фото: ortcom.kz
ДДҰ-ның 2020–2025 жылдарға арналған еуропалық жұмыс бағдарламасы шеңберінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуы – маңызды оқиға. Әсіресе Еуропа құрлығындағы елдердің, Орталық Азия мен ТМД-ның қарулы қақтығыстар, халықтың қозғалысы, климаттың өзгеруі, шамадан тыс урбанизация, энергетикалық дағдарыс, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, жалған ақпарат тарату, медицина қызметкерлерінің физикалық және психикалық шаршауы сынды түйткілді тарқату үшін де қажет. Әлемді алаңдатқан жаңа індеттің пайда болуы және жер жүзін жайлаған жұқпалы аурулардың қайта үдеп, таралуы да ғаламның алаңын тудырып отыр.
«COVID-19 пандемиясы халықаралық ынтымақтастық пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын айқын көрсетті. Бұл курсқа қатысушылар әлемдік тәжірибемен танысып қана қоймай, халықаралық деңгейде қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының инновациялық желісін құруға ықпал ету мүмкіндігін иеленеді», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
«Соңғы онжылдықтарда әлемде көптеген қым-қиғаш қиындықтар болды. Денсаулықтың экологиялық тұрақтылықпен және әлеуметтік өзгерістермен байланысы нығайса, тиімді көшбасшылықтың маңызы артады. Курс барысында бірнеше маңызды тақырыптар, соның ішінде жаһандық және өңірлік деңгейлердегі қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері, олардың себептері мен шешімдері, сондай-ақ ведомствоаралық ынтымақтастық та талқыланды», деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі, доктор Скендер Сыла.
Астанадағы курстар бағдарламасы басқару және стратегиялық жоспарлау дағдыларын дамытуға бағытталды. Қатысушылар қарқынды оқыту мен тәжірибе алмасу арқылы да денсаулық сақтауға төнетін сын-қатерлерге тосқауыл қоюдың мүмкіндігін талқылады.