Спорт • 11 Шілде, 2024

Толағайлар күш сынасты

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Ұлттық ойын түрлері мен төл спорттық сайыста алыптар да күш таластырады. Елорда төрінде қоңыр күзде түңлігі түрілетін толағайлар сайысына жолдама олжалау үшін атан жілік, апайтөс саңлақтар білек күшін сынап көрді.

Толағайлар күш сынасты

Елорда төрін дүбірге бөлейтін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында толағайлар да сайысқа түсіп, «Powerfull nomad» спорт түрі бойынша күшін сынайды. Осынау айтулы додаға еліміздің атынан қосылатын алыптарды іріктеудің соңғы кезеңі Астана қаласында өтті. Республикалық турнирде үш мегаполис, 17 облыстан іріктеліп келген алыптар бессайыс түрі бойынша додаға кірді.

Алыптар сайысының алдында шара­ның құрметті қонағы, бірнеше мәрте рекорд жаңғыртқан Жәмәли Диханұлы салмағы 3 тонна тартатын автокөлікке 7 жігітті (әрқайсының салмағы 100 кг) мінгестіріп алды да, таяқ тастам жерге (25 метр) тісімен сүйреді. Бұған дейін де бірнеше мәрте рекорд жаңартып, алып күш иесі екенін әйгілеп келе жатқан жігіт ағасы адам баласының мүмкіндігі шексіз екенін жастарға үлгі етуді көздейді.

«Жасым – 53-те. Бұған дейін 5 тон­налық көлікке 17 адамды мінгізіп сүй­редім, 20 адам сыятын автобусты қозғап та күшімді сынадым. Менің мақсатым – мақтангерлік емес, қазақ азаматтарының қайсарлығын, қара күшке ие екенін көрсету. Адамның мүмкіндігі шексіз, тек соны тиімді пайдалана алсаң болғаны. Пышақтың жүзінде тұрып 170 кг тартатын темірді көтердім. 2013 жылы 18 пышақты табаныммен таптап, тісіммен адамды, қолыммен гіртасын бір мезетте көтергенім Гиннес рекордтар кітабына енді. Одан кейін бес мәрте рекорд жаңарттым», деген Жәмәли Диханұлы толағайларға сәттілік тілеп, батасын берді.

Қатысушылар алдымен салмағы 100 кг тартатын көртасты 1 минут ішінде қашықтыққа көтеріп жүруден сынға түсті. 19 қатысушының барлығы дерлік бұл межеден өтті. Екінші сайыста салмағы 10 кг тартатын егеулі найзаны қашықтыққа лақтырудан сынға түсті. Қас қылғанда алабұртып тұрған күн райы да күрт бұзылып, жел тұрып қатысушылардың қайрат-күшіне айтарлықтай кедергісін тигізді. Одан кейін 130 кг тартатын жуан бөренені аш белінен қапсыра ұстап иыққа салып, 1 минутта отырып-тұру бойынша додаға түссе, 200 кг жүк тиелген арбаны әудем жерге сүйреп те көрді.

«Толағай» алыптар сайысын бұған дейін де өткізіп келеміз. Күзде Астана қаласында Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Сол додада алып күш иелерінің де бәсекесін көпшілік тамашалайды. Елорда күніне орай ұйымдастырылған бүгінгі додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 19 спортшы қатысты. Өңірлердегі іріктеу наурыз айынан бері жүргізілді. Кешегі 51 пұт (816 кг) кірдің тасын көтерген Балуан Шолақ, қара күші бойына сыймаған Қажымұқандай бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы да қайратты екенін дәлелдесек дейміз. Игі іс-шараны қолдап, өткізуге мұрындық болған Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамыз, бұл сайыс жыл сайын жалғасын табады», деді турнирдің ұйымдастырушысы Темір Спатаев.

Сайыс қорытындысында Түркістан облысынан келген Азамат Мақұлбеков барлық қарсыласынан басым түсіп, бас бәйгеге тігілген 1 миллион теңгені олжалап қана қоймай, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысу жолдамасын иеленді. 2-орын Ақтөбе облысынан қатысқан Жанболат Ибаділдаевқа бұйырса (600 мың теңге), 3-орын маңғыс­таулық Ерсейіт Бралинге (400 мың теңге) берілді.

Астана қаласы әкімдігінің алаңында өткен алыптар сайысын тамашалаушылар алдында алматылық Бауыржан Әбдіхайым салмағы 40 кг тартатын муляж­ды 4 мың рет көтеріп өзінің ре­кор­дын жаңартса, Ресейдің Түмен қа­ласынан келген Азамат Бектасов 81 кг гіртасын Астана қаласының 26 жыл­дығына орай 26 мәрте көтерді.