Шаруашылық • 12 Шілде, 2024

Ауыл шаруашылығының әлеуеті артты

153 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің үшінші мегаполисінде агросекторға айрықша қолдау көрсетіледі. Кезінде Түркістан облысының Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан қосылған елді мекендердің егістік жері есебінен қаланың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті күшейді. Бұрын қалаған нәрсесін егетін қала қазір саннан сапаға көшіп, жылыжай шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібін мықтап қолға ала бастады. Осыған орай шаһарда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индус­триалды аймағы құрылып жатыр.

Ауыл шаруашылығының әлеуеті артты

Әлбетте, мегаполистің жер аумағы егін шаруашылығын дамытуға мүмкін­дік бермес, алайда сырттан келетін ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қойма­да сақтау, сауда-логистикалық қызмет­терді ұсыну немесе зауыттарда терең өңдеп, дайын өнім­ге айналдыру сияқты жұмыстарды атқа­руға қабілетті. Сон­дықтан қала әкім­дігі жылыжай шаруа­шылығын дамы­туға ерекше көңіл бөліп отыр. Жылы­жай шаруашылығын өркен­дету үшін түркиялық инвесторлармен келіссөз жүргізіп, арнайы жоба бойынша жүздеген гектар жерге жаңа жылыжай кешендері салынбақ.

Қалада ауыл шаруашылығы өнім­де­рін қайта өңдеу саласында өз қаражаты­мен кәсіп бастап, ірі кәсіпорынның іргета­сын қалаған іскер азаматтар баршылық. Соның бірі – «Дары Сайрама» ЖШС басшысы Сарманбай Сафаров.

Сайрам елді мекені бір кездері Сай­рам ауданына қараған. Кеңес дәуірі тұсында мұнда Ленин атындағы ірі ұжымшар болған. Осындағы қалбырлау цехы да сол ұжымшар иелігіне қараған. 2000 жылдары кәсіпкер әлгі ескі цехты сатып алады. Арада бірнеше жыл өткен соң жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы жылдық үстемақысы 6%-бен 500 млн теңге несие алады. Қомақты қаражатқа Болгария, Италиядан жабдықтар сатып әкеліп, қалбырлау цехын жаңа ғимарат ішінде қайта іске қосады. Осы күнде серіктестік көкөніс, жеміс-жидектен банкіге жабылған өнімдердің барлық түрін шығарады. Оның ішінде компот, салат, маринадталған қызанақ, қияр, тосаптар бар. Осының бәрі ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіліп, жергілікті дүкен сөрелері мен сауда нүктелерінің қатарынан табылып отыр.

«Дары Сайрама» ЖШС-ның өндіріс­тік қуаттылығы – жылына 10 млн бан­кі. Кәсіпорында жүзден астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары 150 мың теңгенің үстінде. Серіктестік шикізатты жергілікті шар­уа қожалықтарынан сатып алады. Сол мақсатта жиырма шақты шаруа қожа­лығымен арнайы келісім жасасқан. Шаруалар өнімді жинап, келіскен бағамен зауытқа өткізеді. Одан бөлек, көк­темгі дала жұмыстарына, өнімді күтіп-баптауға қажетті қаражат­ты шаруа­­лар осы кәсіпорыннан алып отырады. Төңі­ректегі шаруа қожа­лық­тарынан бөлек, Сарыағаш, Ордабасы аудандары­ның аграр­шылары да зауытты шикізатпен қам­та­масыз етеді. Жаз күндері кәсіпорын негі­зінен өнімді өңдеп, дайын тауар шы­ғарумен айналысса, күз түскенде дайын тауарларды саудалау ісіне көшеді. Бұл тірлік көктемнің басына дейін жалғасады. Наурызда ерте піскен өнімдерді қайта сатып алып, өндіріске кіріседі. Осылайша, кәсіпорында жыл бойы тынымсыз еңбек еш тоқтамастан жүріп отырады.

