«Fruitart» зауыты – «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының жобасы, жылына 15 мың тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын өнімі корпоративтік клиенттерге, бөлшек сауда желілеріне, соның ішінде Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдер нарығына мұздатылған кептірілген жемістер мен жидектер жеткізіледі. Сондай-ақ Қытай мен Ресей нарығына экспортталады. Зауытта 350 адам жұмыс істейді.
Депутаттар Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру аясында өздерінің заңнамалық жұмыстары мен кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.
Депутаттар кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан кейін, еңбек ұжымымен кездесіп, көптеген өзекті мәселені талқылады. Зауыт басшылығы депутаттарға жетістіктерімен қатар күрмеулі мәселелері жайында да айтып, көмек сұрады. Кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, зауыт жоба бойынша алған қарызын толық игерген. Алайда компания барлық инвестициялық кредит сыйақысының толық мөлшерлемесін өз есебінен қаржыландыруға мәжбүр. Серіктестік өкілдері «Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» КММ субсидиялар бойынша берешегі қазір 3,8 млрд теңге екенін айтты. Жыл соңына дейін бұл қарыз 5,4 млрд теңгеге жетеді. Депутаттар кәсіпорын өкілдерінің мәселелерін назарға алатынын айтты.