фото: semeytany.kz
Семинар-кеңестер жергілікті сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау және референдум туралы заңнаманы тестілеуден басталды. Тестілеу нәтижелері бойынша Н.Әбдіров сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу және тағайындау, әкімдер мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлау алдындағы үгіт, дауыстарды санау, сайлау мен референдумдар қорытындыларын шығару мәселелеріне қатысты оқыту жүргізуді тапсырды.
Кеңес барысында ОСК төрағасы сайлау жүйесіндегі ауқымды өзгерістерді атап өтіп, 2025 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлауға және биыл күзде шығып қалғандардың орнына мәслихаттардың депутаттарын сайлауға байланысты мәселелерді егжей-тегжей түсіндірді.
Сонымен қатар кеңесте материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау саласындағы шетелдік тәжірибе мәселелері талқыланып, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар түсіндірілді. ОСК-ның стратегиялық перспективалары мен басымдықтарына тоқталған Н.Әбдіров: «Басты басымдығымыз – сайлаушылардың сенімі», деді.
Аудандардың жас сайлаушыларымен кездесулерде ОСК басшысы Қазақстанның жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктері, сайлау саласындағы өзекті трендтер мен халықаралық тәжірибе, басқа елдердегі сайлаулар мен референдумдарды ОСК халықаралық байқауы туралы айтты. Кездесулерге қатысушылар сайлау тақырыптарына қатысты белсенді пікірталас өткізді. Ауыл жастары қызықты пікір айтып, түрлі сұрақтар қойды. Мәселен, Жарма ауданының жас маманы Ә.Мейіржанұлы басқа елдердің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне қызығушылық танытса, Бесқарағай ауданында жас заңгер А.Антонова Мажар елін үлгі ете отырып, 16 жастан бастап дауыс беруді енгізудің орындылығы туралы сұрақ қойды. А.Миятова дауыс беру кезінде студенттерді ықтимал қысымнан қорғау әдістері туралы сұрады. Жас оқытушы С.Ысқақова сайлаушылар үшін дауыс берудің баламалы түрлерін енгізудің маңыздылығы туралы айтып, олардың, әсіресе қарияларға ыңғайлылығын атап өтті.
Кездесуде жастар сайлау саласының өзекті мәселелері жайында дәстүрге айналған онлайн-сауалнамаға белсенді қатысты. Ал белсенді қатысушыларға «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеме, «Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстанның сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монография, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинағының екінші томы тапсырылды.