«Іссапармен Түркия, Голландия се­кілді ауыл шаруашылығы жақсы дамы­ған елдерге көп барамын. Мақсатым – тәжірибе алмасып қайту. Бір байқағаным, бұл елдерде агросектор саласына мемлекет тарапынан көп жеңілдік жасалады. Үлкен егістік алқаптарындағы өнім далада шіріп, қалып кетпейді. Сол жерде оларды өңдеп жіберетін кішігірім цехтары бар. Одан кейін адамдардың көбі есік алдына шағын жылыжай салып, сонда көкөніс өсірумен айналысады. Кейін өнім піскенде оны қайта өңдеуші ірі зауыттарға апарып өткізеді. Бұл жүйе бұрынғы кеңес заманынан қалған тұтынушылар одағы мен оған қарасты заготконторалардың тәсіліне ұқсас. Кеңес кезінде адамдар қорасындағы малының терісі мен жүнін, есігінің алдында өскен бау-бақша өнімдерін заготконтораға, яғни оларды қабылдап алатын пунктке әкеп өткізетін. Сол үшін мемлекет адамдарға ақша төлейтін. Әрі қарай тұтынушылар одағы қарапайым жұрттан жиған дүниелерді қайта өңдеуші зауыттарға өткізетін. Сол ескі жүйені қайта қолға алып, бүгінгі нарықтық қатынасқа сай бейімдеп, басынан іске асыру керек. Экономика­лық тиімділігін есептеп шығарсақ, кооперация арқылы да жүзеге асыруға болатын сияқты. Мәселен, ұсақ шаруа қожалықтарын кооперацияға біріктіріп, өңірдегі қайта өңдеуші бірнеше ірі кәсіпорынмен байланыстырса, шаруаларға тауарын өткізетін жер де табылады, зауыттар да шикізаттан кенде болмайды. Өзім он жылдан астам уақыт Қазығұрт, Сайрам аудандарында депутат болдым. Халық қалаулысы қызметін атқарып жүргенімде осы мәселені көп көтердім. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында бұл мәселе әлі өзектілігін жойған жоқ деп есептеймін», деді кәсіпкер С.Сафаров.

Кәсіпкердің бұл ұсынысы Президент Жолдауымен де үндесіп тұр. Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібіне көбірек көңіл бөлу маңызды іс екенін айтқан болатын.

«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктер­ді әлі де толық пайдаланбай отыр­мыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет», деген еді Президент.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында мегаполисте тамақ өнеркәсібі индустриясы қарқын­ды қолға алынып жатыр. Келешекте Шымқала ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын, тасымалдайтын ірі транзиттік хабқа айналады, сонымен бірге дайын тамақ өнімдерін шығаратын шаһар деген атпен де танымалдылығы артады деген сенім бар. Қазір қаланың жалпы егіс көлемінің 26,5 мың гектарына дақылдар егіліп, биылдыққа 86 мың тонна өнім жиналады деген болжам бар. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, егін шаруашылығын қолдауға мемлекеттен осы жылға 143,2 млн теңге қаржы қаралыпты. Оның басым бөлігі диқандарды тыңайтқышпен қамтамасыз етуге жұмсалған. Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына 36 тонна жанар-жағармай бөлініп, ол толығымен үлестірілді. Биыл мегаполисте ауыл шаруашылығы бағытындағы 14 жоба іске асырылады. Олардың қатарында көкөніс сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы, сүтті қайта өңдеу кәсіпорны, құс шаруашылығы, жылыжай кешені, мал бордақылау, көкөніс өңдеу, құрама жем дайындау зауыты секілді жобалар бар. Нәтижесінде, жүзден аса адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады деп күтіліп отыр. Соңғы жылдары шаһарда қой-ешкі, ірі қара, жылқы мен құстың саны өскен. Соның есебінен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артқан. Мәселен, есепті кезеңде ет өндірісі – 4,5 мың тоннаға, сүт – 30,4 мың тоннаға, жұмыртқа 86,3 млн данаға жетіп отыр.

ШЫМКЕНТ