Жастар • 11 Шілде, 2024

Жігерлі жандар жарысы

25 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үстел теннисін көру қабілетінен айырылған жандар да ойнай біледі. Дыбыстық сезу түйсігі арқылы спортпен шұғылданып жүрген әуесқой теннисшілер Астана күніне орай додаға түсіп, шеберліктерін сынады.

Жігерлі жандар жарысы

«Ерекше мүмкіндіктер орта­лығында» Астана қаласының әкім­дігі «Дене­шынықтыру және спорт басқар­масының» қолдауымен «Шоудаун» Соқырлар үстел теннис федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі тартысты турнир өткізді. Федерацияға қарасты Астана қалалық филиалында 40-қа жуық үміткер додаға түсіп, бағын сынады.

Көру қабілеті мүлде семген, туа­бітті көзінің сырқаты бар жандар үшін «Шоудаун» зағиптар үстел теннис орталығында өткен тартыс спорт жәрмеңкесі іспетті. Мұнда келушілер тек үстел теннисімен ғана шұғылданып қоймай, сурет те салады, басқа да спорт түрлерін меңгеріп, салауатты өмір салтын қалыптастырады. «Шоу­даун» зағиптар үстел теннисі феде­рациясының президенті Жүзбай Серік осы спорт түрінің кең қанат жайып, қа­тысуға ықыласты азаматтардың шоғыры қалыңдап жатқанын айтты.

«Әлемнің 40-тан аса елінде шоудаун зағиптар үстел теннисі қарқынды дамып, бір ізге түскен. 2022 жылы федерациямыз құрылса, бүгінде 16 облыста филиалдары жұмыс істейді. Елордада тұратын зағип теннисшілер арасында турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың біліктілігі артып келе жатқаны қуантады», деді Ж.Серік.

Федерация президенті сайысты ұйымдастырудағы мақсат, көз жанарынан айырылған жандардың қоғамнан тысқары қалмай елдің өркендеуіне, саламатты ғұмыр кешудің үлгісін көр­сетуге өзіндік үлесін қоса алатынын көрсету екенін алға тартты.

«Көзім көрмей қалды деп адам өзін ұйыққа итеріп, уайымға салына беруге болмайды. Қолдың шапшаң қи­мылы арқылы және есту қабілетінің нәтижесінде үстел теннисін ойнай аласыз. Федерация атқарып келе жатқан жұмысқа ақпараттық қолдау қашанда керек. Қаншама үйде отырған жандар теннис үйірмесіне жазылса, бір уақыт сергиді, спортпен шұғылданады, қан айна­лымы жақсарады. Өзінің жігері жа­нып, қайратын арттыра түседі, ер­тең­ге деген сенімділігі жоғарылайды. Көру қабілетінен айырылған жандар да қоғам­ның кетігін бүтіндеуге құқылы, спорт­пен шұғылдануына мүмкіндік бар», деді Ж.Серік.

«Шоудаун» зағиптардың үстел теннисінде қатысушылар көзін пердемен таңып ойнайтындықтан да өзіндік қиындығы бар. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар тарту етілді. Турнирді ұйымдастырушылар елімізде кенже дамыған спорт түріне қолдау нығайып, демеушілік танытамын деген атымтай жомарт азаматтардың қатары артса деген тілегін білдірді. Себебі шоу­даун үстел теннисінің құрал-жабдығы қымбат. Әр облыстағы филиалдың жұ­мы­сын жандандыруға қаражат қол­бай­лау болып отыр екен.