Сарысу ауданы аумағында қатты жауған нөсер жаңбырдан кейін көлбеу ағын қалыптасып, 400-ден аса үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алғаны мәлім. Ағын судан келген зардап аздай, қырдан ағып келген тал-дарақ пен қоқыс ауыл көшелерін басып қалған еді. Көшелерді қоқыстан тазарту мақсатында ықылым заманнан келе жатқан «Асар» дәстүрі қолға алынды. Тараз қаласы мен бірнеше ауданнан барған 150 ерікті елді мекендегі көшелерді тазартып, белсенділік танытты.
«Көлбеу ағын су көпшіліктің мазасын кетіргені анық. Көшелердегі ағып келген қоқысты тазалау оңай болмады. Елдік іске белсене кіріскен еріктілерге айтар алғысымыз шексіз. Дәстүрді дәріптеген жастар қиындықты бірге еңсеруге қолдан келгенше атсалысты. Осылайша, бірлікпен, берекелі тірлікпен бұл қиындықты да еңсеріп жатырмыз», дейді Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.
Алатаудың арғы бетінен бастау алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстан тазарту жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда да еріктілердің ерік-жігерінің арқасында қолға алған іс ойдағыдай атқарылды. «Жастар – Таза Қазақстан үшін!» ұранымен өткен экологиялық акцияға 200-ге жетеғабыл волонтер қатысты. Тұла бойында бұла күші тасқындаған жастар өзен бойындағы пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқыс шығарғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы «Көктем» тұрғын алабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акцияны ойдағыдай өткізуге мұрындық болған ұйымдастырушылар Тараздағы Талас өзені, Жуалы ауданы аумағындағы Теріс өзені, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалауларды қоқыстан тазартқан белсенді азаматтарды марапаттады. Науқан аясындағы жұмыстар өңірдің өзге аудандарында да үздіксіз жалғасып жатыр. Мәселен, Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында волонтерлер арасында байқау, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» секілді өзге де бірнеше конкурс ұйымдастырылғанын айта кеткен ләзім. Өткізілген байқауларға елді мекен тұрғындары белсенді қатысып, белгіленген аулалар бойынша сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Күре жол бойын, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды тазалау, көгалдарды стандартқа сай шабу жұмыстары Байзақ ауданында ұйымдастырылды. Оған белсенді азаматтар, еріктілер және жергілікті депутаттар қатысқанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ Қордай ауылының кіреберісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып қалатыны белгілі. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік өткізілді. Оған жергілікті жұрт жұмылған жұдырықтай кірісті.
Аудан орталығындағы еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аумақтарда қолдан келгенше тазарту жұмысын жүргізді. Сондай-ақ сенбілікке қатысушылар базар маңайындағы жасыл желекті суарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.
Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылғаны талас тудырмайды. Науқан басталғалы бері 500 мыңнан аса өңір тұрғыны экологиялық акцияға белсенділікпен қатысқан. Оның ішінде тұрғындар, ардагерлер мен жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар. Сондай-ақ еріктілердің ерекше еңбегі естен шығармаған дұрыс.
Экологиялық акция басталғалы бері 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, гүлбақ аумағында тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілді. Осы уақытқа дейін 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылған.
Ел бойынша өткізіліп жатқан науқанға ішкі істер саласының қызметкерлері де қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Полиция қызметкерлері осы күнге дейін тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар 381 мектепке барып, «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», тақырыптары бойынша сынып сағаттарына қатысқан.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде біраз жұмыс атқарылып жатқанына қарамастан, өкінішке қарай, қоғамдық орынды ластаушылар азаймай тұр. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, елді мекен аумақтарында абаттандыру ережелерін бұзғаны, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бүлдіргені үшін 4 510 азамат жауапқа тартылып, 10 245 300 теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Әрине, аз сома емес. Құқық бұзушылар айыппұлды төлегеннен кейін айылын жиса дейсің.
«Әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалағандар белгілі бір деңгейде құқық бұзушылықтың арты жақсылыққа апармайтынын түсінеді. Әйткенмен мұнымен мәселе толық шешілді деуге болмас. Тұрғындар бірінші кезекте экологиялық мәдениетті толықтай меңгерсе, түсінсе деген тілек бар. Азаматтар айыппұлдан қорыққаннан емес, өз қаласын, ауылын, көшесін жақсы көргендіктен заңға бағынғанын қалаймыз. Сонда ғана қоршаған орта ластанбайды. Біздің қызметкерлер өңір тұрғындарына қолдан келгенше экологиялық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмысын жалғастыра береді», дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин.
Жамбыл облысы