар екенін атап өткен-тұғын.
Осының бәрін ойға алып, көзімізбен көргенді көңілімізге түйіп қарасақ, бұл – шынымен де еліміздің тарихындағы елеулі оқиға. Біз қайтадан бастапқы ойымызға оралдық. Бірақ Ыбырай атамыздың басқа сөзі көңілімізді толқытты. «Ел мен жер – оның көгілдір арманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары – біздің басты байлығымыз. Жер, су, ауа адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға ұрпақ өкілдері біз де, кеңес адамдарының жас ұрпағы – сендер де, барлығымыз да көз қарашығындай сақтап, ел игілігіне жұмсауымыз қажет», деген сөзді тек біз ғана емес, олимпиадаға қатысып жатқан әр баланың ойлағанына күмәнім жоқ.