фото: olympic.kz
Ирина Казюлина (65 кг), Жамила Бақбергенова (72 кг), Эльмира Сыздықова (76 кг) финалда сүрініп, күмісті місе тұтса, Лаура Алмағанбетова (57 кг) қола жүлдені қанағат етті. Жәмила финалдық белдесуде америкалық Кайл Велкерге есе жіберді. Тәжірибелі Эльмираның кубалық Милаймис Маринге күші жетпеді. Әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев халықаралық турнирге 55 кг салмақта Зульфия Яхьярованы, 59 кг салмақта Диана Каюмованы да қосқан еді, екеуі де 5-орынмен шектелді.
Әйелдер күресінен спортшыларымыз Париж Олимпиадасына бармайды. Құрлықтық, әлемдік іріктеу турнирлерінде бұрымды балуандарымызға лицензия бұйырмады. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Қайрат Сағадиев баптаған балуан қыздарымыз 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, орасан нәтижемен оралған еді. Гүзель Манюрова (75 кг) финалда канадалық қарсыласына есе жіберсе, Элмира Сыздықова (69 кг) мен Екатерина Ларионова (63 кг) қола медальға қол жеткізген.