Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сонда халықаралық деңгейдегі сарапшы мамандар оның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін құру және Азия-Тынық мұхиты аймағы мен жалпы әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне ерекше үлес қосқандығына да ерекше көңіл бөлінгендігін өз құлағымызбен естіген едік. Сондағы көкейіме түйгеніміз, осы мәселеге деген қызығушылық өз бастауын сонау 90-жылдардың бас кезіндегі КСРО-ның ыдырауының нәтижесінде орталықазиялық кеңістікте қалыптасқан геосаяси жағдайдан алатынын ескермей тұрып, бұл тақырыпты игерудің мүмкін еместігі болатын.
Себебі саяси сахнаға жаңадан шыққан посткеңестік елдердегі ішкі тұрақсыздық пен араларындағы шешілмеген көптеген мәселе олардың аяғынан тік тұрып кетуіне кедергі жасады. Табиғат бос кеңістікті қаламайды демекші, әлемде қалыптасқан жаңа геосаяси және геоэкономикалық ахуал осы аймаққа көз тігіп, онда құрылған тәуелсіз республикаларды өз ықпалына қаратқысы келгендердің қатарын өсірді. Осы «май шелпектен» дәметкен ірі мемлекеттердің қатарына Қытай, Ресей, Түркия, Иран мен АҚШ-ты жатқызуға болады. Бұлардың арасында посткеңестік мемлекеттермен тек ҚХР мен РФ-ның ғана ортақ шекарасының болғандығын ескерген жөн. Сондықтан екеуі де көршілерімен қарым-қатынаста өздерін барынша «байсалды» ұстауға тырысты. Себебі Ресейдің өзі де бұрынғы КСРО-ға кірген республикалар сияқты саяси және экономикалық дағдарысты басынан кешіп жатты. Қытайды осының салқынынан оның шекаралас өңірлерінде этностық және діни негіздегі шиеленістердің туу мүмкіндігі алаңдатты. Сондықтан ҚХР солтүстіктегі көршілерімен қауіп-қатерден гөрі орнықты байланыстарды сақтап қалуға мүдделі болды. Өйткені ол ең алдымен экономиканы дамыту мен «Ұлы Қытайды» қалпына келтіру сияқты ішкі проблемаларын шешуге басымдық берді. Яғни Қытай әдеттегідей талай сыннан өткен тағаттылығын танытып ақырын күту саясатына жүгінді. Ол көршілерінің дамуы мен жүргізіп отырған саясатының бағыт-бағдарына терең үңіліп, осы аймаққа қатысты сараланған саясат жүргізуге тырысты. Қазақстанмен байланыста оның Қытаймен екі арасындағы ең ұзын ортақ шекарасы мен экономикалық және ресурстық әлеуеті ескерілді. Жалпы алғанда, «пантюркизм идеологиясы мен саяси ислам» тақырыбы посткеңестік республикалар мен Қытай билігінің жүргізіп жатқан саясатының әлсіз тұсы екендігі айтпаса да түсінікті болды. Олай болса, Қытай басшылығына Орталық Азия мемлекеттеріндегі саяси билікті сол қалпында сақтап, осы статус-квоны бекіту қажет еді. Сондықтан 1992 жылдың басында ол Орталық Азияның жас тәуелсіз мемлекеттерін халықаралық құқықтың субъектілері ретінде танып, олармен толыққанды дипломатиялық қатынас орнатты. Демек бұл Қытай үшін «бір ел, екі жүйе» қағидаты негізінде Тайванның ҚХР-дың құрамдас бөлігі екендігінің мойындалып, тату көршілік пен бейбіт қатар өмір сүру саясатын бұлжытпай ұстанудың маңыздылығының арта түскендігін көрсетеді.
