Әдебиет • 17 Шілде, 2024

Қазыналы «Зүмірет»

89 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыс тақырыбы – қойнын қазса кені таусылмас кемел та­­қы­рып. Өткен ғасырда шы­ғыс-мұ­сылман әдебиеті ег­жей-тег­жей зерттеле қоймаға­ны­мен, тәуелсіздік жылдары жұм­бақ мүйіске дендей ену­шілер ар­тып келеді.

Шығыстанушы, аудармашы, жазушы Айнаш Қасымның «Зүмірет» кітабы жарық көріп отыр. Жинақ «Шығыстың шынарлары», «Наурыз нақыштары», «Сұхбаттар сапы», «Әңгі­мелер әлемі» атты төрт бөлімнен тұрады. «Асыл кітап» баспасынан шыққан кітапта төл тілімізге тұң­ғыш аударылып, рухани кеңістігімізді байытқан құнды дүниелер бар. Кітап­тың алғысөзінде ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы ба­йыпты пікі­рімен бөліседі.

– Айнаштың кез келген шығар­ма­сын, сұхбаттарын, мақалаларын бір-бірі­­нен бөле қарауға келмейді. Тұтас дү­ние­нің бір шетіне түссеңіз, екінші ше­ті­не шыққанша, өзіңіз де айналсоқтап жүріп қаласыз. Өйт­кені қанша шет-жағасын білеміз десек те, бізге бәрібір жұмбақ та бай­тақ әлем екені сезіліп қалатын ежел­гі Шығыс әдебиетінің сон­шама ғасыр­лық сорабының шегіне жету мүм­кін емес. Осы тұрғыдан келгенде сіз­ге Айнаш шы­ғармалары жол нұс­қайды. Ғаламдық өркениет­те айтар­лықтай орны бар парсы мәде­ние­ті­нің қыр-сырын Айнаштай мең­герген қаламгер бізде көп емес, –дейді Ұларбек Дәлейұлы.

Әйгілі Гёте «олардың ең осалы ­ме­нен мықты» деп тамсана таң­дай қақ­қан парсы шайырларын түпнұсқа­дан аудару ісі – ұлт әдебиетіне қосыл­ған орасан зор үлес. Айнаш Қасым ежелгі шайырлар мен қатар жиырмасын­шы ғасырдағы Иран ақындарын қазақ тілі­не аударуда елеулі еңбек етіп келеді. Нима Юшидж, Сохраб Сепехри, Фе­рух Феризат, Ахмет Шамлу сынды жаңа тынысты парсы ақындарының өмірі мен шығармашылығы ғалымның қала­мы­мен кестелі көрініс тапқан. Жинақ­та «Фирдоуси – ақылды асқақ тұтқан ақын», «Омар Хайям рубаиларын­­­дағы шараптың шындығы» секілді астар­­ға бай мақалалар оқырманның тал­ға­мын өсіреді. Сонымен қатар Моуләви, Сағди, Хафиз, Парвин сынды заманалар көшіне із салған дүлдүлдер­дің ғұмырына қанығуға болады. Автор нені жазса да ұлттың диірменіне салып, қа­зақ ақындарымен салыстырып, өлшеп отырады.

– Айнаштың зерттеу тақырыбы­нан бөлек, оқырманды өзіне жақын­да­­­тар тағы бір қыры – жазушылығы. ­Сөз басында «Айнаштың кез келген ­шы­ғармасын, сұхбаттарын, мақа­ла­ларын бір-бірінен бөле қарауға кел­мейді» дегенім сондықтан. Адам пен­десінің, оның ішінде жазумен «ауы­ратын» жан­дардың жақсылыққа асығатыны сияқты, жақсы дүниелерді оқуға да асығатыны бар. «Құран дарбазасына» үңілсеңіз де, «Ноғайдың қызын» оқысаңыз да, кездесетіні­ңіз – сол бір сызық бойындағы, бі­рақ әртүрлі бояу­­дағы қым-қиғаш, күр­делі әлем. Бар­лық шығармасын бір көген­­ге тізіп, шетінен көрсету – мақсат емес. Оны ойлы оқыр­ман өзі-ақ жіктеп, санама­лап алады. Біз­дің айтпағы­­мыз, «Зүмі­рет» – қазақ қоғамына аса қа­жет һәм­ қым­бат кітап,–дейді Ұларбек Дәлейұлы.

Наурызнама – ұлтымыз үшін баға­лы тақырып. Тамырын тереңнен алған көне мейрам – еліміздің төбеге ұстар мерекелерінің бірі. Жинақта Нау­рыз жөнінде пайымды пікірлер мен маз­мұнды мәліметтер қамтылған. Сонау Омар Хайямнан бастап, көптеген ойшылдар ат салысқан айдарлы тақы­рып жаңа қырынан көрініс табады.

Айта кетейік, автордың бұған дейін «Абай және парсы әдебиеті» жина­ғы, Иранның жаңа дәуір әдебиетін­дегі көр­некті жазушылардың әртүр­лі тақы­­рыпты қамтыған «Іңкәрлік» кіта­бы жарық көрген. Сонымен қ­атар парсы тілі­нен балалар мен жас­өс­пірім­дерге арналған Фарид-ед-дин Әттар­дың «Әулиелер шежіресі», Мұхам­мед ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихы», Мохсен Хеджридің «Жарық жұлдыз», т.б. шығармалар төл тілімізде аударылып шықты.