Бүгінгі таңда еліміздегі мәні мен маңызы жағынан барлық құқықтық жүйенің бастауында тұрған сот саласы, қай тұрғыдан болсын, өз дәрежесінен табылып жатқаны баршаға аян. Сондықтан соттарға халықтың басым көпшілігі алғыс жаудыратыны анық. Ал мемлекет тарапынан сот саласына соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қаржыландырылуына, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне орасан жағдай жасалды. Осыған сай судьялар да парасаттылық пен әділдік, моральдық тазалық, кәсіби біліктілікті арттыруға ерекше назар аударатыны байқалады. Бұл халықтың сенімі мен құрметіне ұластыратыны белгілі.
Соның бір айғағындай, Судьялар одағының өткен VI съезіне Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей өзі қатысуы – судьялардың және жалпы алғанда сот жүйесінің ел дамуы үшін маңыздылығын айқындап берді. Елбасы бірқатар нақты міндеттер мен мүдделі межелерді алға қойды. Бұл шаралардың барлығының ортақ мақсаты – еліміздің азаматтарының сапалы да әділетті сотпен қорғануына құқығын қамтамасыз ету дейміз. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әділетті, сатылмайтын сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі» деген сөзі қай кезде де сот адамның құқығы мен бостандығын қорғаудағы мемлекеттің басты тетігі болып табылатындығының кепілі десек артық айтқандық емес. Ал ел-жұрт көріп отырғандай, соттар өз қызметінің тиімділігін күннен-күнге жақсарту үстінде. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Соның бірі ретінде кеше еліміздің Жоғарғы Сотында Қайрат Мәмидің төрағалығымен «Соттар қызметінің тиімділігін бағалау мониторингі» тақырыбында халықаралық семинар-тренинг өтті. Іс-шара Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп ұйымдастырылды.
Семинарға Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Бас прокуратура, Әділет министрлігі мен Судьялар одағының өкілдері, облыстық және оған теңестірілген соттар төрағалары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы, сондай-ақ, БҰҰДБ тарапынан тренингке аталған ұйымның Қазақстандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл және сот органдарымен ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық консорциумның халықаралық сарапшы-кеңесшісі, Нидерланд Корольдігінің Қауіпсіздік және әділет министрлігінің сот саясаты мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Пим Альберс қатысты.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Кез келген ұлттық құқықтық жүйенің алдында сот төрелігін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және оның сапасын бақылаудың тиісті жүйесін қалыптастыру секілді іргелі міндеттердің туындайтыны белгілі. Бүгінгі семинар осы саладағы жинақтаған білім мен шетелдік озық тәжірибенің негізінде ұлттық сот мониторингі жүйесін тағы бір рет пысықтап, оны жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Тренинг аясында соттар қызметінің тиімділігін бағалаудың халықаралық тәжірибесіне, атап айтқанда, Нидерланд, Сингапур, АҚШ, Финляндияның және басқа елдердің тәжірибесі зерделенді, сондай-ақ соттар қызметін бағалаудың қазақстандық моделі таныстырылды. Халықаралық сарапшы Пим Альберс семинарға қатысушыларды сот қызметтерінің сапасын ұсыну стандарттарының халықаралық моделімен, соттар қызметі туралы әлеуметтік сауалнама жүргізу әдістемесімен және соттар жұмысының сапасын бағалау тәжірибесімен таныстырды.
Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменттің талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы Л.Құрмантаева соттар жұмысын бағалаудың негізгі сегіз өлшемінен тұратын жаңа әдістемеге сәйкес жүргізілген соттардың 2014 жылғы жұмысын бағалау қорытындысымен таныстырды. Ал Судьялар одағының хатшысы С.Райымбаев мамандандырылған экономикалық соттар жұмысының сапасына сыртқы бағалау жүргізудің қорытындысын жариялады. Бұл зерттеуді жүргізу үшін Дүниежүзілік экономикалық форумның бизнес құрылымдар субъектілерінің сот процестеріне қатысушыларының экономикалық соттар ұсынатын сот қызметтеріне қанағаттанушылық деңгейі туралы сауалнамасындағы сұрақтар әзірленген. Осылайша семинар қорытындысы бойынша соттар жұмысының сапасын бағалаудың қазақстандық моделінің тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».