Ал 90-жылдардың екінші жартысынан бастап Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты көзқарасы біршама өзгеріске ұшырап, оған таза экономикалық қарым-қатынастан бөлек геостратегиялық мүдде қосылды. Ендігі жерде бірінші кезекке олармен ұжымдық қауіпсіздік пен «ислам фундаментализмімен күрес» мәселелері шықты. Дәл осы кезеңде Ресей мен Қытай арасы жақындап, Батыс елдерінің үстемдігіне қарсы тепе-теңдік құруға бағытталған альянс пайда болып, олар ендігі жерде АҚШ-тың бүкіл әлемге өз дегенін істетуге бағытталған саясатына көне алмайтындығын көрсете бастады. Өйткені Батыстың гегемония мен өктемдік саясаты өршіп, ол жаңаша сипатқа ие болды. Ол әлемнің тыныштығын бұзып, ортақ аймақтық қауіптер виртуалды саладан шындыққа айналды. Аталған ахуал Орталық Азиядағы ғана емес, әлемнің басқа аймақтарындағы жағдайды тұрақсыздандырды. Сондықтан болар, 1996 жылдың сәуірінде Шанхайда Қытай жағының бастамасымен «Шекара маңындағы аймақтарда әскери сенімді нығайту туралы келісім» мен 1997 жылы Мәскеуде «Шекара аймақтарындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісіміне» қол қою арқылы Шанхай бестігін құрудың негізі қаланды. «Көпполярлы әлем және жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуы туралы Ресей-Қытай бірлескен декларациясы» қабылданды.
Кейін, араға екі жыл салып, ол «Шанхай форумы» атанды, ал 2001 жылдың маусым айында Шанхай ынтымақтастық ұйымы дүниеге келіп, оның қатарына Өзбекстан қосылды. Оның қызметінің басты бағыттары аймақтық қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар мәселесін қамтыды. Яғни ШЫҰ қауіпсіздік пен экономика саласындағы әріптестікке басымдық берді. Шынына келсек, мұның бәрі Батысқа ұнаған жоқ, керісінше, бұл оны тітіркендірді. Сондықтан АҚШ бастаған ұжымдық Батыс елдері тартынып қалмады: Югославия бомбаның астында қалды, Ташкенттегі жарылыс, «11 қыркүйек», Ауғанстандағы терроризмге қарсы операция мен Иракқа басып кіру тағы басқа осы сияқты іс-әрекеттер халықаралық ахуалды бәсеңдетудің орнына, керісінше, оны қатайтып, одан бетер шиеленістіріп жіберді.
Бұл жаңа ғана құрылған ШЫҰ-ға өзінің көлеңкесін түсірмей қоймады. АҚШ пен НАТО сияқты сыртқы фактордың ықпалы арта түсті. Ол сонымен бірге «халықаралық құқық негіздерін және оның маңызды қағидаты – тең, ортақ, бөлінбейтін, жан-жақты және тұрақты қауіпсіздікті бұзуды үйреншікті құбылысқа айналдырып жіберді. Салдарынан қазір жаһандық әлемдік тәртіп түбегейлі өзгеріп, геосаяси шиеленістер бұрын-соңды болмаған деңгейге ұлғайып, сауда және санкциялық соғыс күшейіп кетті. Ендеше, ШЫҰ да объективті түрде сын-қатерлерге тап болды. Өйткені былай да ШЫҰ-ға кіретін елдердің даму деңгейі әртүрлі болғандықтан олардың экономикалық жағдайы мен саяси ықпалы да біркелкі емес еді. Сондықтан сарапшылар арасында осы жағдайдың олардың негізгі мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізуіне күмәнмен қарағандар да болды. Экономикалық қауіпсіздік саласында қатысушы елдердің қаржылық, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемалары да сезілді. Сонымен қатар, өкінішке қарай, ШЫҰ-ға мүше елдер арасында бұрыннан келе жатқан қайшылықтардың да болғандығын теріске шығыра алмаймыз. Оның үстіне кейбір мүше мемлекеттердің ШЫҰ-ға қатысты ұстанымдарында белгісіздік, олардың арасындағы қарым-қатынаста белгілі бір салқындықтың байқалатындығы туралы сөздер де кейде мамандардың ортасында орын алды.
