Фото: advisor.travel
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 6 айда су заңнамасын сақтау бойынша 55 тексеріс жүргізіп, 103 құқық бұзушылық анықтаған, кемшіліктерді жою бойынша 42 нұсқама берілген.
Жалпы сомасы 12,9 млн теңгеге 143 әкімшілік айыппұл салынған, ал 11,9 млн теңге көлемінде 127 әкімшілік айыппұл өндірілді, 16 әкімшілік іс сотқа берілді.
«Министрліктің бассейндік инспекциялары су заңнамасының сақталуын қадағалайды. Құқық бұзушылықтарға қарсы күресті күшейту үшін ведомствода Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде комитет құрылды. Бұл су ресурстарын заңсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жуырда Жамбыл облысында тексеріс жүргізіліп, нәтижесі бойынша материалдар Бас прокуратураға жіберілді. Су саласындағы ашықтық министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі. Сондай-ақ комитет суды заңсыз пайдаланумен, оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен және еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күресетін болады», деді сала министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.