Мәжіліс депутаттары, «Amanat» фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода, сондай-ақ Сенат депутаты Әсем Рахметова жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, тұрғындар сұрақтарына жауап беру үшін ауылға келді.
Большая Малышка аулында 321 үйдің 66-сы апатты жағдайда деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі осы аудандағы іргелес ауылдарда және Петропавлда жаңа тұрғын үй алуға тиіс. Ал енді бір бөлігі үй жөндеуге қажет материалдық көмек алды. Павел Вожжовтың үйі бір айға жуық уақыт 1,5 метр су астында қалды. Қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
– Үйді қалпына келтіруге 5 млн 700 мың теңге бөлінді. Материалдар сатып алынып, жөндеу жұмыс басталып кетті. Оны мерзімінде аяқтау аса маңызды. Қазірдің өзінде бөренелер ауыстырылып, еден төселді. Жөндеу жұмысы шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылысшылардың атқарып жатқан жұмысына ризамын, – деді Павел Вожжов.
Алайда тұрғындардың бәрі бірдей сарапшы-бағалаушылардың пікірімен келісе бермейді. Мәжіліс депутаттары бұл Солтүстік Қазақстан облысы азаматтарын толғандырған ең өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар сметаны қайта қарауды, қосалқы құрылыс нысандарын заңдастыруға қолұшын созуды, сондай-ақ меншік құқығының болмауына байланысты мәселелерді шешуге көмек көрсетуді сұрап отыр. Депутаттар әр жағдайға терең үңіліп, тұрғындарға өтемақы алу тәртібін түсіндіріп келеді.
Большая Малышка ауылында 900-ге жуық адам тұрады. Бүгінде ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Нысанды күзде пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда құрылысшылар су тасқынына байланысты жұмысты мерзімінде аяқтап үлгере алмай жатыр. Бұл мәселені депутаттар бақылауға алды. Қызылжар ауданында су тасқынынан барлығы 1 546 үй зардап шекті. Бүгінде аудандағы 60-қа жуық тұрғын жаңа үйлерге қоныстанды.