ШЫҰ-ға мүше елдердің саяси, экономикалық, индустриялық және географиялық салалардағы әртүрлі «салмағына» қарамастан Ұйым аясында тең құқылы серіктестік қалыптасып, ол көптеген табысқа қол жеткізді. Бүгінгі таңда ұйымға мүше елдер ұйымдасқан қылмыспен, лаңкестікпен және есірткі бизнесімен күресте күш-жігерін үйлестіріп, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, әуе, автомобиль, теміржол және құбыр жүйесін құру бойынша жобаларды жүзеге асырып келеді. ШЫҰ-ның құрылғанынан бері көп уақыт өтпесе де, ол әлемдік қоғамдастықта өзін мақсаттарды анық түсінетін және оған жету жолында сенімді қадамдар жасауға қабілетті және тиімді ұйым ретінде танытты.
БҰҰ және мүдделі халықаралық ұйымдармен серіктестікті сақтап, оны табысты дамыта отырып, ШЫҰ қысқа мерзімде тарихи стандарттар бойынша жаңа халықаралық қатынастардың мықты тіректерінің біріне айналды. Жаһандық сенім дағдарысы мен экономикадағы теріс үрдістер қалыптасқан теңгерімсіздіктің күшейтіп, қауіпсіздік пен тұрақты дамуға деген сын-қатерлердің санының артуы жағдайында ШЫҰ оған төтеп беріп, өз тартымдылығы мен көпжақты серіктестікті қалыптастыратын қағидаттарын арттырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Астана саммитін ашу кезіндегі құттықтау сөзінде: «Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде біздің ұйым халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызды тетікке айналып, тұрақты өсім мен жалпы ілгерілеуді қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді... Шанхай рухын нығайта отырып, Шанхай қағидаттарын ілгерілете отырып, біз бірлестігіміздің бірегейлігі мен орасан зор әлеуетінің арқасында ШЫҰ ең ықпалды және беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналды, оған деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді», деді. Демек қазіргі кезде Шанхай ұйымы өзінің институционалдық дамуын одан әрі жетілдіріп, құбылмалы әлемге бейімделіп, жаңару жолына түсіп, ашық әлемдік экономиканы құру және көпжақты сауда жүйесін нығайтатын үлкен диалог алаңына айналып отыр. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана отырысында Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылданды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайтудың негізі – гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл. Мәдениеттер диалогі адамдарды жалпы гуманистік құндылықтар мен ұмтылыстар негізінде біріктіреді және ксенофобия, діни немесе этностық төзбеушілік пен ұлтқа байланысты кемсітушілік көріністерін болдырмайды. Еуразия құрлығының 65 пайыздан астамын құрайтын аумағы және әлем халқының тең жартысы, яғни 3,5 миллиардтан астам халқы бар, әлемдік ІЖӨ-нің төрттен бірінен астамын өндіретін елдерді біріктіретін Шанхай ұйымның негізгі өркениеттік миссиясы – мәдениеттер арасындағы диалогті дамыту арқылы қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу. Бұл үдеріске ШЫҰ елдері халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасы ықпал етеді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясында мәдени байланыстарды тереңдету, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, мүше мемлекеттердің мәдени дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеу, мәдениеттердің алуан түрлілігін сақтау және ілгерілету, елдер арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастық, аймақтың мәдени және табиғи мұрасын сақтау ШЫҰ-ның практикалық жұмысының маңызды басымдығына жататындығын атап өткен жөн.
ШЫҰ-ны құрудың бастауында тұрған мемлекет ретінде Қазақстан – осы Ұйымның форматындағы өзара іс-қимылдың белсенді қатысушысы. Конструктивті қатысу және тең диалогке бағдарлану Қазақстан Республикасының аймақтағы ұстанымын нығайтады және мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің артуына ықпал етеді. Ол сонау 1992 жылы Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан тұратын посткеңестік республикалардың бірлескен делегациясы аясында бірлескен шекаралар аймағында сенім шараларын қамтамасыз ету үшін Қытаймен белсенді келіссөздер жүргізе бастағандығы белгілі. Бұл жұмыстың нәтижесі бойынша Минскіде осындай бірлескен комиссия құру туралы хаттамаға қол қойылған. Сондықтан бұл хаттаманың ШЫҰ құруда маңызды рөл атқарғанын да ескерген абзал.
