Экономика • 16 Шілде, 2024

Утильалымға қатысты уәж

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда утильалымға қарсы петиция бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, жиынға Өндіріс және құрылыс министрлігінің, бірқатар жауапты органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Утильалымға қатысты уәж

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев петиция­да жеңіл автокөліктер (М1 санаты) утильалымының мөлшерін 100 мың теңгеге дейін және автокөліктің қал­ған санаттарына 0 теңгеге дейін төмен­дету, ауыл шаруашылығы техникасы утильалымын толығымен жою, көлік құралдарының бастапқы тіркеу мөлшерлемесін 0,25 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету туралы айтылғанына тоқталды.

Оның сөзінше, жұмыс тобы «КАМАЗ Инжиниринг», «Қазрост Инжиниринг», «КАИК», «Hyundai Trans Almaty», «Hyundai Trans Kazakhstan», «СемАЗ», «Daewoo Bus Kazakhstan», «МТЗ Қазақ­стан», «Агромашхолдинг KZ», «Сары­арқаАвтоПром» зауыттарына барды.

Ол сондай-ақ белсенділердің «утиль­алым олигархтардың қалтасына түседі» деген сөзін жоққа шығарды. ӨҚМ өкілінің айтуынша, «Жасыл даму» АҚ барлық қызмет туралы есепті, соның ішінде аудиттен өткен қаржылық есептілікті жариялайды. Жалпы, жұмыс тобы петицияда баяндалған уәждер мен талаптарды қарастырған. Ол бойынша тиісті мемлекеттік органдар тарапынан нақты аргументтер де ұсынған.

Ә.Бектібаев петицияны қарас­тыру барысында шығу тегі беймәлім әртүрлі статистикалық мәліметті пайда­лана отырып, утильалымды енгізу автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техника бағасының күрт өсуіне, сондай-ақ автокөлік паркінің ескіруіне алып келді деген уәждер келтірілгенін атап өтті .

Департамент директорының айтуынша, қарсы тараптың келтіріп отырған деректерінің бәрі 5-6 жыл бұрынғы статистикалардан алынған.

«Бұл уәждің барлығы шын­дыққа жанаспайды. Ұлттық статистика бюросының деректері­не сай 2015 жылдың басындағы жағдай бойынша (утильалым мен бастапқы тіркеу алымы енгізілгенге дейінгі бір жылда) елде жеңіл автокөліктер паркі 4 млн бірлікті құраған. Қолданыс мерзімі 10 жылдан асқандары – 72,5% және қалған 8,2%-ы – 3 жылға дейінгілер. 2022 жылдың басына (утиль­алым мөлшерлемесі 50%-ға төмендегенге дейін) жеңіл авто­көліктер паркінде пайыз­дар үлесінің көрсеткіші оң өзге­ріске бет бұрған. Мәселен, қолданыс мерзімі 3 жылға дейін­гі автокөліктер үлесі 8,2%-дан 13,6%-ға дейін өсті, ал 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 73%-дан 63%-ға дейін төмендеді», дейді.

Алайда көлік құралда­рын заңдастыру шаралары автокө­лік паркі құрылымына кері әсерін тигізіпті. Мәселен, тек 2023 жылы елімізде алғаш рет қолданыс мерзімі 2 жылдан асқан 334 мыңнан астам автомобиль есепке қойылған. Оның 285 мыңының қолданыс мерзімі 10 жылдан асқан екен. Ішкі істер министрлігі есебіне сәйкес, қолданыс мерзімі екі жылдан асатын автокөлік бас­тапқы тіркеу саны утильалым және бастапқы тіркеу енгі­зілгеннен кейін қысқарған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қазір ауыл шаруа­шылығы техникасының 80%-ын отандық кәсіпорындар құрастырып жатыр. Олардың утильалымға еш қатысы жоқ. Ал шетелден әкелінетін 20%-ға жуық таңдаулы техниканың жылы жаңа болса, одан алынатын бастапқы төлем мен утиль-
алым да аса көп болмайды.

Қоғамдық тыңдаудың қоры­тындысы бойынша Ә.Бектібаев петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды. «Петицияда көрсетілген уәждердің шын­дыққа жанаспайтынын еске­ре отырып, сондай-ақ ше­шім жобасын жария талқы­лау барысында қосымша негіз­демелер ұсынылмағанын ескере отырып, петицияны қа­нағаттандырудан бас тарту ұсынылады. Түпкілікті ше­шім Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекстің 90-6-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылданатын болады», деп түйіндеді ол.