Бірер жылдан соң қалалық комиссия шешімімен бір жарым гектар жерді 49 жылға жалға алып, скотч, стреч кленка шығаратын зауыт құрылысын бастады. Қазір «KazTigerTape» ЖШС-да 50 азаматты жұмыспен қамтып, мемлекетке жыл сайын 200 млн теңге көлемінде салық төлеп отыр. 2022 жылы еңбегі жанып, «Қазақстанның «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша дипломант атанды. Бауыры Думан Халмет те Астанада скотч өндірісімен айналысады. Сонымен қатар полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Жабысқақ таспаға қарағанда өнімнің бұл түрі қайта өңдеуге жарайды екен. Бір рет пайдаланудан кейін түкке жарамай қалатын стреч кленкалардың өмірі ұзаратынын ісімен көрсетіп жүр.
«Біз шығарып отырған тауардың барлық түрі кез келген кәсіпорынға қажет. «Самұрық-Қазынаның» өзіне қарасты компанияларды отандық тауарларды сатып алуға міндеттеуі қазақ бизнесінің екінші тынысын ашты», дейді кәсіпкер.
Айтуынша, бір әттеген-ай бар, ол – әлі де болса импорттық өнімдердің бәсі басым екендігі.
«Алыс-жақын көршілеріміздің бәрінде өз елінде шығарылатын тауарлардың импорттан келетін баламасына шектеу енгізудің көптеген тәсілі бар. Қазір бизнесті қос өкпеден қысып тұрған факторлар іште де, сыртта да жетеді. Өз саласы бойынша айтар болсақ, импорттық скотч, полиэтилендерге түрлі демпинг қолданып, сонымен бір мезгілде тауар өндірушілер үшін коммуналдық тарифке жеңілдетілген баға арқылы қолдау көрсетуге болады. Тарифтің қазіргі деңгейі, ортадағы делдалдардың ауадан ақша жасап үйренген әбжілдігі қос өкпеден қысып барады. Үкіметке шағын және орта бизнес үшін тариф бағасын қайта қарайтын кез келді», дейді.
Кәсіпкер сөзінше, жабысқақ таспаға қажет шикізатты өз елімізде өндіруге мүмкіндік бар. Тауардың наны – полипропилен Атыраудағы KPI зауытында дайындалады.
«Сол зауыт Қытайға өте арзан бағада біз дайындайтын өнімге қажетті шикізатты сатады. Мұндай шикізат дайындайтын зауыттар Қытайда жүздеп саналады. Ал біздің жақ сол елдегі зауыттар ұсынған бағадан төмен сатады. Қажетті шикізатты біздің елден арзан бағада сатып алған қытайлық кәсіпкерлер бағасы арзан өнімдермен нарықты жаулап барады. Өткен аптада Алматыда өткен жиындардың бірінде сол зауыттың менеджерімен кездесіп, бізге де Қытайға сатқан бағамен сатуларын өтіндім. Келіспеді. Мұны «Самұрық-Қазына» шеңберінде шешуге болады. Жалпы, бізге қажет шикізатты шетелге экспорттаумен айналысатын компаниялардың өзіміздің ШОБ-қа қажетті шикізат өнімдеріне қатысты баға саясатын қайта қарайтын кезі келді», дейді Дәурен Халмет.
Айтуынша, экспортты ғана емес, ішкі нарықты да ойлау маңызды. Ішкі жалпы өнімдегі ШОБ үлесін кемі 50 пайыздан асырсақ, бизнестің күре тамырына қан жүріп, ішкі нарықтың ландшафтына айтарлықтай өзгеріс енер еді, дейді ол.
«Ішкі нарыққа қажет дүниені өз күшімізбен жапсақ, сыртқы нарықтың да жалына жармасуға болады. Бізде қазір Ресейге шығуға мүмкіндік бар. Бірақ рубльге қатысты жағдай бұл ойымызды кейінге қалдырып тұр. Қазір аймаққа филиал құрудың қажеті жоқ. Бұл да қазақ бизнесі үшін тиімді. Қазір оңтүстік облыстарда жылыжай бизнесі дамыған. Сондықтан әр аймақтың ауа райына бейімделген полиэтилен кленке шығаруды қолға алдық. Оңтүстік аймақта жылыжай бизнесімен айналысып жүрген ағайынға өнімдерімізге тапсырыс беруге болатынын айтқымыз келеді», дейді кейіпкеріміз.
Кәсіпкер Президент немесе Үкімет жанынан отандық ШОБ-тың тынысына мониторинг жасап отыратын, тек Мемлекет басшысына ғана есеп беретін агенттік немесе комитет құрылса деген тілегін де айтып қалды.
«Бұл бизнеске деген көзқарастың әртараптандырылып, кәсіпкерлікке қатысты шешім қабылдаған кезде осы саланың өкілдері пікірінің ескерілуіне жол ашар еді. Көп жағдайда отандық тауар өндірушілердің жағдайына әсер ететін тағдырлы шешімдер бизнеске мүлдем қатысы жоқ тұлғалардың айтқанымен шешіліп жатады. Кез келген индустриалды жобаларға қатысты шешімдерде бизнес өкілдерінің айтқаны ескерілсе, мемлекет қаржысы тек қажетті нүктелерге ғана бағытталып, ішкі нарықтағы тауар түрлері әртараптандырылар еді», дейді.
АЛМАТЫ