Экономика • 12 Шілде, 2024

Автотұрақ түйткілі

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мегаполис тұрғындарын үнемі мазалайтын, олардың жайлы өміріне әсер ететін жағдайдың бірі – автокөлік тұрағының тапшылығы. Жүргізуші­лер орын таппаған соң, көлікті жол жие­гін­де қалдырып кетуге мәжбүр бола­ды. Бұл өз кезегінде апат қаупінің артуына, кептелістің туындауына алып ке­леді. Бұл – қалалардың бәріне ортақ проблема.

Автотұрақ түйткілі

фото: yandex.ru

Әсіресе Алматыдағы ахуал жыл өт­кен сайын қиындап бара жатыр. Қазір ескір­ген тұрғын үй мәселесін шешу мақ­сатында тұрғын үй қорын жаңғыртудың бағдарламасы бойынша көпқабатты зәулім үйлер салынды. Бірақ аудандар тығыздалып, аулалар тарылып кетті.

Жыл санап қала халқы өсіп, көлік саны да артып келеді. Ал үй маңайында көлік тұрақтары жоқтың қасы. Балаларды есік алдындағы ойын алаңына жіберу де қауіпті бола түсті. Аулада көлік толып тұрғандықтан, шұғыл жағдайда өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем де кіре алмай қалып жатады. Жақында біздің аулада 8-қабатта өрт шығып, өрт сөндіру көлігі аулаға кіре алмай біраз қиналды. Автокөліктердің иесін тауып, орнынан қозғауға көп уақыт кетті. Біз тұратын аулада тұрақтың жетіспеушілігінен адамдар көлігін қоқыс жәшіктерінің жанына да қойып кете береді. Салдарынан қоқыс жинаушылар таңертең қоқысты шығара алмай әлекке түседі. Бұрын қоқыс таңғы 5-6-ның кезінде тазаланып, айналамыз тап-тұйнақтай болып, иіс-қоңыстан арылып тұрса, қазір таңғы 9-дан кейін тазалауға мәжбүр. Себебі адамдар жұмысқа кеткен кезде ғана қоқыс алаңының маңайы көліктен босайды.

Сол себепті енді автотұрақсыз үй салуды тоқтататын кез келді. 2023 жылдың басында Президент те осы мәселені көтерген еді. Үкіметке нақты шаралар қабылдауды, қала әкімдігімен бірлесіп көпдеңгейлі жабық автомобиль паркингін салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған.

Еуропада қалада тіркелген автомобиль­дердің кем дегенде 60%-ы орындармен қамтамасыз етілсе, тұрақ тапшылығы мәселесі шешілді деп саналатын стандарт бар екен. Ал біздің мегаполистерде көліктердің 1%-ы ғана көлік тұрағымен қамтамасыз етілген. Яғни көлік тұрағы бо­йынша көрсеткішіміз өте төмен. Болымсыз көрсеткішке, тұрғындардың тікелей шағымына қарамастан, Алматы әкімдігі «тұрақ орындарының тапшылығы жоқ» деп, ушыққан ахуалды мойындамай отыр.

Алматыда 12,5 мың тұрақ бар екен, соның өзі жеткіліксіз. Әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік органдар ғимараты маңайынан бос тұрақ табу үшін тұрғындар жоқ дегенде 20 минутын жоғалтады. Таяуда біз тұратын үй­дің артында 6 қабатты комфорт кластағы жаңа тұрғын үй кешені салына бастады. Байқап қарасақ, жерасты көлік тұрағы қарастырыл­маған. Демек аудандағы тұрақ мәселесі тағы өршиді деген сөз.

Негізі, елімізде салынатын үйлердің басым бөлігі – жайлылық класы бойынша эконом кластағы үйлер. Бұл үйлер арнайы кезекке тұрып, мемлекеттік бағдарла­мамен алынатын болғандықтан, оны алатын адамдардың басым бөлігі әлеумет­тік жағдайы төмен немесе орташа бол­ғандықтан, құзыретті органдар олардың көлігі жоқ деп есептеп, әдейі тұрақ салуды қа­рас­тырмайтын секілді. Әлде ақша үнем­дей ме, ол жағы бізге белгісіз. Ешкім анық түсі­ніктеме де бермейді. Бір анығы, мұндай үй­лерде жерасты паркингі қарастырылмайды. Ереже бойынша тұрғын үй комфорт класқа жатса, демек паркинг салынуы керек. Ал мен білетін осы санаттағы үйлерде жерасты тұрағы жоқ.

Мәселенің жалғыз шешімі – жерасты немес көпқабатты көлік тұрақтарын салу. Сол үшін келешекте нысаналы мақсатын өзгертпейтіндей етіп жеке инвесторларға тегін жер беріп, ақылы көпқабатты жер­асты немесе жерүсті көлікжайын салуға қатысты келісімшарт жасасу. Әр пәтер санына 1 тұрақ орны қарастырылмаса, егер үй астында дүкендер мен кеңселер болса, бірақ келушілерге арнап тұрақ қарастырыл­маса, онда үй салуға рұқсат берілмеуі керек. Қалалар барған сайын өсіп келеді. Шаһар шетіндегі шалғай аудандарда салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендерінде осы түйткілдердің алдын алатын жобалар қазірден ойластырылмаса, келешекте залалы бір-біріне тиетін тізбекті проблемаларға тап боламыз. Бұл өз кезегінде экономикалық ахуалға да зардабын тигізеді.

Назгүл Сәрке,
сарапшы

Соңғы жаңалықтар