Бүгінде Қазақстан осы Ұйымға төрағалық ету аясында ШЫҰ-ның Астана саммитін өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы жұмысының басымдықтарын айқындап берді. Оларды іске асыру барысында Қазақстан қауіпсіздік, әділ экономикалық орта және таза планета үшін жаңа парадигманы ұсынатын ШЫҰ-ның «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік» бастамасын ұстанды. Сол сияқты «Шанхай рухын» көрсететін достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара қолдау сияқты мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне сүйенді.
Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысына келсек, түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткізіліпті. «Ұйымның Шарттық базасы Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы сияқты 60 жаңа құжатпен толықтырылған. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейіп, ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылып, «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі ұсынылып, 2024 жыл ШЫҰ-ның Экология жылы деп жарияланды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында 25 құжатқа қол қойылды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана декларациясы қабылданып, «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастамасы және оның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2029 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегиясы, 2030 жылға дейінгі экономикалық стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, Инвесторлар қауымдастығы туралы шешім, Ұйымға мүше мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы диалог серіктестері арасындағы Ықпалдастықты нығайту жөніндегі жол картасы, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жоспары сияқты мәселелер бойынша әзірленген шешімдер қаралып, бекітілді. Сондай-ақ саммитке қатысушылар ШЫҰ қызметін бүгінгі күннің шынайылығына қатысты кешенді жаңғырту бойынша ұсыныстарды мақұлдады.
Астанадағы ШЫҰ саммиті аясында алғаш рет «ШЫҰ+» форматындағы кездесу өтті. Қазақстанның бастамасымен 2023 жылғы 1 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының пленарлық отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық» қарары қабылданады. Нәтижесінде Астана саммитінде ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы әріптестікті нығайту бағытында тағы бір батыл қадам жасалды. Оның жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты. Яғни, «ШЫҰ+» форматындағы отырысының талқылаулары «Көпжақты диалогті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы аясында өткізілді.
Олай болса, Астана саммиті жаһандық сипаттағы маңызға ие оқиғалар қатарына жатады деуге толық негіз бар. Өйткені ШЫҰ-ға төрағалық ету аясында Қазақстан тарапынан аталған Ұйымның беделін арттыруға ықпал еткен көптеген жемісті жұмыс атқарылып, Қазақстан өзінің бұл Ұйымдағы міндеттері мен жоспарларын толыққанды орындады. Бұған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанның төрағалығы туралы жоғарыдағы сөздері мен БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериштің осы саммитке арнайы келіп, оның жұмысына жоғары баға беруі дәлел бола алады. Сонымен бірге Ресей Президенті В.Путиннің «Астана саммитінің мазмұны жағынан шын мәнінде халықаралық сипатқа ие» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Өз кезегінде ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин де Қазақстанның ұйымға төрағалығының жоғары деңгейде өткендігі туралы көзқарасын білдірді.
Сонымен, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының бір жылдық жұмысының қорытындысы мен оның елеулі нәтижелеріне қатысты айтылып жатқан жылы лебіздер мен беріліп жатқан жоғары бағаларының Қазақстан үшін құндылығы сонда, ол шын мәнінде осы екі аралықта ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттердің миллиондаған адамдарының тағдырына қатысты жаһандық мәселелерді көтере білді. Ұйымның мүше елдерін сол іске жұмылдырып, қоян-қолтық әрекет жасап, әділдік, адалдық, ынтымақтастық пен жауапкершілік қағидатын басшылыққа ала отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізе алатын әлеуетін бүкіл әлемге тағы бір дәлелдеді.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері